28 қыркүйек күнi Мәлiк Ғабдуллин музейi мен Жақсы аудандық кiтапханасының бiрлесе ұйымдастырумен «Батырлар туған бақ мекен» жобасы аясында Жақсы ауданы Ишим ауылдық округiнде Кенесары ханның қолбасшысы Баубек батырға арналған «Баубек батыр өнегесi: ақиқат пен аңыз» ғылыми конференция өттi.
Iс-шараға белгiлi ғалымдар, қаламгерлер, зиялы қауым өкiлдерi, Ресей федерациясы Түмен және Ишим қалаларынан келген арнайы делегация, батырдың ұрпақтары, облыс пен ауданның құрметтi тұрғындары мен қонақтары және БАҚ өкiлдерi қатысты.
Конференцияда ф.ғ.к., Ш.Уәлиханов атындағы КМУ профессор м.а Сәбит Жәмбек, гуманитарлық ғылымдар магистрi, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ оқытушысы Ғалымтай Төлепбергенов, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының магистрi Асылбек Байтан баяндама жасаса, белгiлi ақын Қорғанбек Аманжол Баубек батырға арнаған арнауын оқыды. Музей қызметкерлерiнiң еңбегiмен жарыққа шыққан «Жақсының жақсысы Баубек батыр» атты кiтаптың тұсаукесерi өтiп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына М.Ғабдуллин музейiнiң дайындаған Баубек батыр туралы театрландырылған қойылымы да өте сәттi шықты.
Iс-шара барысында балуандар күресi мен ат бәйгесiн ұйымдастырылды. 10 шақырымдық құнан жарыста Нұрбеков Медеттiң құнаны — "Аседдон" 3-шi (Ешiм ауылынан), Мұхамеджанов Кенженiң байталы — "Шаңтимес" атты байталы 2-шi (Жақсы ауданынан), Олжас Сүлейменовтың байталы — "Жұлдыз" (Қима ауылынан) 1-шi болып мәреге жеттi. Ал 25 шақырымдық бәйгеде сөреден суырылып шығып, алдына жылқы салмай шапқан Зерендi ауданының, Жаңатiлек ауылының жүйрiгi Нұролла Диас атбегiнiң "Хасжиренi" бiрiншi келдi. Екiншi орын Влад Никишовтың "Загданына" (Қима ауылы) бұйырды. Бiр таңқаларлығы, бұған дейiн талай бәйгеде топ жарған, иесiне 18 көлiк мiнгiзген, сонау Тараздан келген Нұрдәулет Жұманазардың "Ұлар" атты тұлпары мәре сызығын үшiншi болып қиды.
28.09.2018
Қараулар: 2764