Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәліктану

Жас қазақ (DOCX 61 Kb)

Қаһарлы сөз қамал бұзар

Соғыста, майданға жауға қарсы қолданылатын қарулы күштiң бiрi — халықтың данышпандық қаһарлы сөзi, поэзиясы. Өткен соғыстарда, батырлар жорығында да поэзияның, тапқыр дана сөздiң орынды жерiнде қолданылғаны көпшiлiкке мәлiм емес пе? Махамбет батыр:

«Ел шетiне жау келсе,
Азамат ердiң баласы
Намысына шыдай ма?
Жаттан көмек сұрай ма?
Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Жолдастарым, мұңайма» –

деп, жауынгер жолдастарының жүрегiне намыс отын тұтатқанын кiм бiлмейдi? Соғыс дегенiмiз белгiлi бiр сарынмен жүрiп отыратын нәрсе емес, ол әр алуан жағдайлы болады. Осы жағдайларды басынан кешiрушi — жауынгер.

Жауынгер майданда жеткен табысына қуанады, кейде қолайсыз жағдайға түсiп қалғанына қынжылатын кездерi де болады. Осындай қынжылысты сейiлту үшiн, жауынгерлердi жiгерлендiрiп, қиыншылықты жеңуге аттандыру үшiн берiлетiн айбынды бұйрықтың әсерiмен бiрге, халықтың қара тасты қақ жаратын өткiр поэзиясының, данышпандық мақал–мәтелдерiнiң әсерi, ықпалы өте күштi болады. Мұны қазiргi соғыс жағдайы әбден анықтады. Бiр мысал келтiрейiн.

К. станциясы үшiн басталған сұрапыл ұрыс үшiншi күнге созылып барады. Жоғары командованиенiң бұйрығы бойынша К. станциясын қайткен күнде де жауға бермеу керек, жаудың шабуылын тоқтатып, оны қуып шығу керек. Осы бұйрықты орындау үшiн аттанған полктiң бiрi Бауыржан Момышұлы бастаған атқыштар полкi болатын.

Бауыржан полктiң командалық пунктiнде отыр. Бұдан 4 күн бұрын ол бiр батальонды жауға қарсы шабуылға өзi бастап апарғанда жаралы болған едi. Дәрiгерлер жарасын таңып, емделуге жiберемiз дегенде Бауыржан одан бас тартқан, тыңдамаған. Полкке командир болып тағайындалғанына алты-жетi-ақ күн болды, сондықтан, ол полкiн тастап кеткiсi келмедi. Бас жарылса, бөрiк iшiнде, ал мынадай жарамен кейiн кету полктi қалдырып кету, ар-намысыма, адамгершiлiгiме, жiгiтшiлiгiме сыймайды, өлсем осы арада полкпен бiрге өлемiн деп тоқтам жасаған Бауыржан. Мiне, қазiр ол жарасын таңдырып алып, полктiң командалық пунктiнде отыр, үйдiң төр жағында кровать, оның үстiнде Бауыржан, қасында бiрнеше телефон. Ол осы телефон арқылы ғана бүкiл полкiне команда беруде, хал-жайды телефон арқылы бiлуде. Майдан сахнасында не болып жатқанын ол өз көзiмен көргiсi-ақ келедi, бiрақ жарасы оған мүмкiншiлiк бермей, төсекке жатқызып едi.

Бауыржан әрбiр 5–10 минут сайын, кейде одан да жиi, батальондарға телефон соғып, жағдай қалай болып жатқанын бiлiп отырды, не iстеу керек екендiктерiн айтып қысқа–қысқа бұйрық берумен отыр.

Телефон арқылы батальон командирлерi Бауыржанға хал-жағдайларын баяндауда. Олар жаудың шабуылы өте күштi екенiн, өздерi бiраз шығынға ұшырағанын айтуда. Соңғы бiр жарты сағаттың iшiнде екiншi және үшiншi батальонның командирлерi Беков пен Жуков «халiмiз қиындап барады, жаудың қысымы күшеюде, шығынымыз молырақ бола бастады» дей бердi. Бұған Бауыржан қорғау шептерiңдi мықтап ұстаңдар, қасықтай қан қалғанша соғысыңдар деп бұйрық бердi.

Беков пен Жуковтың Бауыржаннан күткенi мынау едi: полк командирi шегiнуге рұқсат берсе екен деп ойлаған едi, бiрақ ол ойлары болмады. Сондықтан олар бiрiншi батальонның командирi Сламқұлов Мұхамбетқұлға телефон шалды. «Полк командирiне таныссың ғой, жағдайды айтсайшы», — дестi.

Әрi-берiден соң, күнiмен үндемеген Сламқұлов телефон трубкасын алды да Бауыржанға жағдайды баян еттi. Бауыржан оған да Бековтарға берген жауабын айтты. Бiраздан кейiн Сламқұлов тағы да хал-жағдайын баяндады. Оны Бауыржан жақсылап тыңдады.

– Әй, Мұқан, — дедi Бауыржан, — қазақтың «Ердi намыс, қоянды қамыс өлтiредi» деген мақалын бiлмеушi ме едiң?

– Я, бiлушi ем.

–Бiлсең, менiң бұйрығым сол. Жағдайыңды айта берiп не қыласың. Оны мен бiлмей отыр дейсiң бе? Бұдан әрi не iстеймiн десең де ерiк өзiңде…

– Айналайын, Баукеш-ай, тұрдым орнымда. Орындаймын бұйрығыңды, — дедi Мұхамбетқұл, — Аздап тоңып тұрмын, бiрдеңе жiбертшi.

Бауыржан Мұқаңның тiлеген орындады.

Күн қатты аяз болатын. Мұхаң телефон трубкасын алып:

– Ау, Баукеш, қалқам, тыңдап тұрсың ба? (Мұхаңның жасы Бауыржаннан үлкен болатын). Кеттiм атакаға. Не жауды өлтiрiп келем, не өлемiн! Қалқам-ай, данышпансың-ау, сенiң бұйрығың қазақтың мақалымен бiрдей ғой маған. Бұл маған не iстесең, соны iсте дегенiң ғой. Барлық жағдайды адамгершiлiк ар-намысыма тапсырғаның ғой. Орындаймын бұйрығыңды, қазақ баласы деген атағымызға шәк келтiрмеймiн.

Түс ауа бiздiң артиллеристерiмiз К. станциясының оңтүстiк батыс жағын қатты дүрсiлдiң астына алды. Осыны пайдаланып, полктер шабуылға шықты. Шабуылдың алдыңғы қатарында Мұхамбетқұл Сламқұлов бастаған бiрiншi батальон кетiп бара жатты…

К. станциясын мықтап қорғау керек деген Командованиенiң бұйрығы осылай орындалған едi. Оны тек қорғап қана қойған жоқ, осы арадан жауға қарсы қатты шабуыл басталған едi. Бұл 1941 жылдың декабрь айының бас кезi болатын. Мiне, майданда қазақ мақалының күшi осылай көрiнген едi. Қазақ халқының тамаша-тамаша мақалдары жауынгерлердi жiгерлендiруде өте керек құралдың бiрi. Осы құралды молынан пайдаланушының бiрi — гвардия полковнигi Бауыржан Момышұлы болды.

Бауыржан қазақ әдебиетiн өте жоғары бағалап, тамаша пiкiрлер айтады. Кей уақыттарда, кезi келiп оған бара қалсаң, айтар әңгiмемiз әдебиет туралы болады.

Тылдағы кейбiр жолдастар Бауыржанды долбарлы қара күштiң, қолма-қол ұрыс, айғайдың иесi деп бағалайтын сияқты. Бұл қате, Бауыржанға берiлген терiс қате. Ең алдымен, Бауыржан — ақыл мен ойдың иесi, барлық қасиетi бойына жиналған, адамгершiлiгi, ерлiгi, жiгiтшiлiгi күштi, шын мағынасындағы қолбасшы, командир. Егер М.Горький «Адам деген — ардақты ат» деп шын мәнiсiндегi тұлғалы адамды айтса, сол адамның бiрi осы Бауыржан. Бұл — ең бастысы. Екiншiден, ол өжет пен өткiрлiктiң, қайраттың иесi, өте батыл адам.

Бауыржан қазақ мақалын жақсы көрiп, оны орынды, дұрыс пайдаланумен ғана шектелген жоқ. Ол өмiрдi, жалпы жағдайды бағалай келiп, соған қорытынды жасап, талай-талай мақалдар шығарды. Мәселен: «Намысты нанға сатпа», «Қырағының көзi де батыр, өзi де батыр». «Тәртiп — тән үшiн, ынтымақ жан үшiн керек»,«Тiзе бүгiп, тiрi жүргеннен, тiке тұрып, өлген артық».

«Ана үшiн аянба– ант ұрады,
Бала үшiн аянба– бетiң күйедi»,
«Ел үшiн аянба– ерлiгiңе сын,
Жұрт үшiн аянба– жiгiттiгiңе сын».
«Ел дегенде– езiлiп, жұрт дегенде– жұмылып iсте».

«Батыр — батыр емес, батырларды бастаған батыр» деген әлденеше мақалдары бар. Бұл мақалдардың қайсысының болса да белгiлi оқиғасы бар. Соларға берген Бауыржанның қорытындысы осылар.

Қазақ мақалы, оның данышпандық сөздерi жауынгер үшiн өте керек. Махамбет ақын, әрi батыр болып қалың қолды бастағанда, күштi құрал етiп халық қазынасы — асыл сөздi, поэзияны жолдас еттi. Осы дәстүрдi мықтап ұстаған қазiргi адамның бiрi — Бауыржан.

Бiз қас жауды қарумен де, халықтың қаһарлы сөзiмен де қиратудамыз. Халық сөзi, оның данышпандық мақалдары, бiзге зеңбiрек, танк, винтовка, автомат қандай қызмет етсе, олар да сондай қызмет етуде.

Майдандағы армия, 1943 ж.

Мақаланың шыққан күні: 08.09.2016 15:40

Парақтағы соңғы өзгерістер: 14.01.2021 10:31

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау