Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен қызметi туралы ақпарат
Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигi, КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбегi сiңген қайраткер, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, аса көрнектi педагог, жазушы, қоғам қайраткерi Ғабдуллин Мәлiк Ғабдоллаұлы 1915 жылы қарашаның 15-жұлдызында Көкшетау облысы Зерендi ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келдi.
1941-1945 жылдары атақты Панфилов дивизиясының құрамында болып, Мәскеу қаласын қорғауда ерлiгiмен көзге түсiп, сол ерлiгi аңызға айналған Мәлiк Ғабдуллиннiң есiмi Ұлы Отан соғысы тарихында алтын әрiптермен жазылған.
Немiс-фашист басқыншыларымен шайқаста көрсеткен ерлiктерi үшiн 1943 жылдың 30 қаңтарында КСРО Жоғары Кеңесiнiң Жарлығымен «Ленин» орденi және Алтын Жұлдыз медалiмен марапатталып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
М.Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры және Академик атағына ие болған бiрден-бiр белгiлi әрi көрнектi тұлға болатын.
1946 ж. әскерден босап келгеннен кейiн 1948 жылдың 15 қарашасына дейiн ҚазССР Ғылым Академиясында директордың орынбасары, кейiн осы институттың директоры болып қызмет атқарды.
1959 жылы оған филология ғылымдарының докторы атағы берiлдi.
1967 ж. КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының толық мүшесi, академигi болып сайланды.
1963 жылдан 1973 жылға дейiн М.Ғабдуллин ҚазССР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында фольклор бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқарды.
М.Ғабдуллиннiң әдеби қызметi 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиетi туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Ол ҚазССР Ғылым Академиясының қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көрген “Қазақ әдебиетiнiң тарихы” кiтабының негiзгi авторларының бiрi. Қазақ мектептерiнiң 8-сыныбына арналған «Қазақ әдебиетi», Педагогика институты студенттерiне арналған «Қазақ фольклоры», «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес», «Фольклор және әдебиет» еңбектерiнiң авторы. Т.Сыдықовпен бiрiгiп «Қазақ халқының батырлық жыры» монографиясын, көрнектi қазақ жазушыларының шығармашылығы туралы бiрнеше сын мақалаларын жазды. М.Ғабдуллин қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол үш мәрте (1946-1958жж.) КСРО Жоғары Кеңесiне депутат болып сайланды.
Мәлiк Ғабдуллин — ерлiгiмен батырлық биiгiне, ғалымдығымен доктор, профессор, академик шыңына көтерiлген, қаламгерлiкте майдан шежiресiн жазып, майдандас достарының аттарын тарихта қалдырған жазушы, Педагогикада ұстаздардың ұстазы атанған, үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесiне депутаттыққа сайланып мемлекет қайраткерi дәрежесiне жеткен, адамгершiлiк пен азаматтықтың үлгiсiн көрсеткен қазақ халқының ұлы перзенттерiнiң бiрi. Бiрегей тұлға.
М.Ғабдуллин 1973 жылдың 2 қаңтарында қайтыс болды.
Алматы, Астана және Көкшетау қалаларының көшелерiне М.Ғабдуллин аты берiлдi. Өзi тұрған және жұмыс iстеген үйлерге мемориалдық тақталар қойылды. Көкшетау қаласында музейi ашылды.