Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Астана жастар көзімен»

24 сәуiр күнi Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң жас мамандары ҚР Тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жарияланған "Жастар жылы" аясында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына iс-сапарға келдi. Сапар барысында астанамыздың тарихи-мәдени нысандарын тамашалап, тарихына қысқаша шолу жасалды. Елордадағы алғашқы аялдамамыз қаланың қақ ортасында орналасқан Қараөткел мұсылмандар зираты болды. Зиратттың тарихына сүйенер болсақ, қазақтың соңғы ханы Кенесарының әскербасылары мен мемлекет қайраткерi, Ақмола өңiрiнiң тумасы Смағұл Сәдуәқасов пен Балуан Шолақтың ғашығы Ғалия анамыз дәл осы 4 ғасырлық тарихы бар мұсылмандар зиратында жерленген екен. Бiз зираттың толыққанды тарихымен танысып, аруақтардың рухына тағзым еттiк.

Сонымен қатар астананың ғана емес, күллi Қазақстанның нышанына айналған бәйтеректе болып, ондағы "Аялы Алақан" және "Бата" композицияларын өз көзiмiзбен көрiп қайттық. Одан әрi Тәуелсiздiк алаңында орналасқан қазақ елiнiң егемендiгiн бейнелейтiн "Қазақ елi" мемориалды кешенi мен "Бейбiтшiлiк қабырғасына" саяхат жасадық.

25 сәуiр күнi Елордадағы сапарымыз Алаш қайраткерi, Мәлiк Ғабдуллиннiң ұстазы Сәкен Сейфуллин музейiнде өз жалғасын тапты. Музейдiң экспозиция залдарымен тәжiрибелi экскурсовод Гүлсара Құсайынова таныстырды. Музей қызметкерлерi бiр-бiрлерiмен пiкiр алмасып, өз тәжiрибелерiмен бөлiстi. Музей қызметкерлерi одан әрi Атыраудың символы саналатын балық пiшiнiнде тұрғызылған көпiрдi тамашалады. Сырт келбетi заманауи үлгiге сай, әлемдiк сәулет өнерiнiң үрдiсi бойынша безендiрiлген дизайны көздiң жауын алады. Бүгiнде бұл көпiр шын мәнiсiнде астаналықтар мен қала қонақтарының серуендеп тынығатын ерекше орнына айналған.

Сондай-ақ, музей жастары Елорданың жас та болса, жасампаз өнер ордасы Жастар театрына атбасын тiредi. Театр ғимаратының iшiне кiрiп, танысып шықтық. Бiрақ театр әртiстерiнiң құрамы Түркия елiне гастрольге шығып кеткендiктен, қойылымын көрiп қайтудың мүмкiндiгi болмады. Осылайша бiздiң жастар жылы аясында Елорда төрiне жасалған сапарымыз аяқталды. Бiз үшiн өте қызықты сапар болды. Алдағы уақытта осы екi күн аралығында болған мәдени нысандардың қысқаша тарихы баяндалатын бейнеролик пен «Астана жастар көзiмен» атты көрме көпшiлiк назарына ұсынылатын болады.

24.04.2019

Қараулар: 1139

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау