Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Майдангерлер мұрасы

9 мамыр — Жеңiс күнi. Бұл — Отан қорғаудағы өшпес ерлiк пен өлшеусiз даңқтың, халқымыздың шексiз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесi. Осы мерекеге орай М.Ғабдуллин музейi ашық аспан астындағы «Майдангерлер мұрасы» көрмесiн ұйымдастырып, көкшетаулықтар мен қала қонақтарына 6-шы мамыр күнi есiгiн айқара ашты.

Көрменiң мақсаты: Ұрпақтан ұрпаққа айбын, мақтаныш болған батырларымыздың, халқының тыныштығын ойлаған азаматтарымыздың жүрiп өткен жолы мен ерлiкке толы еңбектерiн насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың санасына сiңiру, жас ұрпақтың бойында патриотизм сезiмiн қалыптастыру, отансүйгiштiкке тәрбиелеу, аға ұрпақтың тарих алдындағы еңбектерiне лайықты баға беру, құрмет көрсету.

Көрмеге ынтымақтастық меморандум негiзiнде Көкшетау техникалық институты, облыстық сот пен Полиция Департаментiнiң музейлерi өз жәдiгерлерiн әкелiп қойды.

Мәлiк Ғабдуллин музейi көрмеге ҰОС ардагерлерiнiң жеке қорларындағы материалдар, құжаттар, фотосуреттер, сондай-ақ соғыс ардагерлерiнiң ұрпақтары музей қорына уақытша сақтап, пайдалануға берген соғыс ардагерлерi: Ж.Рамазановтың, Б.Батырхановтың, С.Айтпаевтың орден, медальдары тағылған костюмдерi мен құжаттарын қойды.

Ақмола облыстық сотының музейi соғысқа қатысқан майдангер-судьялардың әскери наградаларын, құжаттары мен фотосуреттерiн көрмеге ұсынды.

Ақмола облысы Полиция Департаментiне қарасты музей көрмеге Ұлы Отан соғысының қатысушылары Айдархан Байкенов, Иван Емелиннiң наградалар тағылған костюмдерiн, сонымен қатар, екiншi дүниежүзiлiк соғысында қолданылған қару-жарақтар, соғыс жайлы жазылған кiтаптар мен брошюралар, мерзiмдi басылымдарда жарияланған соғыс ардагерлерi туралы материалдар ұсынды.

Сондай-ақ, миллиондар тағдырын жалмаған соғысқа қатысқан жауынгерлер ұрпақтарының жан жарасын жазу үшiн қолдарынан келген көмектерiн көрсетiп жүрген «Көкше-iздеу» әскери-патриоттық iздестiру клубының майдан даласынан жинақтаған жәдiгерлерi қойылды.

Көрменiң ашылу салтанатына Ақмола облысы әкiмшiлiгiнiң өкiлдерi, Ақмола облысының мемлекет және қоғам белсендiлерi, Ақмола облысы мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасы, ҚР IIМ КТЖ Көкшетау техникалық институты, Ақмола облыстық соты, Ақмола облысы Полиция Департаментi, Қазақ гуманитарлық-техникалық колледжiнiң жанынан құрылған «Көкше-iздеу» әскери-патриоттық iздестiру клубы, Ақан сeрi атындағы мәдeниeт коллeджi, қала тұрғындары, БАҚ өкiлдерi қатысты.

Әскери шатырда ұйымдастырылатын көрмелер кезең-кезеңiмен маусым айының соңына дейiн келушiлерге қызмет көрсетедi.

Ашық аспан астындағы шатыр iшiнде ұйымдастырылған «Майдангерлер мұрасы» көрмесiне барлығы 340 жәдiгер қойылды. Оның iшiнде 147 экспонатты М.Ғабдуллин музейi, 105 экспонатты Ақмола облысы Полиция Департаментi, 88 экспонатты Ақмола облысы соты ұсынды.

06.05.2021

Қараулар: 1605

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау