Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Батырлық салты – ұрпақ сабақтастығы»

30 қаңтар — Мәлiк Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берiлген күн. Бұл Алтын жұлдыздың бағасы қазақ халқы үшiн өте қымбат. Соғыс басталған күннен бастап небiр ерен ерлiктi жасаған қазақ жауынгерлерiнiң қаһармандығы дәл осы күнi мойындалғандай едi. Содан да М.Ғабдуллин «Батыр атағына ие болған мен емеспiн. Ол қазақ халқына берiлген атақ.»-деп айтқан болар…

Осы айтулы күнге орай Мәлiк Ғабдуллин музейi жылдағы дәстүрден жаңылмай, №3 Красный яр орта мектеп-гимназиясында Мәлiк Ғабдуллиннiң батыр атағын алған күнiне орай «Батырлық салты — ұрпақ сабақтастығы» атты кеш өткiздi.

Кеш барысында Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн «Ғажайып өмiр баспалдақтары» атты жылжымалы көрме мен Мәлiк батырдың елге келген сапарынан түсiрiлген 1943 жылғы деректi фильм көпшiлiк назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс iстеп келе жатқан М.Ғабдуллин атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы жаңа мүшелермен толықтырылды.

«Жас ұлан» әскери-патриотық клубына қабылданған жас ұландар салтанатты түрде ант берiп, оларға мүшелiк билеттердi ауған соғысы ардагерлерi мен мүгедектерi одағының бастығы Д.Қ.Ыбыраев пен Красный Яр селолық округiнiң әкiмi Н.Қ.Айсин табыстады.

Оқтай тiзiлiп тұрған жас ұландардың өмiрлерiндегi ең алғашқы жауапкершiлiкке толы қадамдарын құптап, ант қабылдаған ұландарды М.Ғабдуллин музейiнiң бас қор сақтаушысы С.Қ.Жүзжанова, №3 Красный Яр орта мектеп-гимназиясының оқу iсiнiң меңгерушiсi С.Н.Жұмағұлова құттықтап, сәт-сапар тiледi.

Бiз даңқты жерлесiмiз Мәлiк Ғабдуллиндi екiншi дүниежүзiлiк соғыстың батыры ретiнде танимыз. Ал, бейбiт күнде ерең ерлiктiң үлгiсiн көрсеткен Тәуелсiз Қазақстанның бүгiнгi күннiң батырларын да ұмытпай, өсiп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге ретiнде көрсете бiлуiмiз керек.

Кешке арнайы келiп, сөз алған Ақмола облысы «Өрт сөндiру және авариялық құтқару жұмыстары» мекемесiнiң қызметкерлерi, «Ерен ерлiгi үшiн» медалiнiң иегерi, мамандандырылған өрт сөндiру бөлiмiнiң командирi А.Т. Қалиев пен аға инженер Ә.Д.Сәрсенбай болашақ жас ұрпаққа қазiргi таңда батырлықтың небiр үлгiлерiн жасап жатқан ақмолалық жерлестерiмiздiң оқиғаларын баяндап бердi.

Осылайша, бiз кешегi мен бүгiнгiнiң һас батырларын болашақ жас өрендерге үлгi ете отырып, бейбiт күнде Мәлiк батырдың лайықты iзбасарларының барына марқайып қалдық. Сондықтан жас буынды дәл осы бағытта тәрбиелеудiң маңызы зор екенiн бiлемiз.

30.01.2020

Қараулар: 1145

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау