ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға әскери қызметшілер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қонақтар қатысты. Дәрісхананың ашылуы – халқымыздың қаһарман перзенті Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолын ұлықтап, оның бай мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды рухани шара болды.
Салтанатты жиында ҚР Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Қайырбекұлы Сәрсенов құттықтау сөз сөйлеп, батыр есімін дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ запастағы полиция полковнигі, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабибулла Хамитұлы Ғазизов өз лебізін білдіріп, Мәлік Ғабдуллиннің ел тарихындағы ерекше орны туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Шара барысында Азамат Қаділдің орындауындағы «Мақтанамын» әні шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Дәрісхананың ашылу рәсімінде 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Берік Қожахметов, ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенұлы Хасенов және запастағы полиция полковнигі, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабибулла Хамитұлы Ғазизов салтанатты түрде лента қиып, жаңа дәрісхананың есігін ашты.
Шара аясында қатысушылар Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен жауынгерлік жолына арналған дәрісханамен танысып, батыр туралы 1943 жылы түсірілген тарихи деректі фильмді тамашалады.
Кездесу барысында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Мерекеұлы Қонқаев, ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы генерал-майор Жұмабек Хасенұлы Хасенов және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабек сөз сөйлеп, батырдың өмірі мен мұрасының тарихи және тәрбиелік маңызы жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана әскери қызметшілердің бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, елдік пен ерліктің құндылықтарын дәріптейтін тағылым ордасына айналары сөзсіз.

11.06.2026
Қараулар: 132