Республика күні қарсаңында Көкшетауда Ақмола облысы мәдениет басқармасына қарасты «Мәлік Ғабдуллин музейі» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ел ертеңі – балалар көзімен» атты жас суретшілер байқауы өтті.
Байқауға қала мектептерінің 8–10 сынып оқушылары қатысып, туған жердің бүгінгі келбеті мен жарқын болашағын қылқалам арқылы бейнеледі. Әр суреттен балғын қиял, елге деген сүйіспеншілік пен ертеңге деген сенім сезіледі.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды №2 мектеп-лицейінің оқушысы Милана Лобова иеленсе, екінші орын Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушысы Жансая Қанатқа бұйырды. Ал үшінші орынға №12 мектептің оқушысы Сарсенбаева Айлана лайық деп танылды.
Бұдан бөлек, байқаудың арнайы аталымдары бойынша «Сурет салу техникасы» аталымында Мария Радченко, «Сюжеттік композиция» номинациясында Дарья Петровская, ал «Көрікті Көкшем менің» аталымында Варвара Шубарцева жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, жас таланттарды өнерге баулыған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды. Байқаудың ең қуанышты сәттерінің бірі – жеңімпаздардың туындылары музей қорына қабылданып, келер ұрпаққа мұра болып қалмақ. Өнерге құштар жас ұрпақтың әрбір жетістігі – ел болашағына деген үміттің жарқын көрінісі.
Бүгін қылқаламмен ойын жеткізген балалар ертең ел мәдениетіне үлес қосар дарынды тұлғаларға айналсын! Жас суретшілерге шабыт, шығармашылық табыс және жаңа жеңістер тілейміз!

15.10.2026
Қараулар: 24