Көкшетауда Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 111 жыл толуына орай «Батырға тағзым» рәсімі өтті
Ерлік ешқашан ескірмейді, батыр есімі ешқашан ұмытылмайды! Өйткені ел үшін жасалған ерлік – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін ұлы мұра. 15 қараша – Кеңес Одағының Батыры, академик, көрнекті жазушы, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туған күні. Осы айтулы датаға орай Көкшетау қаласындағы Орталық қалалық саябақтың «Даңқ» аллеясында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен «Батырға тағзым» атты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шараның шымылдығын Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Қонқаев ашып, жиынға модераторлық жасады. Ол өз сөзінде батыр есімін ұлықтау, оның өнегелі өмір жолы мен өшпес ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Батыр ескерткішінің алдына жиналған жұртшылық қаһарманның рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Шараға Ақмола облысының мәдениет басқармасының өкілдері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының басшылығы мен офицерлік құрамы, ардагерлер, құрметті қонақтар, білім беру ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов пен Ақмола облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» одағының төрағасы Дуанбай Ыбырай сөз сөйлеп, батырдың қаһармандық ерлігіне, өнегелі өмір жолына және кейінгі ұрпақ үшін қалдырған рухани мұрасына тоқталды.
Мәлік Ғабдуллин майдан даласында ерлігімен танылып, бейбіт өмірде ғылым мен әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Оның өмір жолы – қайсарлық пен парасаттылықтың, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Батырға тағзым ету – өткенге құрмет қана емес, болашаққа аманат! Бүгінгі ұрпақ батыр есімін ұлықтау арқылы елдік рухты асқақтатып, ерлік дәстүрінің сабақтастығын жалғастырады.

15.11.2026
Қараулар: 49