Б. Айтмаганбетова
Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң
ғылыми қызметкерi
«Батырлық бiзге айдаладан келген жоқ, батырлық бiздiң салтымыз» — дейдi, батыр Мәлiк Ғабдуллин қолжазбаларында. Осы салмақты, салиқалы сөзге нақтылық келтiрер болсам, 1944 жылдың 26 сәуiрiнде Бауыржан Момышұлына жазған хатында, «Сөз сарыны мынадай ғой: Қазақ — қазақ болғалы көп ғасыр өттi. Оның барлық ерлiк-батырлық салты бүгiн ғана пайда болған емес. Ол ертеден келе жатыр. Кешегi батыр бабаларымыз батырлықтың үлгiлерiн көрсеттi ғой. Ал бүгiнгi қазақ жiгiттерi сол батыр бабаларының дәстүрiн iлгерi дамытуда»-деген. Бұл сөзiнен аңғаратынымыз, батырлар ерлiгiнiң тарихи дәуiрi сан ғасырлар куәсi, бүгiнгiмiз бен келешегiмiз үшiн ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биiк қойған, ұлтының тұтастығын, жерiнiң бүтiндiгiн мұрат еткен ұлт қорғандары, қазақ батырлары екендiктерiн баса айтқандығы.
Батыр — ел қорғаны. Қазақ халқы намысты, жүректi, қайсар, батырлық қанында ойнаған халық. Оған дәлел қилы замандардың өзiнде жан аямай елi мен жерiн жаудан қорғап, намысын арымен қатар қоя бiлген батырларымыз аз болмағанын жоғарыда айтып өттiм. Мiне сондай батырларымыздың қилы өмiрi мен тартысты тағдырлары жайында зерттеу жұмыстарын Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ғылыми қызметкерлерi қолға алынған болатын. Сол ғылыми-зерттеулер 2016 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батырлар туған бақ мекен» жобасы болып бекiтiлiп, зерттеулер жүргiзiлiп жатты. Аталған жоба 2018 жылы қайта жаңғырып, ғылыми бағыттағы зерттеу жұмысының тақырыбы етiп батыр Баубек Бекмырзаұлы таңдалып алынды.
Қалың бұқараның қамын жеген хандар мен батырларды үш дәуiрге бөлiп қарар болсақ, бiрiншi дәуiрге Абылай хандық құрған заман десек, Абылаймен үзеңгiлес болған батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнiбек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбайлар болғаны белгiлi. Екiншi тарихи дәуiрге қазақ хандығындағы соңғы «ханы» атанған, Кенсары Қасымұлы заманы десек, Кенесарының қанды көйлек жолдастары, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемiсұлы, Есет Көтiбарұлы, Жанқожа Нұрмұханбетұлы, Иман Дулатұлы, Баубек Бекмырзаұлы, Жәуке Назарғұл және тағы басқа батырлар да болғаны тасқа қашалып тарих беттерiнде жазылды.
1916 жылғы Ұлт азаттық көтерiлiс кезеңiн үшiншi дәуiр деп алайық. Ресей империясының iргесiн шайқалтқан Ұлт-азаттық көтерiлiс оты жер-жерде тұтанып, iрi қозғалыс ошақтары болған Жетiсу, Ырғыз, Торғай, Қожаш, тағы басқа да көтерiлiстер халық мүддесiн қорғады. Кеңестiк дәуiрдiң саяси бұрмалануымен бүркемеленiп айтылмай қалған тарихи оқиғалар қаншама. Солардың бiрi том-том боп жарыққа шыққан қазақ тарихы жазылған кiтаптарының бiрiнiң де беттерiнен көрiнiс таппаған Қожаш көтерiлiсi едi. Ол кәзiргi Ақмола облысына қарасты Ерейментау өңiрi мен Еңбекшiлер ауданының жергiлiктi халқының патша өкметiнiң мұздай қаруланған әскермен қақтығысқан жойқын соғысы болатын. Көтерiлiстiң қолбасшылары Сәтбай қажы мен Доштай қажыларды сол өңiрдiң халқы «хан» көтергенi белгiлi. Бұл көтерiлiстiң соңында башпайы мен бақайшағына дейiн қаруланған патша жасағы Доштай қажының соңынан ерген 500 әскерiн жан-жағынан қоршауға алып, 400 дей әскерiн қамауға тоғытып, тұтқыннан аман қалған жүзшақты әскерi Торғай көтерiлiсiнiң қолбасшысы Амангелдi батырға барып қосылған деседi.
1916 жылғы көтерiлiстiң негiзгi орталықтарының бiрi Торғай уезi болды. Торғай уезiнде 13 болыстан тұратын өкiлдер патша жарлығына қарсы тосқауылдар қойып, 13 болыс өкiлдерi қатысқан құрылтайшылардың шешiмiмен Әбдiғапар Жанбосыновты Торғай уезiнiң ханы етiп, және Кенесарының сенiмдi серiгi болған атақты Иман батырдың немересi Амангелдi Имановты көтерiлiсшiлердiң сардары етiп сайлаған. Әбдiғапар ел билiгiн соғыс жағдайына бейiмдеп, дала демократиясы негiзiнде құрып, өзiн «хан» деп есептемей, «әмiр» санады.
Зерттеу жұмысына арқау болып отырған Баубек Бекмырзаұлы Кенесары ханның тұсында өмiр сүргенiн, Сырым, Исатай, Махамбет, Есет, Жанқожа, Иман, Жәуке батырлармен ел мен жер қорғау мәселелерiнде ат үстiнде бiрге жүргендiктерiн зерделеп, әрi қарай туған жерi, өскен ортасы, ер жеткен шағы мен батырлық кезеңiне зерттеу жүргiзе отырып, кәзiргi уақытта батырдың ұрпақтары кiмдер, бабадан мирас болған жердi мекендеп жатыр ма деген сұрақтарымызға жауап iздеу басты мақсат болды?.
Баубек Бекмырзаұлы Кенесары ханның өкiл баласы болып қолында тәрбиеленген. Баубектiң жасынан хан ордасында жүрiп тәрбие алғаны, дана билердiң алқалы кеңестерiне қатысып ғибрат алғандығы, атағынан ат үркетiн батырлардың жанында жүрiп жорық жоспарын құру отырыстарын тыңдап өскендiгi мен кейiн бала Баубек ер жетiп өзi де батыр атанғандығы мен ақылына аға-билер бас шұлғитын айбынды тұлға болғандығын тарих беттерiнен көзiмiз шалды.
Баубек Бекмырзаұлының өмiрi мен ұстанымы, жүрiп өткен жолы өзiнiң өкiл әкесi болған Кенесарымен өте ұқсас. Кенесары ханның осынау Сарыарқа жерiнен кетiп, Жетiсу өңiрiне беттеуi — Арқадағы қазақ халқы үшiн үлкен күйзелiс болғаны рас.
Бұл қоныс кеткен соң,
Көремiз бе, дүние-ай
Мына жатқан Есiлдiң
Көк орай тартқан өзенiн,-
деп 1845 жылы Кенесары ханның соңынан ерiп туған жерiнен ажыраған елдiң арасында Баубек батыр да болған едi. Кенсарының соңынан ерген қалың қазақтың алдында жолайрық iспеттес екi жол жатты, оның бiрi Кене ханға ерiп соңына дейiн шайқасу, не патша билiгiне мойынұсынып керi оралу болатын. Кенесары ханның соңындағы қараша халық пен батыр-бағландар бiрiншi жолды таңдап, ханға берген сөздерiне берiк болды. Кенесары хан бастаған қалың елдiң Жетiсу жерiне баруы, сол жердегi көптеген рубасылардың екұшты саясат ұстанып, тiптi сатқындық жасап Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң жеңiлiске ұшырауына себепкер болуы, тiптi Кекiлiк тауында Кенесары мен Наурызбай бастаған ел иелерiнiң қолға түсiп, қазаға ұшырауы тарихта қалған өзектi өртейтiн жайт едi.
Осы аласапыран кезеңдегi шайқастың бел ортасында жүрiп Баубек батыр да қырғыздардың қолында тұтқында қалып, бiр замандары анасы Шұға жанын сақтап қалған қырғыз жiгiтiнiң жақсылыққа жақсылық қайтарған адамгершiлiгiнiң арқасында Баубек батыр қырғыз тұтқынынан құтылып, Сарыарқаға аман келген.
Елге аман оралған Баубек Бекмырзаұлы жан-жаққа шашылып кеткен жұртын жинап, елiмен бiрге тамыр жайып шаңырақ көтерер жайлы қоныс боларлық жер iздейдi. Нәтижесiнде, көлденең Есiлдiң бойын таңдап ағайындарын көшiрiп әкелiп қоныстандырады. Езiлген елден шарапатын аямаған батырдың даңқы күллi Сарыарқаға жайылып, абырой беделi асқақтаған екен.
Патша билiгiне қарсы шыққан қиян кескi соғыстан аман-есен келген батырдың өмiрi қалыпты болмауы заңдылық едi. Тiптi елген келгеннен кейiн батыр Баубек елiн бiрiктiрiп, халық ықыласына бөленуi ақ патшаға ұнамаған-ды.
Баубек батыр елiмен бiрге қоныстанған көлденең Есiлдiң бойындағы кәзiргi Атбасар, Кима, Жақсы аудандары бұрынғы Торғай облысының территориясында болған болса, кәзiргi кезеңде Ақмола облысы аумағына қарайды. Торғай өңiрi жалпы талай азаттық жолындағы соғыстардың куәсi болған дала. Осы тарихи далада ерлiк көрсеткен алғаш «Тархан» атанған Шақшақұлы Жәнiбектен бастап, Әбдiғапар Жанбосынұлы, Иман батыр мен Жәуке батырлар тiзгiндеген тұлпарлар тұяғының iзi қалған қасиеттi жер. Осынау қасиеттi жерлердiң тарихын тереңiнен зерттеу арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған мұралардың, бүгiнгi күнде жас буынның санасына патриоттық рухта сiңуiне, өз зерттеуiмiзде тамшыдай болса да үлес қоса алсақ деген ой болды.
Жоғарыда айтылғандай, 2018 жыл басталғаннан «Батырлар туған бақ мекен» атты жобаға таңдалып алынған Баубек Бекмырзаұлының өмiр жолы мен ғұмырлық тарихын зерттеу мақсатында Мәлiк Ғабдуллин музейiнен құралған ғылыми экспедициялық топ мүшелерi Құдайберлi Мырзабек пен Мерген Тоқсанбай Ресей федерациясының Түмен облысындағы Ешим қаласы және Омбы қалаларына ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарға барып қайтқан едi. Ол экспедициялық сапарда Түмен және Омбы облыстық мұрағатынан табылған құжаттарды зерттеп, Түмен облысының Ешим қаласы ұлттық мәдени мұсылмандар қоғамының басшысы Жамиля Мурзановамен кездесiп, ол кiсiнiң де Баубек Бекмырзаұлы жайында деректер жинап, шет жердегi бауырластарға, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге семинар, конференциялар өткiзiп жүргендiгiн өз аузынан естiген едi.
Жамиля Ахметқызы жинаған деректерi мен естiген әңгiмелерiн музей басшысы Құдайберлi Рахымбекұлына сөз етiп, Ешим қаласындағы Ленин көшесi бойында қарағайдан қиып салынған екi қабатты ғимараттың Баубекке қатыстылығы бар екенiн айтып, жол көрсетiп сол жерге апарған екен. Баубек батыр әйелiмен бiрге сол үйде тұрған деген деректi жеткiзедi. Сол уақытта ғимарат «Армиян ұлттық орталығы» болып мемлекет иелiгiне өткендiгiн, ғимарат сырты дуалмен қоршалғандығын көрiп, қоңырауын басып, қақпасын қақсада жауап ала алмапты.
Музей басшысы Құдайберлi Рахымбекұлының ғылыми-экспедициялық зерттеулерден кейiн жазған жазбасында «Үлкен үйдiң қасбетiнен заманында тегiн адам тұрмағаны көрiнiп тұр. Орыстың бiр бай шонжарына тиесiлi болған шығар. Өз басым айдауда жүрген кiсiнiң мұндай биiк ғимаратта тұрды дегенiне сене қоймадым. Ауласының шетiн ала шағын шолан үй көрiнедi. Мүмкiн сол баспанада тұрыпты десе қисыны келетiндей. Алайда үмiтiмiзге де, дүдамалымызға да тиянақ таба алмай, әрi-берi айналып жөнiмiзге кеттiк» делiнген пiкiрiнен, Баубек батырдың денесi жерленген жерде де әлi зерттелiп жатқандығын байқауға болады.
Осынша зерттеулерден кейiн 2018 жылы Ақмола облысы Жақсы ауданында «Баубек Батыр өнегесi: аңыз бен ақиқат» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, конференцияға ғалымдар, облыс көлемiндегi игi жақсы азаматтар, Астана қаласында, Жақсы ауданында, Атбасарда, Қимада тұратын батырдың ұрпақтары қатысты. Жиында Баубек Бекмырзаұлының тәлкекке түскен тағдыры, ханға берген адал сертi, туған елi мен жерiн қорғаудағы ерен ерлiгi жайында көп деректер айтылып насихатталды. Осы тұста «Жақсының аты өлмейдi, ғалымның хаты өлмейдi» деген сөз ойға оралып, қазақ батырларының қайсысы болмасын артында қабырғалы қалың елi қазағы барда, iзiн жалғар ұрпақтары тұрғанда елiмен бiрге мәңгi жасай берерi анық.
Биыл 2020 жылдың қазан айының басында Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ғылыми кеңесiнiң отырысы өткiзiлiп, кеңесте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мәлiк Ғабдуллиннiң 105 жылдығы мен батыр музейiнiң 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, «Батырлар туған бақ мекен» жобасы аясында әлi зерттелiп жатқан Баубек батырдың 2024 жылы келетiн 200 жылдығын атап өту жоспарлары бекiтiлiп, ұсыныстар мен пiкiрлер айтылды.
Ғылыми кеңестiң мүшесi Бердiбай Шалабаев, тағы басқа кеңеске қатысушы ғалымдардың шешiмiмен ғылыми экспедициялық топтың құрамы белгiлендi. Белгiленген құрам 2020 жылдың 13 мен 17 қазан күндерi аралығында Ақмола және Қостанай облыстарына қарасты Жақсы-Амангелдi-Жангелдi аудандарына ғылыми-экспедицияға аттанды.
*** *** ***
Көкшетау қаласынан аттанған ғылыми-экспедициялық топ мүшелерi 13 қазан күнi Ақмола облысы Жақсы ауданына жетiп, ертеңге жоспарланған iс-шараның өтетiн орыны мен техникалық жабдықтарын әзiрледi. 14 қазан күнi сағат 11:00 ге белгiленген «Ел жүрегiндегi Баубек батыр тұлғасы» атты мәдени-танымдық iс-шараның мақсаты батыр тұлғасын насихаттау және алда өткiзiлетiн 200 жылдығы қарсаңындағы дайындық жұмыстарымен танысу, Мәлiк Ғабдуллиннiң мол мұраларын дәрiптеу едi.
Елiмiзде орын алған әлемдiк пандемия салдарын ескере отырып, аудан орталығында жуырда ашылған Coworking center-ге арнайы шақырылған ауданның елеулi азаматтары жинала бастады.
Карантин ережесiн сақтай отыра басталған шарада «Ел жүрегiндегi Баубек батыр тұлғасы» тақырыбында музей басшысы Құдайберлi Мырзабек тәлiмдi дәрiс оқып, 2018 жылғы зерттеу нәтижесiнiң қорытындысы болған «Баубек батыр» деректi фильмi мен музей жұмысының нәтижелi еңбектерiнiң жиынтығының жемiсi болған бейне ролик көрсетiлдi. Артынша Мәлiк Ғабдуллиннiң өнегелi өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн «Ғажайып өмiр баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырылды. Iс-шараның соңы қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерiнiң бiрi тұсау кесу дәстүрiмен жалғасты. Қазақ балаға, бала тәрбиесiне көп көңiл бөлген халық. «Әрине, қазақ халқының өмiрiнен орын алған тәрбиенең тарихын жан-жақты түрде қарастыру бұл еңбектiң мiндетi емес. Ол — өз алдына зерттелетiн мәселе. Бiздiң мақсатымыз — революцияға дейiнгi қазақ арасында жас ұрпақты еңбек пен ерлiкке тәрбиелеуде халықтың ненi арман ететiнiн және баланы жастайынан тәрбиелегенде оның өсе келе кiм болуын көздегенiн шолып өту. Мұндай шолудың керек болып отырған себебi, бiрiншiден, халқымыздың бала тәрбиелеудегi өткен кездегi арман-мақсатымен танысу, екiншiден, оларды бүгiнгi күннiң тiлек-мiндеттерiмен салыстыру едi» — деп, ғалым Мәлiк Ғабдуллиннiң «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кiтабындағы осы бiр сөзiнiң түп төркiнiн түсiнсек, бала тәрбиесi ол ата-ана үшiн үлкен мiндет екенi айтылуда. Қазақтың әдемi дәстүрiнiң осы iс-шарада жалғасын табуына себеп болған Жақсы ауданының үлгiлi отбасыларының бiрi, Ермек ағай мен Айнұр апай да Ахмат есiмдi бөбегiнiң үлкен азамат болып өсуiн көздеп, жақсыдан шарапат тиюiн ырымдап, ҚР Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесi, Мәдениет саласының үздiгi, ақын Құдайберлi Мырзабекке кестiрдi. Ақын ағамыз ақ батасын берiп, тұлымы желкiлдеген Ахматтың тұсауын кесiп, арнауын да арнады.
Iс-шараға Жақсы ауданының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Ақанова Роза Аманжоловна, батырдың ұрпақтары Исмагулов Әбiлмажит Шаяхметұлы мен Сейдахметов Жанарбек, ауданның соғыс және еңбек ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Зияда Нұржан, ауыл ақсақалы, қажы Ешiмов Ақылбек, Жақсы ауылының құрметтi азаматы Мугалова Кәмиля Бекмырзақызы, аудандық мәсилихат хатшысы Жанадилов Бейсейiт Ақанұлы, сонымен қатар iшкi саясат бөлiмi, жастар саясат бөлiмi, кiтапхана және мәдениет саласының қызметкерлерiмен қоса, мектеп басшылары да қатысты.
Iс-шарадан соң экспедиция мүшелерi батырдың ұрпақтарының жол бастауымен Ешiм ауылындағы Баубек Бекмырзаұлы мен анасы Шұға Болтанқызының бейiтiне барып, аруақтарға құран бағыштап зиярат еттi. Ешiм ауылында тұратын ұрпағы Сейдахметов Жанарбек ағамыз Шұға анамыздың бейiтiнiң басына күмбез орнатып, және Қима-Державин тас жолынан бұрылып бейiт басына дейiн апататын көтерме жолды жөндеткен екен. Батыр ұрпағы Әбiлмажит Шаяхметұлы батырға арналған ескерткiш жасалып қойылса деген де ұсынысын бiлдiрiп жатты.
*** *** ***
Одан әрi экспедициялық сапар Қостанай облысына бет алып, 14 қазан күнi түнделетiп Арқалық қаласына жеттi. Қала шетiнен Арқалық қаласы облыстық дала өлкетану музейiнiң ғылыми қызметкерi Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы қарсы алды. «Илегенiмiз бiр терiнiң пұшпағы» дегендей екi өңiрдегi музей саласының қызметкерлерi бiр-бiрiмiзбен танысып, жөн сұрасқаннан соң, ертеңгi экспедициялық сапарға сан ғасырлық тарихты сақтап жатқан қария секiлдi, көргенi мен бiлгенi мол — қарт Торғайдың сырлы тарихын таныстыру, жол сiлтеу мақсатында Батырлан Жұмабайұлы жолбасшы ретiнде бiрге баратынын айтты.
15 қазан күнi таңмен таласа экспедициялық топ Арқалық қаласынан Амангелдi және Жангелдi ауданданына бет алды. Жолсерiк болып iлескен Батырлан Жұмабайұлы қарт Торғайдың киелi, тектi деп аталуының тарихын, оның үстiне Торғай қаласы, Торғай облысы, Торғай даласы, Торғай қақпасы, Торғай ойпаты, Торғай үстiртi, Торғай әуенi сияқты атауларының шығу тарихының түйiнiн тарқатқан сүбелi әңгiмелерiн айта отырды. Жол бойы көзге көрiнген әр төбенiң сыры жайынан, осы өңiрге қоныстанған халықтардың ХҮI-ХҮII ғасырлардағы қоныстану мәселелерiнен де көптеген мәлiметтердi деректер келтiре баяндап келедi. Торғай өңiрiнде қалыптасқан хандық билiктiң құрылуы кезеңi мен терреториялық аумағын картаға түскендей етiп жеткiзгенде, сол дәуiрге барып қайтқандай күй кештiрдi. Өңiрдiң кеңдiгi бұрынғы әкiмшiлiк бөлiнiстер бойынша, бiр шетi Сыр бойы Қазалыға дейiн, ендi бiр шетi Атбасар, екiншi бiр шетi Ақтөбеден, Орынборға дейiнгi аралық Торғай атырабы, Торғай облысы болғандығын толғана жеткiздi. Ұшқан құстың қанаты мен жүгiрген аңның тұяғы талатын ұлан байтақ қазақ даласының тұтастығы мен елiнiң еркiндiгi жолындағы саяси күресте, халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете бiлген сол кезеңнiң iрi тұлғасы, алғаш ең жоғарғы «Тархан» әскери атағын алған Шақшақ Жәнiбек жайында да көп мәлiметтер айтылды. Ұлы бабамыз өзi мекен еткен Торғай даласын қоныстанушы арғындар мен қыпшақтарға теңдей бөлiп, бергендiгi де сөз барысында айтылып жатты. Осы өңiрдiң ақыны Бұзаубақтың өлеңiнде кездесетiн «Ертеде бiздiң қазақ Сыр жайлаған» деген өлең жолы бар шумақтарды жатқа айта отырып, қазақтың құрып кетпеуi үшiн, халыққа жайлы аймақтарға көшiп қонып өмiр сүргендiгiне тағы да көзiмiз жеткендей болды. Батырлан Жұмабайұлының әсерлi әңгiмесiнен, бұл Торғай досты да, жатты да жанашырындай қарсы алған, талай бейнеттi өз басынан өткiзген өлке екенiн аңғаруға болады. Шамамен 600 шақырымды артқа тастап, жүйткiген көлiк iшiнде құлаққа жаққан тартымды әңгiменi тыңдай отырып Амангелдi ауданы Тасты ауылдық округiне қарасты аумақта Кейкi /Нұрмағанбет/ Көкембайұлының бас сүйегi жерленген кесенеге де келiп жеттiк.
Жеткен бойда, Кейкi батырдың кесенесi алдынан бiздiң экспедициялық топты Жангелдi ауданындағы Торғай мұражайлар кешенiнiң директоры Сәрсекей Гүлбану Құлетқызы мен Амангелдi ауданындағы Амангелдi Иманов атындағы мемориалдық музейiнiң қор сақтаушысы Әбжанова Камшат Жарылғапқызы қарсы алды. Киелi өлкенiң тарихи мұраларын сақтап, құнды жәдiгерлерiн насихаттаушы екi аудандарының музей қызметкерлерi бiздiң экспедициялық топ мүшелерiмiзбен танысып, жөн сұрасқаннан соң, Кейкi Көкембайұлының аруағына арнап құран бағышталып, зиярат еттiлдi. Кейкi мергеннiң батырлық, ерлiк жолы мен азапты өмiрi жайында Гүлбану Құлетқызы мен Камшат Жарылғапқызы кеңiнен деректер келтiрiп түсiнiк берiп өттi.
Кейкiнiң қалай көз жұмғаны жайлы Арқалық қаласы облыстық дала өлкетану музейiнiң ғылыми қызметкерi Батырлан Жұмабайұлы көнекөз қарттардан естiгенiн әсерлi етiп баяндап бердi. «Қанды оқиға 1922 жылдың наурыз айында, Сүтемгеннiң Жәкенiнiң қыстауында болған. Кейкiнiң қазасы ауыр әңгiме, ол жайлы қазiр көп жазылып зерттелiп жатыр. Жалаулыдағы батырдың өлтiрiлген орынына тас қойылып, темiрмен қоршалған. Ол жерде ешқандай сүйек жоқ. Кейкiнiң де, оның жұбайы Ақжан мен iнiсi Шұбардың да мәйiтi қырдан өзенге құйылған жыраның бойына көмiлген. Милициялардың ызғары марқұмдарды арулап жерлеуге де мүмкiндiк бермеген» дейдi, жолбасшы болып жанымызға iлескен сапарлас әрiптесiмiз.
Сол кезеңде Ресей патшалығы жала жауып, қанша жерден жау көрiп, батырдың есiмiнiң тарихта қалуына қомашаулық жасап, батырлығын дәрiптеуге тыйым салса да, Кейкi мерген халық жүрегiнде мәңгiлiкке сақталады. Кейкi батыр /Нұрмағанбет/ Көкембайұлы қазақтың теңдесiз батыры. Құралайды көзге атқан қасиет дарығын, жүз жылда бiр туатын өр тұлға. Ол 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерiлiсте батырлық, ерлiк жасап, халқын жауға бермей сол үшiн де ақтармен арпалысып, қызылдармен қырқысып өткен һас батыр. Кейкi мерген 1871 жылы Қостанай облысының Битума деген жерiнде дүниеге келiп, 1922 жылы Жалаулыда қызыл әскедiң қолынан шаһид болады.
Кейкi Күйiк қопасындағы соғыста, Торғайға шабуыл және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс — Доғал-Үрпек шайқасында қайсарлықпен қарсы тұрып, ерекше ерлiк көрсетiп, Ресей патшалығының қаһарына ұшыраған. Кейкi батыр 1919 жылы Амангелдi Имановты тұтқындап, өлтiргеннен кейiн қудалауға ұшырап, елден жырақтап, бой тасалауға мәжбүр болады. Бой тасалап қызыл әскердiң көзiне түспеудiң амалын ойлап жүрген Кейкi мергенге жала жабылып, бұқара халыққа түрлi бұрмаланған деректердi сол кездегi «Ақ жол» газетi арқылы жеткiзе бастайды. «Ақ жол» газетiнiң 1922 жылғы, 6 мамырдағы 169 нөмiрiнде «Қазақстанда Торғай оязында аламаншы құрылды» деген желеумен жазылған мына бiр дерекке көз салалық.
«1920 жылдан берi қарай Торғай оязында бұрынғы заманнан белгiлi қанды бiлек, жалаңаяқ ұры Кейкi Көкембаев деген бұзық шығып, қасына өзi секiлдi ұрыларды жиып алып, тыныш отырған халықты мазалап, малын алып, мүлкiн талап жүретiн едi. Бiр кезде Кейкi Торғай оязындағы нағыз барып тұрған большевик болған. Бiрақ «арамзаның құйрығы бiр-ақ тұтам» дегендей арамдығы бiлiнiп, сонан соң большевиктен халықты құтқармақшы болып атқа мiнген.
1921 жылы жазында Кейкiнi ұстамақшы, ұясын таратпақшы болып Торғайдан һәм Атбасардан әскер шығып, Кейкiнi ұстай алмаған. Тек бiрсыпыра жолдастарын өлтiрiп, тобын таратқан. Кейкi бiр-екi жолдасымен қашып қолға түспей кеткен. Кейкiнiң маңына үкiметтiң қыспағынан қашқан әр болыстың ұрылары жиылған. Мекенi «Арыс» құмы болған. Ол жерде де халықты мазалай берген.
Осы өткен февраль басында Кейкiнi ұстауға Торғайдың политбюросы тарапынан 10 шақты кiсi жiберiлген. Бастығы Александр Токарев. Бұл жолда Кейкiнi алдаусыратып, ықтияры мен қаруын тастап келуi үшiн Токаревтi үгiтшi етiп жiберген.
Торғайдан барған отряд Арыс құмында Кейкiнiң тобымен кезiгiп, келiсiмге келiп, ақыры Кейкi Торғайға келуi үшiн қару-жарағын Токаревке бередi. Бiрақ Кейкi мерген қару-жарағын сенiмге кiру үшiн бергендiгi сол күнi байқалады.
Қалаға таяған соң Токарев бiр жолдасы мен Кейкiнi, оның қатыны мен iнiсiн алып бiрге келе жатқан отрядынан озады. Жолдың алыстығынан Торғайдан қырық шақырым жердегi бiр ауылда түнейдi. Сол арады Токарев жолдасты өлтiрiп, қасындағы милиционердi тұтқын қылып, қаруын алып Кейкi кейiн қарай қашады. Жолда ықтиярсыз ат мiнедi, бiрен-саран серiк тауып алады. Кейкiнiң басқа он төрт жолдасын алып келе жатқан кейiнгi отряд бұл жәйттi естiп, Торғайға лезде хабар жеткiзедi. Тұтқындағы он төрт аламаншыны қалаға тапсырып, Кейкiнiң iзiне түсiп, Жыланшық өзенiнiң маңындағы Жалаулы деген жерде жасырынып жатқан жерiнде қолға түсiрiп, айуандықпен өлтiрiледi. Өзiмен бiрге болған аяғы ауыр әйелiн және iнiсi мен жаңадан қосылған екi жолдасын өлтiрiп, баукеспелiктiң тамырын кесiп келдi.
Торғай елiне және ашаршылық кезiде төтенше жұт болып жүрген Кейкi едi. Ендi бұл бұзықтан құтылдық» — делiнген.
Кейкi мерген 1922 жылы өлтiрiлгеннен кейiн басын кесiп алады. Кесiлген басты Торғайдың орталығына ұзын сырғауылға 30 күн iлiп қоюының өзi, ұлттың рухын жығу, ықтыру болса, ақ патшаға қарсы келгендерiңнiң алдыңнан шығатын жаза осылай болады деп, қалың бұқараның үрейiн тудыру үшiн жасағаны анық. «Ер жiгiт елi үшiн туады, елi үшiн өледi» — демекшi, батыр бабалар ерлiгi мен рухын насихаттап дәрiптеу ұрпақтың парызы, себебi қазақ батырлары барша халыққа ортақ. Жоғарыда келтiрiлген деректер, Кеңес үкметiнiң қылышынан қан тамып тұрған дәуiрiнде жазылған. Ал шындығында көтерiлiс бүкiл қазақ халқының арман-мүддесi едi. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң қатысушыларының кедей табының ғана дүрлiгуi емес, жалпыұлттық дүмпу екенiн белгiлi. Сол замандарда патша үкiметiне үмiт артып, сатқындық жасап, патша билiгiне ақпарат берiп отырған жандардың да болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бiрақ ондай опасыздар қай заманда да кездесетiнi анық. Кей болыстардың
терiс қылығы ұлт-азаттық көтерiлiстiң рухын жығып, көлеңке түсiре алмайтыны белгiлi.
*** *** ***
Кейкi мерген кесенесiнiң жанынан жолға қайта шыққан ғылыми-эскпедициялық топ одан әрi Амангелдi ауданына беттедi. Алдымызда Гүлбану Құлетқызы мiнген көлiк жол бастай отырып, аудан орталығындағы «Шұғыла жастар» алаңында Амангелдi батырдың мүрдесi жерленген жерге келiп тоқтадық. Батырдың рухына құран бағыштап зиярат етiлдi. Батыр атындағы мемориалды музейдiң қор сақтаушысы Камшат Жарылғапқызы Иман батыр ұрпағы, Амангелдi Иманов жайында баяндай жөнелдi. «Батырдың мүрдесi үш мәрте жерлендi. Амангелдi Иманов 1919 жылы қайтыс болғаннан кейiн, қызыл әскер Торғайдағы «Партизан сайына» елiнен, халқынан жасырып жерленген екен. 1920 жылы бейiтi белгiлi болғаннан соң, анасы Қалампырдың өтiнiшiмен Бегiмбеттiң Алакөлi деген жердегi қорымға бәйбiшесi Рәш Сайдалықызының жанына әкелiп қояды. Бiр жылдан кейiн төрт құлақты бейiт орнатып, басына Ұлытаудан әкелiнген құлпытас орнатқан. Кейiн 1959 жылы аудан орталығындағы «Шұғыла жастар» алаңына әкелiп үшiншi мәрте қайта қояды. Мүрденi жерлегеннен соң, архитектор А.Токарь пен мүсiншi Х. Наурызбаев батырдың қазiргi тұрған ескерткiшiн орнатып, бейiтiнiң басындағы құлпытасты орнатқан» дедi.
«Батырлық бiздiң салтымыз» деп Мәлiк Ғабдуллин айтқандай, батырлық қасиетi ұрпақтан ұрпаққа дарыған Иман батырдың ұрпағы Амангелдiнiң басына тағзым етiлгеннен кейiн, жергiлiктi өкiлдердiң жол бастауымен экспедициялық топтың бағыты Сатыбалды Ишан Ғабдоллаұлы, Омар Кәлпе Тепекұлы, Файзолла Құранқари Сатыбалдыұлы жерленген кесенеге келiп Ишандар рухына тағзым жасалды.
«Өлi разы болмай, тiрi байымайды» демекшi, бабалар рухына тағзым жасалғаннан кейiн, жұмысымыз одан әрi аудан орталығындағы Амангелдi батыр атындағы мемориалды музейде жалғасты. Батыр атындағы музей еңсесi биiк ғимаратта орналасқан екен. Сағат 11 ге жоспарланған «Мәлiктiң ұраны болған халықтың қыраны» атты тағылымды кешке арнайы шақырылған жергiлiктi жұртшылық алдымыздан жылы шыраймен қарсы алды. Өткiзiлетiн кештiң мақсаты қан майдандағы от пен оқтың арасында жүрген қазақ жауынгерлерiнiң ұран болған Амангелдi батырдың елiн және Торғай өңiрiндегi тарихи тұлғаларға қатысты нысандарды аралап, ел аузындағы аңыз-әңгiмелердi жинау. Сонымен қатар осы өңiрге Мәлiк Ғабдуллин тұлғасын дәрiптеп, өнегелi өмiрiн насихаттап, биылғы жылы 25 жыл толып отырған батыр музейiнiң қызметiмен таныстыру болды.
Жиынға ауданның бетке ұстар азаматтары, атап айтсақ Амангелдi аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, еңбек ардагерi Дауылбай Есiм, ауданның құрметтi азаматы, еңбек ардагерi Уахитов Балтабай, медицина саласының ардагерi, ақын, ауданның құрметтi азаматы Құтжанова Төлеутай, ардагер ұстаздар Махатов Жеңiс, Төлегенов Ағыбай, Сейтқалиев Оңдаған, Ержанов Қырымкерей сынды ауданның құрметтi азаматтары арнай шақырылған екен. Жиналған жұртшылыққа Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң басшысы Құдайберлi Мырзабек «Батырлар даңқы ұрпаққа өнеге» тақырыбында дәрiс оқыды. Және Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығы баяндалатын жылжымалы көрмеменде таныстырылды. Сөз соңында тарихи тұшымды мәлiметтерге қаныққан жергiлiктi тұрғындар өз ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. Ежелден еркiндiк пен ерлiктiң бесiгi болған өр Торғай қай заманда да азаттық үшiн арпалыста бұғып қалмағандығы белгiлi. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiсте Кенесарының сенiмдi серiктерi болған Иман, Жәуке, Қошқар, Шәкiр батырлар есiмдерi соған дәлел. Iс-шарадан соң Батыр музейiнiң эксозициялық залдарын аралап, батырдың жеке тұтынған құнды жәдiгерлерi мен кiшi жары Балымның белiне таққан белдiгi көзiмiзге түстi. «Татыр шайқасы», «Торғайға шабуыл» деп аталатын диарамалар мен қару жарақтарды көргенде құдды бiр сол заманда жүргендей әсер алдық. Осы бiр тамаша әсерден соң сапарымыз қайта жалғасты.
*** *** ***
Алдымызда ұзақ жол. Жолдың алыстығына қарамай әр тарихи сәттен алған әсерден күш алып, бұрынғы Батпаққара деп аталатын киелi мекеннен аттанған экспедициялық топ, Амангелдi ауданын 50 шақырымға артқа тастап, Тоқанай ауылынан 95 шақырым бұрылыста жатқан Бидайық елдi мекенiне бет түзедiк. Бұрылыста жатса да Бидайыққа соқпай өту мүмкiн емес едi! Оған себеп Алаш қайраткерi, ұлт зиялысы болған Мiржақып Дулатұлының кесенесi мен музейi Жангелдi ауданына қарасты Бидайық ауылында орналасқан. «Киелi жер иесiз болмайды» демекшi, iңiр қараңғылығына қалмай дiттеген жерге жетiп алу басты мақсат болды. Көтерме жолдың кедiр-бұдырына кiдiрместен жүйткiген көлiкпен Қызбел ауылының тұсынан өттiп бара жатып, Ғафу Қайырбековтың Қызбел тауы мен елдi мекенiн көз алдыңа келердей етiп жеткiзген жыр жолдары ойға оралды.
Арқада жер еркесi Қызбел деген,
Аралап алуан жүрдiм Қызгерменен.
Табар жан қайда барып жерұйықты
Қызбелден, сiрә, күдер үзгенменен!
Арқаның қысы қатты ызғарлы ма?
Ызғардан ақ бетiнде iз қалды ма?
Салдыртып саржорғамен қашан барсаң,
Қызығын Қызбел сенен қызғанды ма? — деп келетiн жолдарында
алыптар мекенiн керемет суреттейдi. Қызбел ауылынан да өтiп ел орынға қонбай тұрып Бидайыққа жеттiк. Ауыл шетiнен бой көтерген кесененiң жанына келiп тоқтадық. Қуғынмен басталып, азаппен аяқталған ұлы ғұмыр иесi Мiржақып Дулатовтың кесенесi мен музейi бiр-бiрiне қарама-қарсы орналасқан екен. Ғылыми-экспедициялық топпен жол бастаушыларды ғимарат алдынан Мiржақып Дулатов кесененiң шырақшысы, музейiнiң қызметкерi, Алаш қайраткерiнiң ұрпағы Бiрманов Нағашыбай ағай қарсы алды. Қазақы қалыппен жөн сұрасып бiлiскеннен кейiн, Нағашыбай ағайдың iзiмен кесененiң iшiне ендiк.
«Мен бiткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспiн жемiсi көп тамаша ағаш
Қалғанша жарты жаңқам мен сенiкi –
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» — деп жырлаған алаш қозғалысының қайраткерi, жазушы, көркемсөз шеберi, ақын, драматург, журналист Мiржақып Дулатовтың рухына құран бағыштап, зиярат етiлдi.
Кесененiң шырақшысы, қоғам қайраткерiнiң ұрпағы Нағашыбай ағамыз Мiржақып бабасы жайында бiзге баяндап бердi. «Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға тiгiп, тағдырын тәлкекке салған ер, айдауда жүрiп осыдан 85 жыл бұрын 1935 жылы 5 қазанда Карелия мемлекетiнiң Беламор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерiнде жазасын өтеп жүрiп ауыр науқастан көз жұмған едi. «Көзiңдi аш, оян, қазақ, көтер басты, өткiзбей қараңғыда бекер жасты» — деп, Алаш қозғалысының бел ортасында жүрiп, кең далада алаңсыз өмiр сүрiп, малын бағып, бейқам отырған халқын оятып, оларды iлiм-бiлiмге шақырып, ұлтына, тiлiне жанашыр бола жүрiп ақ патшаның қаһарына ұшыраған болатын. 1989 жылы Карелия елiнен Мiржақып Дулатов бабамыздың жерленген жерi анықталғаннан соң, қызы Гүлнар Дулатқызының бастамасымен, мiржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, танымал журналист Қайсар Әлiмнiң, тағыда басқа ғалымдардың қатысуымен 1992 жылы Қазақстанға, туған жерi Торғай даласына әкелiп жерлеген едi» деп сөзiн түйiндедi.
Ұлтымыз бен тiлiмiздiң жанашыры болып, қазақ халқын бiлiмге шақырудағы шырақшысы болған баба кесенесiнен шығып, музейiне беттедiк. Музей қызыл кiрпiшпен өрiлген екi қабатты ғимарат екен. Музей iшiнде Мiржақып Дулатовқа тиесiлi құжаттар мен фото суреттердiң көшiрмелерi, қызы Гүлнардың киген киiмi мен Мiржақып атамыздың бейнесi бейнеленген түктi тоқыма кiлемдер қойылған. Тағы бiр көзiмiзге түскен дүние, баба мүрдесiмен бiрге әкелiнген Карелия елiндегi жерленген орнында есiмi жазылып қойылған белгi және сол елдегi жазалау лагерiн бейнелеген диарама болды. Алаш көсемдерiнiң бiрi болған Мiржақып атамыздың музейiнен көп дүниенi бойға түйiп сыртқа шықсақ, күн көкжиекке қызара еңкейiп бара жатқан кезi екен. Ұлт зиялысының орынын ойсыратпай, бар қазынасына иелiк жасап отырған ұрпағы Нағашыбай ағаймен хош айтысып жолға қайта шықтық. Ендiгi барар жерiмiз «Батырлар туған бақ мекен» жобасы аясындағы ғылыми-экспедициялық сапарымыздың шектi нүктесi Қарт Торғайдың өзi.
Күн еңкейiп ұясына батқан кез. Торғайды бетке алып барар жолда ән мен жырға арқау болған «Жәркөл», даңқты «Татыр» көлдерiнiң жағалауларымен жүйткiп отырып аталған шаһарға аман-есен жетiп жығылдық.
Киелi Торғайды жазушы, драматург Әнес Сарай Төлендiұлының «Алаштың табаны — Торғай» — деп жазған жазбасын оқыған болатынмын, олай деуi Алаш қайраткерлерiнiң жетi көсемi болса, оның екеуi Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатов осы өңiрдiң тумалары екендiгiнде. Киелi Торғайдың тағы да бiр тау тұлғасы ақын Ғафу Қайырбеков туған өлкесiн «iшiне оқиғаны сықап, тиеп, тарихтың қойып кеткен арбасындай» деп суреттеуi, бұл мекен қазақ халқының тәуелсiздiк жолындағы жойқын қақтығыстарының куәсi болып, ғасырлар бойы ұмытылмастай тарих қойнауында таңбаланып қалуы. Қасиеттi мекенге арналған естелiк жазбалар мен тарихи деректер өте көп.
Ғылыми-экспедициямыздың төртiншi күнi басталды. Яғни 16 қазан күнi сағат 11 ге белгiленген «Мәлiктiң ұраны болған халықтың қыраны» деген тақырыптаға iс-шараның өтетiн ауақытына дейiн, Жангелдi ауданы орталығы Торғай қаласындағы тұлғалық музейлердi аралап шығу басты жоспарларымыздың бiрi болды. Торғайды «қала» деп айтуымыз, бекер емес. Яғни 1845 жылы iргетасы қаланған бекiнiс 1868 жылы ресми түрде «қала» атанған. Сол мәртебе осы күнге дейiн алынған жоқ. Осынау қасиеттi, қадiрлi, киелi Торғайдың тарихын тереңiнен насихаттайтын, алақандай ауданда бес бiрдей музейдiң бiрiн-бiрi қайталамайтын тарихи жәдiгерлерге ие болып отыруының өзi мақтаныш. Атап айтар болсам, 1983 жылы Торғайдың топжарғаны атанған Нұрхан Ахметбековтың музей-үйi ашылса, 1984 жылы Әлiби Жангелдин музейi ашылған, 1988 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық мұражайы халықтың қаражатына ашылған болса, 1991 жылы Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Мiржақып Дулатұлының әдеби мұражайы және 1993 жылы Шақшақ Жәнiбек атындағы музей пайдалануға берiлген екен. Осы күнге дейiн аталған музейлер өз жұмысын жасап, халыққа қызмет көрсетiп келедi.
Жаңа келбеттегi Торғайдың ең көркем тарихи орталығының бiрi — ол Ыбырай Алтынсариннiң 1864 жылы 8 қаңтарда қазақ халқы үшiн ашқан алғашқы сауат ашу мектебi. Мектептiң iргетасының орнына қаланған ғимарат қазiргi уақытта Ұлы ағартушының атындағы мемориалды-педагогикалық мұражай.
Басты мақсаттарымыздың бiрiн iске асыру жолында 16 қазан күнi ертелетiп жоғарыда аталған музейге келдiк. Музейдiң экспозициялық залдарымен таныса жүрiп, ұлт ұстазының тұңғыш жазған әлiппесi, сол мектеп қабырғасында сыңғырлаған қоңыраулардың түр-түрлерi, ұлы ұстаздың құнды мұраларын көзбен көру бақыты бiзге бұйырған екен. Музейдiң iшкi экспозициялық залдарымен таныстырып жүрген Торғай мұражайлар кешенiнiң бас қор сақтаушы Ертасова Ләззат Тайшығарақызы мен Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң директоры Құдайберлi Рахымбекұлы Ұлт ұстазы болған Ыбырай Алтынсарин мен ғалым, батыр Мәлiк Ғабдуллиннiң байланысы жайында сөз қозғап, пiкiрлестi. Ыбырый Алтынсариннiң 100 жылдығын атап өтуде Мәлiк Ғабдуллиннiң сол кездегi Қазақ ССР Халық ағарту комиссары Төлеген Тәжiбаевқа жазған хаты Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қорында сақтаулы екендiгi айтылды.
Аталған музейден шығып, Ахаң мен Жахаң атындағы әдеби музейге бардық. Бұл музейден алған әсерiмiз тiптi шексiз. Бұл нысан өзiнiң түпнұсқа жәдiгерлерiнiң көптiгiмен ерекшеленедi екен. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының алақаны тиген әр бұйым — баға жеткiсiз қазынамен тең. Сондай-ақ осы музейде өлкенiң әдебиет, мәдениетiнде өшпес iзi қалған тұлғалар жайлы мол мағлұмат алуға болатыны байқалды. Алаш қайраткерлерi болан тұлғалардың музейлерiнен шығып, Торғайдағы Шақшақ Жәнiбек, Әлiби Жангелдин, Нұрхан Ахметбеков музейлерiне барғандағы әсерлi сәттердi тiлмен айтып жеткiзу мүмкiн де емес. «Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, әр музей өзiнiң құнды жәдiгерлерiмен баурап алғаны сонша уақыттың қалай өткенiн де сезбей қалдық.
Сағат 11 ге белгiленiп қойған iс-шарамыздың өтуiне санаулы минуттар қалған-ды. Торғай кентiнiң тұрғындары асыға күтiп отырған iс-шарамызды көп күттiрмей бастау үшiн асыға басып өткiзiлетiн орынға бiзде келiп жеттiк. Ұлт ұстазы атындағы музейдiң есiгiнен кiре бере жиналған халық бiздi қарсы алды. Iс-шараға арнайы шақырылған меймандар Ардагерлер кеңесiнiң орынбасары, ауыл шаруашылық саласының ардагерi, ауданның құрметтi азаматы Әбжамалов Тыныштық, Жангелдин ауданы iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы Қошеметова Жадыра Қуанышбекқызы, кәсiпкерлiк бөлiмiнiң басшысы Дүйсенова Сәуле Бақытжанқызы, және аудандағы бес музей қызметкерлерi келiп қатынасты.
Тағылымы мол iс-шара қазiргi уақыттың талабына сай карантин ережелерiн сақтай отырып, отызға жуық келушiлердiң қатысуымен өттi. Iс-шараның алғашқы сөзi Торғай мұражайлар кешенiнiң директоры Сәрсекеева Гүлбану Құлетқызының сөзiмен басталып, артынша Арқаның кербез сұлу Көкшетауынан барған Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң басшысы Құдайберлi Рахымбекұлының тағылымды дәрiсiмен жалғасты. Екi тарап басшыларының ғылыми-тәрбиелiк бағыттағы дәрiстерiнен соң, Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық мұражайымен Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң арасында ынтымақтастық келiсiм меморандумына қол қойылды. Тағылымды дәрiстен тұшымды ой түйген осы кенттiң тұрғындары өздерiн қызықтырған сұрақтарын қойып пiкiр алмасыпта үлгердi. Iс-шараның қатысушыларына Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн «Ғажайып өмiр баспалдақтары» атты жылжымалы көрме таныстырылды. Жиналған меймандар рухани тыныс алып, өз ризашылықтарын да бiлдiрiп жатты.
Сонау Көкшеден үлкен үмiтпен келген ғылыми-экспедиция мүшелерi тарихы терең Торғайдан рухани әсер құшағында елге аттанды.
23.04.2021
Просмотров: 728