КГУ «Музей Малика Габдуллина»
управления культуры Акмолинской области
KZ RU EN
Жас қазақ

Абай айтқандай «құлақтан кiрiп бойды алатын» әуендi де асқақ, жақсы әннiң бiрi «Жас қазақ» екенiн бiлемiз. Осы әндi соғыс кезiнде, ұрыс майданында жас композитор Рамазан Елебаев шығарыпты деген сөздi де жұрт естiген. Бiрақ, «Жас қазақтың» қашан, қалай және қандай оқиғаға байланысты туғанын бiлушiлер аз. Сондықтан осы әннiң шығу жайын айту қажет сияқты.

Ең алдымен, композитор Рамазан Елебаевтың өзi туралы бiр-екi сөз.

Соғысқа дейiн мен Рамазанды Алматыда сырттай көрiп жүрдiм. Бiрақ, бiр-бiрiмiзбен танысып, сырлас болған адамдар емеспiз. Онымен алғаш рет Москва түбiнде, Ново-Никольский деп аталатын селода, мата тоқу фабрикасының клубында таныстық. Ол былай болып едi.

Москва түбiнде фашистiк басқыншыларға қарсы жүргiзiлген сұрапыл соғыстарға екi айдай үздiксiз қатысқан бiздiң дивизия 1941 жылғы декабрь айының 16-нда демалысқа шықты. Бiздiң полкiмiз демалу үшiн Нахабино селосына орналасқан едi. Бұл арада бiраз күн тұрдық та кейiннен Ново-Никольский селосына көштiк.

Демалыс деген аты болмаса, жiгiттермен күн сайын әскери сабақ жүргiзiп, оларға соғыс өнерiн, қолдағы қару-жарақтан ату техникасын үйретудемiз. Сөйтiп жүрген кезде бiздiң полкымызға жаңа жiгiттер келiп, қатарымызға қосыла бастады. Полк бойынша оларды қабылдайтын комиссия құрылған едi. Комиссия мата тоқу фабрикасының клубына орналасып, өзiне жүктелген мiндетiн атқарып жатқан-ды.

1942 жылғы январь айының 7-сi. Таң жаңа ғана бiлiне бастаған мезгiл едi. Комиссия мүшелерiнен Балтабек Жетпiсбаев (полктағы комсомол бюросының секретары), Александр Данилов үшеуiмiз кезекшi болып отырмыз, жаңадан келген жiгiттердi күтудемiз.

– Екi күннен берi ұйқы көрмедiңдер ғой, — дедi Балтабек Данилов екеуiмiзге, — келесi эшелон келгенше көз шырымын алыңдар, мен отыра тұрайын.

– Көп рахмет. Мұндай туысқандық қамқорлығыңа басқалар қарсы болу мүмкiн, ал мен қарсы емеспiн, — дедi де, полк штабы бастығының көмекшiсi аға лейтенант Данилов бұрышта тұрған диванға құлай кеттi.

– Сен неге отырсың? — дедi Балтабек маған, — мына Даниловтың қасына жат та, демал. Жаңа жiгiттер келгенде екеуiңдi де оятып алам.

– Мақұл.

Қанша ұйықтағанымды бiлмеймiн, Балтабектiң «тұр, тұр» деген дауысын естiп орнымнан атып тұрсам, комиссия отырған бөлмеге бiраз жаңа жiгiттер келген екен. Олармен Данилов және комиссияның басқа да мүшелерi әңгiмелесе бастапты. Бұларға Балтабек екеуiмiз қосыла кеттiк.

– Уа, бауырым, амансың ба? — деп ұзын бойлы, танауының астына ғана қойған мұраты бар, ашаңдау келген ақсұр жiгiт маған қол бердi. Бiрден тани кеттiм. Рамазан Елебаев екен. Құшақтаса көрiсiп жатырмыз. Сол жерде мен оны Балтабек пен Даниловқа таныстырдым.

– Бұл жiгiт белгiлi композитор, — деп жатырмын. Және Рамазанға қарап: — композиторлық қару-жарағыңыздың қайсын ала келдiңiз? — дедiм.

– Алты тiлдi гармоным бар. Жiгiттердiң iшiнде домбырасын ала келгендер де кездеседi.

– Сiздi полктың қай батальонына бөлдi?

– Әзiр комиссиядан өткен жоқпын, — дедi Рамазан.

– Бұл композитор жолдасты полктың қай бөлiмiне жiберу мәселесiн комиссияның председателi шешер, — дедi Данилов, — оған дейiн, Елебаев жолдас, демала тұрыңыз.

Жаңа келген жiгiттердi комиссия қабылдап, батальондарға жiберiп жатыр. Ал Рамазан екеуiмiз бiр бұрышта әңгiме соғып отырмыз.

– Мiне, сiздердiң қатарларыңызға мен де келiп қалдым, — деп бастады Рамазан әңгiмесiн, — панфиловшылардың даңқы бүкiл жер жүзiне жайылды ғой. Сiздердiң соғыстағы ерлiктерiңiзге бүкiл ел, халық разы, мақтаныш етiп отыр. Тылдағы жолдастардың бәрi сiздерге келiп қосылуды арман етуде. Сондай армандаушының бiрi өзiм болдым. Соғыс комиссариатына арыз берiп, осы дивизияға жiберудi сұрандым.

– Сiз әскер қызметiне шақырылудан босатылғандардың қатарындасыз, — дедi военкоматта iстейтiн бiр капитан. — Сондықтан алаң болмай жүре берiңiз.

– Маған ондай жеңiлдiктiң қажетi жоқ. Денiм сау, жас жiгiтпiн. Өз қатарымнан қалғым келмейдi. Менi де әскерге шақырып майданға, панфиловшылар дивизиясына жiберуiңiздi өтiнем, — дедiм.

– Осы бәрiңнiң сұрайтындарың, жiбер дейтiндерiң — панфиловшылар дивизиясы, — деп капитан күле қарады. — Одан басқа дивизияға барғыңыз келмей ме?

– Маған совет әскерiнiң бәрi бiрдей. Жаумен қолма-қол соғысып, фашистердi қырғым келедi, — дей салдым. Бiрақ арманым — панфиловшыларға қосылу екенiн қайталап айтпадым. Айтсам, капитан ашуланып қалар да тiлегiмдi орындамай қояр деп ойладым.

– Жақсы, өтiнiшiңiздi военкомға айтайын. Ертең келiңiз, — дедi капитан.

Ертеңiне военкоматқа қайта келдiм. Кеше өзiм сөйлескен капитанға жолықтым. Ол менi военкомға алып барды. Военком орта жастан асқан майор екен, жылы шырай бiлдiре әңгiмелестi, тiлегiмдi тыңдады.

– Жарайды, бүгiн комиссияға түсесiз, — дедi ол.

Сонымен не керек, комиссиядан өттiм. Басқа жiгiттермен бiрге әскер қатарына алындым. Бiраз уақыт казармада жатып, әскер оқуын оқыдық. Содан, мiне, өздерiңiзге келiп қалдық, — деп Рамазан осы кезде қасымызға келген Балтабекке қарады.

– Дұрыс. Айтпақшы, әскери атағыңыз бар ма?

– Менде ешқандай да әскери атақ жоқ, болған да емес, қатардағы жауынгермiн. Шынымды айтсам, сiздерге қосылғаныма өте қуаныштымын.

Рамазанмен әңгiмелесiп отырғанда комиссияның бөлмесiне Бауыржан Момышұлы келiп кiрдi. Ол өткен айда бiздiң полкқа полк командирiнiң орынбасары болып келген. Қазiр ол жаңа келгендердi қабылдайтын комиссияның председателi едi. Бiз оны әскери тәртiппен қарсы алдық. Мен оған Рамазанды таныстырдым.

– Жолдас капитан, — дедiм Баукеңе, — мына Рамазан Елебаев жолдасты бiлетiн боларсыз. Талантты жас композитор, былтыр Москвадағы Театр өнерi институтының композиторлар даярлайтын бөлiмiн бiтiрген, шығарған әндерi де бар…

– «Жолдастар», «Қазақстан», «Қуаныш» дейтiн әндердiң авторы емессiз бе? — дедi Бауыржан.

– Иә, солай.

– Сiздi бұрын көрмесем де әндерiңiздi бiлем. «Жолдастар» былай айтылатын едi ғой, — деп Баукең, ән әуенiн ыңылдап айта бастады. — Жақсы ән. Жарайды, жаумен соғысу үшiн майданға келгенiңiз құптарлық iс. Ендi әдемi әндерiңiздi автомат пен пулемет арқылы да орындайтын болыңыз, — деп күлiп қойды.

– Е, онда сөз бар дейсiз бе? — деп Балтабек қостап жатыр.

– Партияда барсыз ба?

– Жоқпын. Комсомолда болған едiм, қазiр одан жасым асып кеттi ғой.

– Жолдас капитан, Елебаевты қай батальонға жiберуiмiз керек, — дедi Данилов.

– Тоқтай тұрыңыз. Бiзге жаумен соғысатын жауынгер де, композитор да керек. Қазiр осында полк комиссары Мұхамедьяров келедi, сонымен ақылдасайық. Бәлкiм, композитор жолдасты өз мамандығы бойынша пайдаланармыз.

Ертеңгi сағат он шамасында комиссия отырған бөлмеге полк комиссары Мұхамедьяров келдi. Бiз оған Рамазан жайын баяндадық. Комиссар Рамазанмен бiраз әңгiмелестi. Содан соң: «Елебаев жолдасты менiң қарамағыма қалдырыңыз», — дедi ол Даниловқа.

Сол күннен бастап Рамазан полк комиссарының секретары болып жұмысқа кiрiстi. Анда-санда онымен кездесiп қалғанда:

– Қалай, Рамазан, осында келгелi қанша ән шығардыңыз? — деп қалжыңдаймыз.

– Бiр де ән шығарған жоқпын, — дейдi ол. — Ән дегенiмiз халықтың тарихында, жеке адамдардың өмiрiнде болған елеуi оқиғалардан туады. Және адамның жан жүйесiн, ой сезiмiн тебiренткен оқиғаларды әнге айналдыру үшiн көп iзденiп, көп толғану керек. «Әу» дегеннiң бәрi әдемi ән болып шықпайды.

– Бұл айтқандарыңыздың бәрi де дұрыс шығар. Бiрақ, қазiр бiзге керегi жақсы ән, — деймiз. — Олай болса, бүкiл совет елi мақтаныш етiп отырған панфиловшылар туралы бiр ән шығарып берiңiз. Ол әнiңiз әдемi де асқақ болсын. Халқымыздың ерлiк рухын, гвардеецтердiң батырлық бейнесiн беретiндей болсын.

– Осы тiлектерiңiзге мен де қол қоямын, — дейдi Рамазан. — Жақсы ән бола ма, әлде нашарлауы бола ма, оны болашақ көрсетер. Әуелi жауынгерлердiң ерлiгiн өз көзiмiзбен көрейiк те сезiнейiк, содан кейiн бiрдеме туар…

Бiрақ, Рамазанның осы айтқан «бiрдемесi» Ново-Никольскийде тұрған кезiмiзде туа қойған жоқ. Өйткенi жаңа да жақсы ән шығару үшiн композиторға уақыт керек, жағдай керек екен. Ал, мұндай мүмкiндiк онда болмады, уақытының көбi күнделiктi жұмыспен өтiп жатты.

Бiр күнi Рамазан бiздiң ротаға келдi. Бұл кезде бiз жiгiттердi мылтық ату өнерiне үйретiп жатыр едiк. Ол автоматтан шапшаңдата атып жатқан жiгiттерге сүйсiне қарай қалыпты.

– Қалай, Рақа, ұнай ма? — дедiм.

– Ұнағанда қандай, ғажап екен! Қалай, қалай зырылдатады! — деп автоматчиктерге таңданып тұрды.

– Сiз де атып көрiңiз.

– Оқты нысанаға тигiзе алмай, жiгiттердiң алдында ұятқа қалармын.

– Оқасы жоқ, бiрден мерген болған жауынгер аз. Сiз де үйренiп кетесiз. Мә автомат, оқтаңыз да атыңыз.

– Келесi жолы болсын. Қазiр асығыспын, үшiншi батальонға бара жатыр едiм. Егер уақытым болса, кешке келермiн, әңгiмелесермiз.

– Келiңiз, күтемiз.

Күн батты, күндiзгi қызмет аяқталды. Ротадағы жiгiттер кешкi тамақтан кейiн клубқа кино көруге кеттi. Рота командирi Соловьев екеуiмiз взвод командирлерiмен мәжiлiс өткiзiп, күндiзгi оқудың қорытындысын шығардық, ертеңгi жұмыс жайын ақылдастық.

Астан кейiн әдемi әңгiме басталып кеттi. Мұндайда Балтабек сөзге шебер-ақ. Ол Рамазанды таныстырып, үлкен композитор деп жатыр. «Ән мен күйдiң құдайы осы жiгiт. Өзiнiң шығарған әндерi өте көп. Ертең, Соловьев, сен туралы да ән шығарады, оны әуелi екеуiмiз қосылып айтатын боламыз» деп те қойды.

Балтабектiң бұл сөзiн естiгенде Рамазан қатты ұялғандай болып, екi бетi қызарып кеттi. Жаратылысында аса кiшiпейiл, қыз мiнездi, ұялшақ, «мен» деп айтуға батылы бармайтын Рамазан , қазiр үндемей төмен қарап қысылып отыр.

– Елебаев жолдас әнiн қазақша шығаратын болар. Оны басқа ұлттың адамдары орындай ала ма? — дейдi Гадько.

– Әдемi ән адамның ұлтын таңдамайды, — деп Ербатыр сөзге кiрiстi. — Орыстың әндерiн қазақ та, қырғыз да айтады. Жақсы ән барлық халыққа ортақ, тумасы болып кетедi.

– Ол рас, — дедi Соловьев.

Осыдан былайғы әңгiмемiз ән, музыка жайына ауысып кеттi. Әрқайсымыз жақсы әннiң барлық ұлтқа ортақ екендiгiн дәлелдемек болып, орысша, қазақша өзiмiз бiлетiн әндердi айта бастадық.

– Қап, музыкалық аспабымыздың жоғын-ай, — деп өкiндi Бахтияр.

– Гармоныңды осында бекер ала келмеген екенсiң, — деп Балтабек Рамазанға қарады.

– Ән салатынымызды бiлмедiк қой. Келесi жолы есте болсын.

Ән мен өлеңдi бiрiмiз бастап, басқаларымыз қостап дегендей, өзiмiз отырған кiшкене бөлменi басымызға көтерiп жатырмыз. Дауысымыздың қалай шығып, ән ырғағын қалай келтiрiп жатқанымызда жұмысымыз жоқ.

– Шiркiн, әдемi ән жанға рахат қой, — дейдi Балтабек. –Көңiл көтерiлiп, жақсы тынығып қаласың. Солай емес пе, Рамазан?

– Солай. Оныңыз дұрыс сөз.

– Айтпақшы, сiзден бiр нәрсе сұрағым келедi, — деп Соловьев Рамазанға қарады. — Мен композитор да, әншi де емеспiн. Солай болса да әндi жаным жақсы көредi. Бiрақ сол жаным сүйетiн әндердiң қалай туатынын бiлмеймiн. Сiз композитор екенсiз, әндi қалай шығарасыздар?

Күнiмен ән салып, өлең айтқаны болмаса, басқа әңгiмеде үндемей тек тыңдаумен отырған Рамазан, Соловьевтың сұрауына жауап қайыра бастады. Оның сөзiн бәрiмiз ықылас сала тыңдай қалдық.

Рамазан әуелi ән дегенiмiз не екенiн, сонан соң оның қалай туатынын аса қызықты етiп әңгiмелеп кеттi. Ән шығару көңiл күйiне, көп iзденуге, тебiренiп, толғануға байланысты екендiгiн де айтты. Осы ретте ол атақты орыс, қазақ композиторларының әндерi қалай, қандай жағдай, қандай оқиғаға байланысты туғандығынан мысалдар келтiрдi. Ал өзiнiң композиторлық еңбектерi, әндерi жайында бiр ауыз сөз айтпады. Неге айтпайсың деп бiз де сұрамадық.

– Бәрекелдi, көп рахмет, ән туралы жақсы әңгiме айттыңыз, — дедi Балтабек Рамазанға. –Ал, бұдан бұрын бiздiң сiзге жасаған өтiнiшiмiз сол күйiнде. Сiз алдағы күнде гвардеецтер туралы бiр әдемi ән шығарып берудi басты мiндетiм деп бiлiңiз, оны ұмытпаңыз.

– Мақұл, — деп Рамазан бәрiмiзге қолын ұсынды. Бұл оның жауынгер жолдастарына берген уәдесi сияқты болып көрiндi.

Дата публикации: 14.05.2018 10:12

Последние изменения страницы: 14.05.2018 10:12

Читать все новости

Акорда Министерство иностранных дел Республики Казахстан АО «ЕНПФ» Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау