Құрметтi оқырман достар!
Кеңес Одағының батыры, академик, ғалым Мәлiк Ғабдуллиннiң, замандасы Қарағанды облысы Жездi ауданының тумасы, жазушы Мұқан Иманжановқа жазған хатын назарларыңызға ұсынамыз. Хатта Мұқан Иманжановтың "Алғашқы айлар" атты кiтабына ғылыми талдау жасап, достық көңiлмен ақыл кеңесiн бередi.
Хаттың түпнұсқасы Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қорында сақтаулы.
Құрметтi Мұқан!
«Алғашқы айларыңды» оқыдым. Бұл жөнiнде ойға келген азын — аулақ пiкiрiмдi рецензия ретiнде газетке жазудан да өзiңе айтуға дұрыс көрдiм. Мүмкiн, келешекте «Алғашқы айларды» қайта өңдейтiн де боларсың. «Сол кезде есiне алар» деген оймен, қысқа түрде болса да, пiкiрiмдi жолдап отырмын.
Мен «Алғашқы айларды» автордың тырнақ алдысы болса да жұртшылықтың назарын аудартқан, аса актуальды тақырыпқа жазылған, тартымды еңбек екенiн дәлелдеп жатпаймын. Ол белгiлi. Мен оның осал жағына көңiл бөлмекпiн және алдағы күнде жөндеп толықтыруыңды (бұл көптеген жазушылардың тәжiрибесiнде бар ғой. Мәселен: Сәбит, Ғабит т.б.) сұраймын.
1. Жақыпбек образын әлi де болса айқындай түсу керек. Жаңалық пен жақсылық Жақыпбек арқылы ғана келдi деген ұғым туып қалмасын. Оны тек мектеп iшiнде ғана емес, колхоз өмiрi арқылы да (Керей, Есенбектер мен тығыз байланыстыра отырып) көрсеткен жөн.
2. Колхоз жайын молырақ айту, ондағы еңбек ерлерiн көрсету қажет. Сол колхоздан шыққан Социалистiк еңбек ерлерiнiң iсiн балаларға үлгi ету жағын ескерсе қандай оңды болар едi. Еңбектiң ерi атағына кiм қалай жеттi дегендi балаға үлгi ретiнде алса (олардың iсi, еңбегiмен көрсетсе) ұтымды болар ма едi? Әлде қайтер едi?
3. Орыс халқы арқылы ауыл тұрмысына енген мәдени жаңалықтарды көрсетуге көңiл бөлу керек. Радио, электричество дегендердi ғана айту аздық етедi. (Кейбiр жерлерде ескi салт, әдеттер бар екендiгi белгiлi. Тiптi, үй iшiне стол, стулья қоюдан да жерге отыра кетудi жақтаушылар да кездеседi. Қаладан оқып келгендердiң киiмiне, галстугiне күлетiндер де табылады).
4. Күдерiнi ескiшiл етiп көрсетерлiк дәлелiң аз. Бары көңiлге қонымсыз. Сондықтан оған ескiшiл деген атақты таға салуың қисынсыз. Күдерi де совет мұғалiмi екендiгiн ескере отырып, оның бойындағы кемшiлiктерiн басқаша дәлелдеу қажет.
5. Колхоз бен мектептi байланыстыру керек деген ойыңды толықтыра, дәлелдей түскейсiң.
6. Баланың тiлiн, психологиясын, ой — сезiмiн жете бiлу қажет ақ. Сенiң балаларың (Жарқын, Сейтен т.б.) үлкендерше ойлап, үлкендерше сөйлейдi. Баланың ерекшелiгiн (тiлi, психологиясы, ой — сезiмi т.б.) молырақ зерттегенiң жөн.
7. Байсалдың образы шықпай қалған. Ол пионерлердiң вожатыйы емес, қалжыңбас бiреу.
8. Пионерлердiң тұрмысын молырақ зерттей түспегенiң көрiнiп тұр.
9. Керей арқылы партия ұйымының iсiн, басшылығын көрсетем деген ойың дұрыс. Бiрақ ол ойыңа жете алмапсың.
10. Үлкен ойға сай тiл көркемдiгi болу керек қой. Сенде журналистiк тiл басым келiп отыратыны байқалады.
Осыны да ойланғайсың.
Әзiрге жазарым осылар. Бiраз ойымды өзiңмен жолығып сөйлескенде айтармын.
Сәлеммен Мәлiк
22 февраль 1951 ж.