КГУ «Музей Малика Габдуллина»
управления культуры Акмолинской области
KZ RU EN
Қадірлі Бауке!

Бiрi аға, бiрi iнi боп сыйласқан Бауыржан Момышұлы мен Мәлiк Ғабдуллин қан майданда қару мен қаламды қатар ұстаған жандар. Сiздердiң назарларыңызға Кеңес Одағының батыры, жазушы Мәлiк Ғабдуллиннiң ағасындай болған Бауыржан Момышұлына жазған хатын ұсынамыз. Хатта Отан үшiн от кешкен, оқпен оттың арасында ерлiк көрсеткен қазақтың батыр жiгiттерi жайында ой толғап, бауырлық сағыныштарын, iшкi сырларын бүкпесiз жазғандарын көруге болады.

Хатты төте жазудан кирилл қарпiне түсiрген: Асылбек Байтанұлы.

Хат Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қорында сақтаулы.

Қадiрлi Бауке!

Сiзден бүгiн бiр хат алып едiм. Арасынан үш хат шыға келдi. Сағынған жүректен мың рахмет айтумен хатыңызды оқыдым. Аман — саушылықтарыңызға қуанып жатырмын.

Ол рас, сiзден көптен берi хат-хабар болмаған. Бiрақ қайда және не жасап жүргенiңiзден хабарым бар едi. Сондықтан хат жазбады деп өкпелей алмаймын. Егер кейбiр хаттарымда өкпе секiлдi бiр нәрселер болса, ол өкпе емес, ол назым екенiн есiңiзге алыңыз.

Мен сiзге көптеген хаттар жазғам. Оның бiразын Құрманбек жинап алса керек. Сiзге ол жолдар деп ойлаймын. Өткен айда Есмаған Ысмайылұлының адресiне сiзге деп бiр үлкен хат жолдап жiбергем. Оны алған да боларсыз. Сол хаттарымда бiраз сырлар бар едi.

Сiз Алматыға барғанда көп еңбек iстегенiңiздi естiп, қуандым. Өте жақсы iс жасағансыз. Ол еңбектер халқыңыз үшiн өте бағалы, аса асыл қазына деп бiлемiн. Мұндай еңбек қазақ халқының атағын шығару, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында өте көп қызмет атқаруы сөзсiз. Шынында да халыққа қызмет етуден артық не бар? Бiрақ осы қызмет ету дегендi терiс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп, ондайлардың ойынша қарның қампайса, қара басыңның бабы келiссе, үстi-басың дұрыс болса, — бұл халыққа қызмет еткенiң болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын, елдi де, ердi де ондайлар езедi. Езбесе езуге тырысады. Ондайлардың кейбiреуiн сiз кездестiрген боларсыз. Мұндай адамдар ұлт дегендi терiс ұғынады, одан қашады, тiптi қорқады айта берсек, пәле жауып сенi ұлтшыл етiп көрсетуге тырысады. Национальная гордость дегенге терiс қарайды.

Биыл «Красная звезда» газетiнде Кривицкийдiң мақаласы шығып, бiздi бiр мақтандырып тастады. Сол бойынша мен бiрнеше мақала жаздым. Баяндамалар жасадым. Бауыржанды және басқа да батыр қазақ жiгiттерiн жұртшылыққа таныстырып жүрмiн. Сiз оқыған «Шынымен рас па?» деген мақала онша күштi емес. Дегенмен қазақ жастарының iстерiн елге таныстыруда еңбек сiңiру керек деп бiлем.

Былтыр мен ел жаққа барғанда қазақпыз дегендi баса айтым. Бауыржанды на щит славы көтердiм. Осыным кейбiр қыртылдарға ұнамаса керек. Мұнысына мен қарағам жоқ. На зло всем чертям дегендей әңгiменi баса-баса айттым. Ол жайды толық болмаса да шет жағасын естiген боларсыз.

Кәзiрде қазақ жiгiттерi жайында бiраз жақсы мақалалар жазып жүрмiн. Бiразын жақында Алматыға жiберем. Бұларда да қазақ жастарын көтеруге тырыстым. Рас, мен жазушы емеспiн. Бiрақ хат танып, майданда ерлiк жасап жүрген қазақ жiгiттерiн көргенде жазбауға дәтiм шыдамады. Шынында да бұл жазғандар әдебиет үшiн емес, ел үшiн, халықтың тарихы үшiн керек деп бiлем.

Алматыда жаңа наркоматтар құрылып жатыр деп естiдiм. Ол жақсы ғой. Бiрақ сол наркоматтарға қолынан iс келетiн, халық алдындағы борышын, мiндетiн түсiнетiн азаматтарды жiберсе қандай оңды болар едi. Бiрақ, ондайлар кейбiреулермен келiсе алмай ма деп қорқам. Түсiнерсiз.

Қазақ халқы батыр ел, осы елге соғыс ғылымын тарату, әскер өнерiн үйрету үшiн сол ұлттың өзiнен шыққан адамдарын тағайындау керек. Осы жөнiнде мен сiздi алып қалады ғой деп ойлап жүрушi едiм, соған дәмеленiп қуанушы едiм. Неге олай болмағанын қайдам? Ал, қазақтан шыққан бiр генерал бар деп естимiн. Мен оны көрген-бiлген адамым емес. Сырт хабарға қарағанда химияның адамы болса керек. Адамның, солдаттың өмiрiн дұрыс тану үшiн жаяу әскерде болу керек қой деймiн. Әйтпеген күнде соғысқа керектi адамды тәрбиелеу мүмкiн емес.

Соғыс өнерi туралы сiздiң пiкiрлерiңiз өте дұрыс. Соларды ұлғайтып жаза берген жөн- ау деймiн.

Әлгi наркоматтарға қазақтан қою дегенiм — ондай адам халық алдында, оның тарихы алдында жауапты болар едi, егер санасы болса мұны ондай адам түсiнуге тиiстi. Ал басқа адам болса — келедi, кетедi бола бермек. Одан халыққа келер пайда да, зиян да жоқ және бар. Бұл сiзге түсiнiктi болар деймiн.

Сегiзiншi туралы онша толық хабарым жоқ. Бiрақ қара бақырауық кеттi деп естiдiм. Мен оған сiздiң барғаныңызды қолдайтын едiм. Бiрақ сiз оқитын болған соң оған бiр орынды адам ұсыну керек. Бiзше, Капров дұрыс қой. Рас, ол кiсiнiң мiнезi көңiлшек. Бiрақ, бiздiң жiгiттерге жақсы қарар едi, қамқор болар едi, бұған жiгiттер де разы болар едi деп ойлаймын.

Мадияр сонда әлi орынбасар көрiнедi. Сол жiгiтi не оқуға, не Қазақстандағы наркомат оборонға алдырған жөн. Осы жөнде Шәрiпұлымен сөйлессеңiз қалай болар едi?

Алматыдағы әдебиетшiлермен араласқан боларсыз. Сырт хабарға қарағанда Мұхаң Абайды операға айналдырып жатыр деп естимiн. Бұлай етсе — ол дұрыс емес. Расында Абай драма сахнасына жараса да, операның барылдағын көтермес. Операға ана Ақан серi, Бiржан салдар дұрыс қой. Абайды жеңiл-желпi нәрсеге апарып сағалата беруге болмас. Бұған сiз қалай қарайсыз?

Сәбит бiздiң жаққа келiп, бiраз материалдар жинап алып қайтты. Сiз туралы Сәбит жақсы пiкiрлер айтты. «Бауыржан — қазақтың «тусаң — ту» дейтiн ұлы екен» дедi ол.

Сiз академияда лекция оқығанда оған барлық жазушыны шақыртпағаныңыз қалай? Әлгi Әлжаппар бауырыңыз өкпелеп жатқан жоқ па?

Оқу оқығаныңыз жақсы болған. Бiраз бiлiм алып, iске кiрiскенiңiз тамаша болар едi деп ойлаймын. Ол болашақ үшiн керек қой.

Менiң өз жайымда айтарлық жаңалықтар жоқ. Аман-сау жүрiп жатырмын. Балтабектен анада бiр хат алып едiм, батыс майданында резервтемiн деген едi. Содан соң хабар болмай кеттi.

Февраль айында менi кезектi әскер атағына жiберген едi. Онымды Мәскеу бекiтпей қайырыпты. Әскерде бұрын болмаған, соғыс жөнiнде бiлiмi жоқ, академия бiтiрсiн деген дәлел айтыпты. Онысы дұрыс. Бiрақ соғыс бiтсе, аман қалсақ болды деп мен отырмын. Менен не қылған әскер маманы шығар дейсiз.

Биыл мен ғинуар айында Мәскеуде болғам. Сонда менi қызметке алып қаламыз деп әурелеп едi, мен разы болған жоқпын. Ал, соңымнан қағаздар келсе керек, оны бұл арадағы бастықтар маған айтқан жоқ. Дегенмен, Мәскеу алдымнан өтiнiп, менi осында орнымша қалдыруды сұратып алып қалған сияқты. Ал соңғы кезде сол әңгiме тағы көтерiлiп жүр. Ендi шақырса келiсiм берем. Сiзге жақын барғым келедi.

Биыл майданда жүрiп «Орыс еместер арасында тәрбие жұмысы» деген тақырыпта кiтапша жазып Мәскеуге тапсырған едiм. Оным жақында басылмақ көрiнедi. Көлемi 3 баспа табақ.

Айтпақшы, Сәбиттегi қолжазбаларым өз алдына кiтапша болып шығатын болды. Оны Сәбиттiң өзi айтты, орысшаға да аударылады деседi. Бұл жөндегi айтқаныңызды еске алам.

Ел арасы қызық қой. Бiреуге жағасың, бiреуге жек көрiнесiң. Әсiресе кейбiр жаман қазекең өсек жағын өршiте жөнеледi емес пе? Жолдастардың өкпелi екенiн бiлем.

Бауке! Мен көбiрек жазып жiбердiм-ау деймiн. Осымен бiр жолғы хатымды доғарам. Келесiде тағы толық хат жазармын. Хатыңызды күттiм. Алақайлап бетiңiзден сүйген жаман бауыр iнiңiз Мәлiк деп бiлерсiз.

26 апрель. 44 жыл.

Төте жазудан кирилл қарпiне

түсiрген: Асылбек Байтанұлы. 23.04.09

Дата публикации: 22.06.2021 11:46

Последние изменения страницы: 22.06.2021 11:47

Читать все новости

Акорда Министерство иностранных дел Республики Казахстан АО «ЕНПФ» Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау