Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Көкшетау Техникалық Институтындағы кездесу

9 қаңтар күнi Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қызметкерлерi түсiрген «Баубек Батыр» деректi фильмi Көкшетау Техникалық Институты аудиториясында көрсетiлдi. Жас сарбаздарды даналардың сөзiне көңiл аударсын, адал жанды өнеге тұтсын деген таза ниет арқалаған музей қызметкерлерiн жаңадан жөндеуден өтiп, әлi де болса сыр иiсi аңқып тұрған салтанат залына кiрген бойда институт басшысы азаматтық қорғау полковнигi Сырым Шәрiпханов жылы қарсы алды. Жаңарған залдың бiрiншi боп есiгiн ашқан бүгiнгi кездесуiмiз екен. Есiмiзге бiрлесiп өткiзген талай-талай iс-шаралар түстi. Әуенi достық пейiл жайлап сала бердi. Офицерлiк құрам мен сарбаздар әскери тәртiпке сай тез жиналды.

Елiмiздiң төтенше жағдайлар бойынша бiрден бiр осынау оқу орнын дөңгелетiп басқарып отырған Сырым Дүйсенғазыұлы өзiнiң алғы сөзiнен кейiн кезектi музей басшысы Құдайберлi Мырзабекке ұсынды. Жиналғандарға Баубек Батыр туралы деректi фильм көрсетiлiп батыр өмiрiнен ғана емес, жастардың көкейлерiне қонар елiмiздiң бүгiнi мен ертеңi жайлы сыр шертер астарлы әңгiме қозғалды. Құдайберлi Рахымбекұлы фильмде бейнеленген оқиғаның тарихи алғышарттары, яғни өзiнiң әсерлi тiлiмен айтқанда, ұлан-ғайыр даланың қос бөрiсi қазақ пен жоңғардың шайқасы ғана емес, сол замандағы араларындағы қастығы менен достығы қатар жүрген өзара қарым-қатынасы жайлы әңгiмелеп қатаң тәртiп пен қысқа ғана сөз саптауға әдеттенген сарбаздарға көз алдарында орын алған оқиғадай етiп жеткiздi. Қазақтың кешегi ерлiгi мен серiлiгi дәуiрiн мысалға ала отырып, бүгiнгi күнгi адалдықпен ел болудың маңыздылығын жүректерiне қалағандай ұғындыруға тырысты. Осылайша бiр сағаттық кездесуде елiм, жерiм, қазағым дегiзiп жүрек өрбiтер талай — талай сөз айтылды.

Кездесу барысында қасымызда ұйып тыңдап отырған бiр офицердi сөзге тартудың сәтi түстi. Азаматтық қорғаныс подполковнигi Денис Лысенконың айтуынша, ауызша баяндалған ой мен қосымша бейнефильмнiң көрсетiлгенi, мәтiндi оқығаннан гөрi көкейге оңай қонады екен. «Залға кiрген кезде, бұндай қызықты мәлiмет аламын күтпеген едiм. Әдетте, қазақша айтылғанның үштен бiрiн ғана ұғып жататынмын. Әсiресе, батырдың саусағын кесiп қалдырғаны мен үшiн өте эмоционалды болды» — деп ағынан жарылды ол.

Фильм көрсетiлiмiнен кейiнгi сарбаздар күшiмен әзiрленген шағын концерт жиналғандардың көңiлiн көтердi. Ерекше әсер берген Нұрдаулет Ақан орындауындағы «Бiздiң елдiң жiгiттерi» атты әнiнен кейiн арындаған Ақтанбердi жыраудың «Күлдiр-күлдiр кiсiнетiп» атты термесiмен Ералы Мәдидi тыңдағандар рухтана түстi. Елубай Бақытжанның орындауындағы «Қазақ осы» әнi, Орынғали Телжанның орындауындағы «Ерке сылқым» күйi де көрермен ойынан шықты.

Кездесу соңына қарай бiр топ сарбаз Құдайберлi Рахымбекұлын ортаға алып сауалдарын қойған жастардың ойлары мен армандары дұрыс бағытта өрбiп жатқаны оларды толғандыратын сұрақтарынан анық байқалды. Бұл кездесуден бiз де әсерлi қайттық.

 

       

09.01.2019

Қараулар: 1122

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау