Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубының слетi

Елiмiзде Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, ұлағатты ұстаз — Мәлiк Ғабдуллиннiң есiмi берiлген 9 мектеп бар. Осы мектептердiң басын қосып, 2016 жылы Мәлiк Ғабдуллин музейi «Жас ғабдуллиншiлдер» клубын құрған болатын. «Жас ғабдуллиншiлдер» клуб мүшелiгiне оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсендi араласатын оқушылар қабылданды.

Балалар жылы аясында Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұйымдастыруымен 2022 жылдың 11 мамыры күнi М.Ғабдуллиннiң туған жерi Зерендiде бiрiншi республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубы слетiнiң салтанатты ашылуы өттi.

«Жас ғабдуллиншiлдер» клубының слетiне Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп; Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Ертай ауылы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп; Жамбыл облысы, Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп; Түркiстан облысы, Мақтарал ауданы, Бескетiк ауылы М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектеп; Ақтөбе қаласы М.Ғабдуллин атындағы №70 орта мектеп; Көкшетау қаласы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын мектеп-гимназиясы; Ақмола облысы, Зерендi кентi М.Ғабдуллин атындағы жалпы бiлiм беретiн орта мектептiң оқушылары, директорлары мен жетекшi мұғалiмдерi қатысты.

Iс-шара Зерендiдегi Мәлiк Ғабдуллиннiң ескерткiшiне гүл шоғын қою рәсiмiнен басталды. Ескерткiш қасында Зерендi ауданының құрметтi азаматы, аудармашы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ғосман Төлеғұл сөз сөйлеп, батыр рухына тағзым еттi.

Кейiн Зерендi мәдениет үйiнде «Жас ғабдуллиншiлдер» слетiнiң салтанатты ашылуы өттi. Iс-шара Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова мен Ақмола облысы бiлiм басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Балапайқызы Дүйсенованың құттықтау сөзiмен басталып, келген қонақтарға музейдiң жылдар бойы атқарған еңбектерiн жiпке тiзген моншақтай қып жеткiздi.

Сахна төрiндеелiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген «Жас ғабдуллиншiлдер» Мәлiк Ғабдуллинге арнау оқыды және 13 оқушы «Жас ғабдуллиншiлдер»клубының мүшелiгiне өтiп, ант қабылдады.

Зерендi аудандық маслихатының хатшысы Ауғалиев Қайрат Досымұлы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, Зерендi ауданының құрметтi азаматы, аудармашы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры Құдайберлi Рахымбекұлы Мырзабек «Жас ғабдуллиншiлдерге» арнайы куәлiк пен төсбелгi табыстап, оларға өздерiнiң iзгi тiлектерiн бiлдiрдi.

Мәлiк Батыр есiмiн ұлықтауға келген қонақтарымыз түскi астан кейiн, жер шоқтығы киелi Көкшетауға жол тартты. Олар бiрден «Даңқ» саябағындағы Мәлiк Ғабдуллиннiң ескерткiшiне барып, Батыр рухына тағзым етiп, гүл шоқтарын қойды. Содан соң, кезiнде Мәлiк Ғабдуллин бiлiм алған М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын мектеп гимназиясына тоқтап, мектептiң iшкi жұмысымен танысты, Мектептiң мың бұралған бишiлерi, күмiс көмей әншiлерi, домбыраны күмбiрлеткен күйшiлерi келген қонақтарға тамаша көңiл-күй сыйлады.

М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын мектеп гимназиясынан шыққан қонақтар Ақмола облыстық тарихи-өлкетанужәне Мәлiк Ғабдуллинмузейiнiңэкспозициялық залдарымен танысып, Көкшетаудың көрiктi жерлерiне саяхат жасады.

«Көкшетау!

Өте пәк, өте кербез, өте керiм,

Мекке мен Мәдинадай мекен едiң» деп ақын Алмас Темiрбай жырға қосқан Көкшетаудың сұлулығына тамсанған оқушылар мен жетекшi мұғалiмдердiң сезiмдерiн сөзбен айтып жеткiзе алмағандығы, нұр шашқан жүздерiнен де байқалып тұрды.

Кешкi астан кейiн қонақтарымызға арнап би кешi мен жарыс ұйымдастырылды.

Осылайша слеттiң алғашқы күнi өте керемет аяқталды.

Слеттiң екiншi күнi музей қызметкерлерi «Жас ғабдуллиншiлдер» мен олардың жетекшiлерiн таңғы астарын iшкен соң, жадыраңқы күйде екi автобуспен Мәлiк Ғабдуллиннiң туған жерi Қойсалғанға алып барды. Ол жерде Зерендi ауданының әкiмдiгi құшақ жая қарсы алып, екi киiз үйде қонақ қылды. Балалар домбырамен ән айтты, батырға арнау оқыды. Қонақтар Батырдың балалық шағы өткен Желтау тауына шығып, Мәлiк Ғабдуллиннiң бала кезiнде суын iшкен Өтес бұлағының суынан дәм татты. Музей қызметкерлерi оларға Желтау, Қойсалған тағы басқа елдi-мекендер жайлы толық мағлұмат бердi. Елiмiздiң әр жерiнен келген слетке қатысушылар суретке түсiп, өз әсерлерiмен бөлiстi.

«Сұңқар» сауықтыру орталығына келген балалар футбол, волейбол, баскетбол ойнап, кейбiрiбассейндежүздi. Жас мәлiктанушылардың өнерге деген ұмтылысы, спортқа деген құлшыныстары, олардың ерiк-жiгерi, ептiлiктерi көңiлге қуаныш ұялатты.

Барлық слетке қатысушылар тынығып алған соң, өз өнерлерiн көрсету үшiн, «Сұңқар» сауықтыру орталығының шағын мәдениет үйiне жиналды. Әр облыстан келген «Жас ғабдуллиншiлдер» шын ықыластарымен өз өнерлерiн ортаға салды. Оқушылардың өнерiне тәнтi болған жетекшi ұстаздар да шабыттанып, Арқаның төсiнде сал-серiлердiң әнiн шырқады.

Қазақстанның төрт төңiрегiнен келген слет қатысушыларының кез келген iске бiлек сыбана кiрiсiп кете алатынын, олардың ұйымшылдығын, бiр-бiрiн бөлмей, тез тiл табысып кеткенiн көрген бiздер де қуанып қалдық.

Слеттiң үшiншi күнi қатысушылар Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайымен танысса,клубжетекшiлерi ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры Құдайберлi Мырзабек жүргiзген пресс-конференциясына қатысты. Пресс-конференцияда жазушы, «Тiршiлiк» ЖШС директоры Жабал Ерғалиұлы сөз сөйлеп, Мәлiк тұлғасының шоқтығы биiк екендiгiн баса айтты. «Болашақ» сарайының басшысы Айнагүл Қыдырбайқызы «Жас ғабдуллиншiлдер» клубының жұмысын құптап, алдағы уақытта бiрлесе талай iс-шара өткiзсек деген ойын бiлдiрдi.Әр мектептiң мұғалiмдерi Мәлiк батырдың есiмiн жаңаша форматта насихаттау барысында өткен слеттен алған әсерлерiмен бөлiсiп, жергiлiктi БАҚ өкiлдерiне сұқбат бердi.

Пресс-конференция аяқталған соң, «Болашақ» сарайының төрiнде слеттiң салтанатты жабылу рәсiмi өттi. Бұл салтанатты жиында Көкшенiң сыйлы азаматтары «Жас ғабдуллиншiлдердi» құттықтап, Мәлiктей нар тұлғаның есiмiн асқақтатып жүргендерiне алғыстарын бiлдiрдi.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының бас маманы Дина Бейсембаева Мәлiк Ғабдуллиннiң есiмiн иеленiп отырған мектептердiң директорларына Мәлiк Батырдың елге жасаған орасан зор еңбегiн жас ұрпақтың санасына сiңiру барысында атқарған жұмыстары үшiн Ақмола облысы мәдениет басқармасының атынан алғыс хаттар табыстады.

«Болашақ» сарайының талантты жастары келген қонақтарға тамаша көңiл-күй сыйлады.

Осылайша, 3 күнге созылған республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» слетi жоғары деңгейде өтiп, өз мәресiне жеттi. Слетке келген барша қонақтар ұйымдастырушы музей ұжымына шексiз ризашылықтарын бiлдiрдi.

11.05.2022

Қараулар: 881

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау