Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Мәліктің рухы халықпен» атты танымдық-тағылымдық экспедициясы Алматы сапары

«Мәліктің рухы халықпен» атты танымдық-тағылымдық экспедициясының алғашқы күні қазақ руханиятының темірқазығы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінен бастау алды. Ұлт тарихы мен Алаш мұрасынан сыр шертетін қасиетті қарашаңырақта халқымыздың азат рухын айшықтайтын құнды жәдігерлермен таныстық. Әрбір мұрадан ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаның парасаты мен қайсар рухы сезіліп тұрды. Саналы ғұмырын ел болашағына арнаған Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы көңілге терең ой, жүрекке тағылым сыйлады.

Музей басшысы Райхан Имаханбет өзінің ұлт ұстазы жайында жазған Ғасыр саңлағы» атты әдеби туындысын және Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: Тіл мұраты, болмыс философиясы» атты роман-эссесін тарту етіп, рухани саяхаттың мазмұнын тереңдете түсті.

Сонымен қатар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне арнайы барып, халқымыздың дәстүрлі өнерінің баға жетпес мұраларымен қауыштық. Әсіресе қазақтың сал-серілік дәстүрінің қос саңлағы Біржан сал мен Ақан сері ұстаған түпнұсқа домбыраларды көру — жүрекке айрықша әсер сыйлаған тағылымды сәттердің бірі болды. Қасиетті қара домбырадан тараған үн мен рух Арқаның асқақ өнерін, қазақ болмысының биіктігін терең сезіндіргендей әсер қалдырды.

Сондай-ақ музей қорындағы әлемге қазақтың атын танытып жүрген өнер иесі Димаш Құдайбергеннің жеке аспаптар коллекциясын тамашалау ерекше әсер сыйлады.

Танымдық-тағылымдық экспедицияның екінші күні жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдық мерейтойының аясында өтетін «Мәңгілік тұлғалар» фестивалімен жалғасты.

2025 жылы Көкшетау төрінде алауы жағылған республикалық тұлғалық музейлер фестивалі бүгінде жаңа белеске көтерілді. Республикалық деңгейдегі игі бастама биыл ауқымын кеңейтіп, халықаралық мәртебеге ие болды. Айтулы мәдениет мерекесін «Жүз жасаған бәйтерек» – Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі жоғары деңгейде ұйымдастырып, төрге оздырды.

Бұл фестиваль жай ғана жәдігерлер шеруі емес, бұл — рухани сабақтастық пен тарихи жадының жаңғыруы болды.

Экспедицияның үшінші күнінде ХХ ғасыр гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Мәңгілік тұлғалар» атты II тұлғалық музейлер фестивалі өз мәресіне жетті. Тұлғалық музейлер фестивалінде жүлделі үшінші орынды Алматы қаласынан Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, (200 мың) жүлделі екінші орынды Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі «Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану» музейі, (300 мың) бірінші орынды Қырғызтан Республикасының Токтагул Сатылганов атындагы адабият музейі (400) еңшіледі.

Халықаралық фестивальдің бас жүлдесі Аcтана қаласы Музейлер дирекциясының Сәкен Сейфуллин музейіне (500 мың) бұйырды. Сонымен қатар фестивальға қатысушы музейлердің барлығына қатысқаны үшін (50 000) тг көлемінде жүлде қоры табысталды. Жүлдегер атанған әріптестерді жеңістерімен құттықтаймыз. Одан әрі, музейдің аға ғылыми қызметкерлері Майра Жолаушина мен Аягөз Махметова музеолог Нұрсерік Жолбарыстың «Музей ісінің заманауи трендтері» атты семинар-тренингіне қатысып, біліктілігін арттырды.

 

12.05.2026

Қараулар: 66

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау