Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Алты алаштың Жамбылы» көрмесінің ашылуы

13 шілде күні Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы болуына орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Алты Алаштың Жамбылы» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Көрмеге жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың жеке тұтынған заттары мен киген киімдері, сыйға тартылған жәдігерлерінен құралған барлығы 100-ге жуық экспонат қойылды.

Жылжымалы көрменің мақсаты қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, Алты алаштың Жамбылы мен фольклортанушы, академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің қазақ ауыз әдебиетіне қалдырған бай рухани мұраларын келешек ұрпаққа дәріптеу болып табылады.

Іс-шара Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың құттықтау сөзімен басталды.

Ашылу салтанатында М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі, Жамбыл Жабаевтың немересі Салтанат Жамбылова және философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі Ерболат Баятұлы сөз сөйледі.

Кешегі Өтеген, Сұраншы батырларды жырға қосқан Жамбыл Жабаев 1943 жылы даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинмен кездескенде жырдан шашу шашып, ықылас-пейілін білдірген болатын.

Сондықтан да батыр музейінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған Мәлік Ғабдуллин мен жыр алыбы Жамбылдың есімі қатар айтылады.

Бүгін, қос тұлғаның рухы қайта жаңғырып, көрермен көңілін толқытты.

Мәлік Ғабдуллин музейі Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейімен 2014 жылдан бері әріптестік меморандум аясында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі көрменің ашылу салтанатында сол ынтымақтастық меморандумы қайта жаңартылып, алдағы уақытта шығармашылық байланыста жұмыс жасау туралы уағдаласты.

«Алты алаштың Жамбылы» жылжымалы көрмесімен Жамбыл Жабаевтың шөбересі, музейдің бас қор сақтаушысы Тезекбай Қарлығаш таныстырды.

13.07.2021

Қараулар: 1641

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау