17 мамырда Мәлік Ғабдуллин музейінде Халықаралық музейлер күнiне арналған «Ертегiлер әлемiне саяхат» атты музей түнi болып өттi.
Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлiк Ғабдуллин халық ауыз әдебиетiн зерттеп, зерделеген ғалым. Сондықтанда биылғы музей түнiне халық ауыз әдебиетiнiң бiр жанры болып табылатын қазақ ертегiлерi арқау болды.
Өскелең ұрпақты халық ауыз әдебиетiне баулу, ертегiлердi насихаттау, мән-мағынасын ұғындыру мақсатында музей түнi театрландырылған қойылым түрiнде өттi.
Музей ауласы «Ұшқыш кiлемдегi қаңбақ шал», «Ұр тоқпақ» сияқты ертегi кейiпкерлерiмен безендiрiлiп, көпшiлiктi елең еткiздi.
Музей түнінің ашылу салтанатында жазушы, драматург, қоғам қайраткері, «Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиев, жазушы, тіл жанашыры Қаратай Төлекеев пен Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Кенжебай Мұқышев музей қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Бірқатар әріптестерімізге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың және Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың Алғыс хаттары табысталды.
Одан әрi іс-шара музей ауласында орналасқан киіз үйде, әжесiнiң немересiне айтып отырған ертегiсiмен жалғасты, ырылдақ күшік, мияуқыз-мысық, тышқан, тығын, тежегіш және т.б ертегі кейiпкерлерімен әрлене түскен қойылым, музей түніне келген оқушыларды ерекше әсерге бөледі. Олар ертегiдегi кейіпкерлермен бірге ойнап, жоғалған Алтын жұлдызды бірге іздеді.
Музей түніндегі "Алтын жұлдыз" қойылымын Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері сахналады. Қойылым соңында квест ойындар ойнатылып, «Гормолзавод» ЖШС-нің балмұздақтары балаларға тегін таратылды.
17.05.2023
Қараулар: 6311