Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Музей түні

18 мамыр – Халықаралық музейлер мерекесіне орай, 16 мамыр күні Мәлік Ғабдуллин музейінде «Музейдегі түн» акциясы аясында «Жұлдызды гид» іс-шарасы өтті. Жылдағы дәстүр бойынша, музей бұл күні мерекелік сән-салтанатымен, көтеріңкі көңіл-күймен өз келушілеріне есігін айқара ашты.

Мүзей түніне келушілерді Мәлік Ғабдуллин музейі тосын сыймен қарсы алды. Музейдің экспозиция залдарымен мәдениет саласының майталмандары таныстырды.

Алғашқы болып келушілерді «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, дәстүрлі әнші, музей басшысы Кенжебай Жәнібекұлы қарсы алды.

Мәлік батырдың балалық, жастық шағына көрермендер республикаға танымал айтыскер ақын Мұхаммед Қоңқаевпен бірге саяхаттады.

Одан кейінгі залда дәстүрлі әнші, композитор, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәрсенбай Хасенов қазақ жігіттерінің ерен ерліктері жайында әңгімелеп, қазақ сарбаздарының әнұранына айналған «Жас қазақ» әнін орындап берді.

Келесі залда танымал теле журналист Абзал Балтабаев ғалым Мәліктің, ұстаз Мәліктің бейбіт өмірдегі ерен еңбектеріне тоқталып, адамдарға деген шынайы қамқорлығы мен адамгершілігі жайындағы естеліктерді еске түсірді.

Және де осы күні музей қорындағы ХІХ – ХХ ғасырдың басындағы ойыншықтардан жинақталған «Ойыншықтар әлемі» көрмесі көрермен көзайымына айналды. Жас көрермендер экологиялық таза материалдардан жасалған, әртүрлі ертегілердің кейіпкерлері сомдалған әрбір ойыншықтарды ұстап көріп, сұрақтар қойып, өте қызығушылықпен қарады.

 Ашылу салтанатында дәстүрлі әнші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәрсенбай Хасенов «Мүзей түні» акциясының ресми түрде басталуымен құттықтап, осы акцияға атсалысқан мектеп мұғалімдеріне Алғыс хаттар тапсырды.

Музей түні акциясына Зеренді ауданы Бірлестік ауылы мектебінің мұғалімдері мен оқушылары арнайы келді. Красный яр № 3 көпсалалы мектеп — гимназиясының оқушысы Жанатқазы Ақерке мен Бірлестік мектебінің өнерлі оқушылары күмбірлетіп күй тартып, ән салып, музей түніне келушілерге ерекше көңіл — күй сыйлады.

Акция аясында балалармен викториналық ойын ойналып, бала шақтың ең дәмді, ең тәтті тағамы балаларға балмұздақ таратылды.

16.05.2025

Қараулар: 522

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау