Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Тәуелсіздік мұраттары – рухани жаңғыру тағылымдары» атты ғылыми экспедиция

Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Мәлік Ғабдуллин музейі» ғылыми қызметкерлері талай ұлылар мен батыр-бағландарды дүниеге әкелген қарағайлы-қасиетті мекен Қызылжар еліне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына арналған «Тәуелсіздік мұраттары – рухани жаңғыру тағылымдары» атты тақырыпта арнайы ғылыми экспедициялық сапарға шықты.

Экспедициялық сапарымыздың мақсаты: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде құрылған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде тәжірбие алмасу және тұлғалық музейлер арасында ынтымақтастық меморандумына қол қою, Кеңес Одағының батыры, академик,қоғам қайраткері, педагог Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолын насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылы екі тілде жарық көрген, Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы», «Сын казаха» қолжазбасынан құрастырылған кітаппен «Мен халықтың ұлымын» эпистолярлық мұралары және музейдің 25 жылдығына арналған «Жемісті жылдар» альбом-кітаптарының таныстырылымын өткізу.

12 сәуір күні боз ала таңда Көкшетау қаласынан аттанған экспедициялық топ, күн шылбыр бойы көтерілген мезгілде төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан Қызылжар еліне де келіп жетті. Қала шетіне ене бергенде алыстан мен мұндалап тұрған Қожаберген жыраудың ескерткішінің жанынан өтіп, «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне ат басын тіредік.

Бізді үш жүздің басын біріктірген, қазақ тарихындағы ұлы мемлекет қайраткері болған, бүкіл өмірін қазақ халқының бостандығы мен егемендігі үшін күреске арнаған ат үстіндегі Абылай ханның ескерткіші қарсы алды. Қазағынан орысы басым Қызылжар қаласының басында атақты "Елім-ай" әнінің авторы Қожаберген жыраудың ескерткіші мен қаланың ең биік жерінде хан Абылайдың ескерткіші тұрғаны жүрегімізде мақтаныш сезімін ұялатты.

Музей басшысы Садаев Аян Нәбиұлымен кездесіп, Мәлік Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы Серікжан Құдайбергенқызы экспедициялық сапарымыздың мақсатымен таныстырып, негізгі тұлғалық мезейлердің жұмыс бағыттары жайында, және ертеңгі күні аталмыш музейде өткізілетін іс-шараның бағдарламаларымен таныстырып өтті.

«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсоводы Назгүл Абайқызы музей кешеніне саяхат жасатып шықты. Назгүл Абайқызының айтуы бойынша «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің қорында 600 ден астам экспонат бар.

Экспедициялық топты «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің басшысы Аян Нәбиұлы өзі бастап, Солтүстік - Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне алып барды. Конституция көшесі бойында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің сыртқы көрінісінің өзі, сонау XYIII ғасырдың келбетін беріп тұр. Екі қабаттан тұратын 1924 жылы құрылған музейде үш жүз елу мыңнан астам экспонат бар екендігін экскурсовод Жансұлу Бекенова өз таныстырылымында айтып өтті. Он екі залдан тұратын музей ішіндегі жәдігерлер көздің жауын алады, соның ішінде бізді қатты қызықтырғаны бірде шеге қолданылмай жасалған Ідіріс қажының орындығы «мүйізді тақ», кезінде атақты бай болған, батыр Ерден Сандыбайұлының Сегіз серіге сыйлаған түйе жүн шапаны болды.

Музей сыртына жөндеу жұмыстары жүріп, музейге келушілерге музей сыртынан бастап ертегі әлемде жүргендей әсер беретін "Шеберлер қалашығының" салынып жатқандығының куәсі болдық. "Шіркін-ай" бізге де неге осылай жасамасқа деген ойда қылаң беріп қойды.

13 сәуір күні сағат 9:00 де негізгі экспедициялық сапарымыздың мақсаты бойынша бас тіреп келген «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне қайта келіп, іс-шара өтетін орынымыздың техникалық жабдықтарын дайындадық.

«Тәуелсіздік мұраттары – рухани жаңғыру тағылымдары» атты мәдени танымдық іс-шара басталар алдында Солтүстік Қазақстан облыстық теле арнасы мен өңірлік арналардың журналистеріне Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері сұхбат берді.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Жамантаев Нұрлан Досбайұлы, «Рухани жаңғыру» бөлімінің маманы Рахметалина Самал Оразалықызы, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы және Петропавл қаласының зиялы қауым өкілдері мен әріптестеріміз мәдениет бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.

Іс шара Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Жамантаев Нұрлан Досбайұлының құттықтау сөзімен басталып, одан әрі «Абылай хан резиденциясы» музей кешені мен «Мәлік Ғабдуллин» музейі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Болашақта, өр тұлғалы Абылай хан мен Мәлік Ғабдуллиннің өшпес із, өсиетті сөз, баға жетпес құнды мұраларын насихаттауда, бірлесіп ауқымды жұмыстар атқару туралы уағадаластық.

Жиналған көпшілікті Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Жолаушина Мейрамгүл Шаяхметқызы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаевтың қолдауымен жарық көрген Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы», «Сын қазаха», «Мен халықтың ұлымын» эпистолярлық әлемі және музейдің ширек ғасырлық тойына арналған «Жемісті жылдар» альбом кітаптарымен қысқаша таныстырып шықты.

Сонымен қатар, жоғарыда сөз болғандай 25 жылдық тарихы бар музейдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолында атқарған бірталай жобалары жайында Мәлік Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы Жүзжанова Серікжан Құдайбергенқызы баяндап берді.

Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін "Ғажайып өмір баспалдақтары" атты жылжымалы көрмемен Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Айтмағанбетова Балым Серікқызы таныстырды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған жобалар негізінде түсірілген «Көштің көркі» және «Баубек батыр» деректі фильмдер көрсетілді.

Сөз соңында «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы іс-шарадан алған әсері мен ішкі толқынысы туралы айта келіп, іс шараның жоғары деңгейде өткендігін, бұл музей қызметкерлерінің еңбегі мен ізденістерінің нәтижесі екендігін айтып, алғысын білдірді.

Іс-шара соңында М.Ғабдуллиннің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абылай хан резеденциясы» музей кешеніне естелікке «Қазақ баласы», «Сын казаха», «Мен халықтың ұлымын» және музейдің 25 жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Жемісті жылдар» фото-альбомы сыйға берілді.

12.04.2021

Қараулар: 1583

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау