Жаратқан иеміз –Алла тағала әр пендесінің маңдайына әр-түрлі тағдыр жазған. Біреу ақын болады, біреу жазушы, біреу малшы, енді береуі ұстаз т.б. Мына қамшының сабындай қысқа ғана бес күндік жалған өмірде өз орнын таба алмай кетіп жатқан адамдар да қаншама. Әлбетте өмір жолында адасқан ондай адамдардың ұлтына, халқына тигізетін пайдасы да аз немесе мүлде болмақ емес.
Әргі-бергі тарихымызға көз жүгіртсек ҚАЗАҚ деген осы бір елдің маңдайына берген, кейінгі біз сияқты ұрпақтары мақтанышпен айтып жүретін тұлғалары аз емес екен. Тарихтың бізге жеткен деректеріне үңілсек жер бетіндегі ең ұлы халық та біз екенбіз. Еуропа бір тұтам шүберекке зар болып жүргенде, САҚ бабаларымыз кен байлығын игеріп, саф алтыннан сауыт кисе, қазір жер бетіндегі адам саны бойынша бірінші ел болып отырған Қытайдың өзі сол біздің бабаларымыздан зәре құты қалмай қорқып қорған салса, тарихын тасқа қашап,тіпті жылқыға да бірінші аяқ артып қайсы бір ұлы хандардың тұсында жарты әлемді жаулаған да біз болсақ қазақ Ұлы халық емей немене ?!
Ендеше жоғарыда айтқанымыздай тұлғаларға келетін болсақ әлемге қазақтың ҰЛЫ ХАЛЫҚ екенін танытқан ұлы тұлғаларының бірі ол –Абай Құнанбайұлы. Абай жайында Мұхтар Әуезовтан асырып айта алмаспыз, Ахметтен Байтұрсынұлынан асыра дәріптей де алмаспыз. Біздің мақсатымыз Кеңес Одағының батыры,академик, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің еңбектеріндегі Абай образын ашып көрсетуге тырысу ғана.
Бұл тұрғыда біз Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық еңбектеріне жүгінеміз. Мәлік Ғабдуллиннің әр жылдары жекелеген тұлғаларға жазған хаттарында үнемі Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен немесе қанатты сөздерінен цитаталар келтіріп отыруының өзі оның Абайдай ұлы ойшылдың даналық бастауынан жастай сусындап өскендігін көрсетеді. Мысалы 1943 жылдың жиырмасыншы қазан күні Бауыржан Момышұлына жазған «Ардақты Бауке» деп басталатын бір хатында:
«Болыс болдым мінекей
Бар малымды шығындап».
деп басталатын Абайдың тамаша бір өлеңі бар еді ғой. Соның бір жерінде, надандарға ашуланам деп кейбіреулерге жұдырығым аса тиіп кетті ау дейтін еді. Сондай ақ, бақырауыққа ыза болам деп Мадияарға бір қатты хат та жазып жібергем (оның жайын өткен хатымда жазғам Сізге). Хаттың басында сыпайлы, құрметтей келе көңілдегі ойды ашып айтып ем. Ол түсінетін жігіт қой, ренжімес деп ойлаймын» -деуінен-ақ Мәлік Ғабдуллиннің санасына Абай философисы түсірген жарық шұғыланы аңғаруға болады. Мәліктің жазған хаттарынан Абайға деген, Абай әлеміне деген оның шексіз құрметін аңғару қиын емес. Ұлы Абайдың жазған өлеңдері, оның айтқан ойлары, терең философиясы, немесе өмірлік ұстанымы Мәлік Ғабдуллинге сара жол, айнымайтын қағида іспетті. Ұлтын Абайдай сүйе алған адам кемде кем десек бұл тұста да Абай мен Мәлік арасында терең сабақтастық, үндестік жатыр. Оны Б.Момышұлына жазған мына бір хаттан көруге болады:
Ардақты Бауке!
Аманшылық.
Нүсіпбеков арқылы жолдаған хатыңыз бен суретіңізді алдым, көп рахмет. Бұдан бұрын бір хат жазып, жолдағам, алған боларсыз.
Менің баяндамам осы айдың 21-де болады, оған берген уақыты екі-ақ сағат. Осындай қысқа уақытта бүкіл қазақ халқының өткендегі және бүгіндегі ерен батырлық традициялары туралы айтып шығу қиын да болады-ау деп отырмын. Сондықтан мен баяндаманы қағазға жаздым, осы хат жазып отырған қағаздай үлкен 35 бет болды. Баяндамада мыналарды көрсеттім:
1. Кәзіргі Отан соғысы майданында жүрген айтулы батыр қазақтардың ерлігі, батырлығы, отанды, ел жұртты сүйсіндірді және олардың ар – намыс, абырой дегенді жаумен жауынгерше соғысуы. Бұларына нақтылы – нақтылы дәлелдер көрсеттім.Осы сияқты ерлік жасаушылықтар бүгін ғана пайда болды ма? Жоқ, ол халық жасағаннан бері келе жатқан салт-дәстүр дедім де тарихқа қарай қол создым.
2. Қазақ халқының батырлары Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын тағы басқаларының халық үшін, халықтың бостандығы, бақыты үшін соғыстары. Бұл батырлар біздің мақтанышымыз.
3. Қазақтың халық батырлары Есім хан, Қасым, Тәуке, Сырым Датов, Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Аманкелділердің ерлік істері. Олардың соғыстары, батырлықтары. Сол кездердегі әлеуметтік хал-жағдайлары, ел тұрмысы. Қысқасы жағалай шабыс құба қалмақ заманынан бастап Октябрьге дейінгі, кәзіргі ерлік істер.
Бұлардың бәріне көптеген тарихи фактылар, дәлелдемелер келтірілді, жырлардан үзінді енгіздім және олардың істеген істеріне өзінше түйінді қорытындылар жасаған болдым.
Шоқан Уәлиханов пен Абай туралы да айттым. Қысқасы аузымды толтыра қазақ баласы, қазақ елі батыр ел, ол сандаған жауын жеңген, керемет мықты ел деп көрсетуге тырыстым. Бұрын кейбір баяндамашылар баяндама жасай қалса, біз өткенде нашар едік, мүсәпір едік дейтін еді ғой. Мен осы сөзден қаштым, қайта оған қарама қарсы – біз батыр елміз дегенді баса айттым.Жалбағай ініңіз Мәлік16. VII- 43 ж.Москва.
Әрине, біз Мәлік Ғабдуллинді Абайдай дана, Абайдай ойшыл етіп көрсетуден аулақпыз. Дегенмен өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, ұлтына деген мақтаныш сезімі жазылған осынау бір сарғыш хаттарды көргенде еріксіз таңданасыз, еріксіз тамсана бас шайқайсыз.
Абай – Мәлік Ғабдуллин үшін сөзсіз ұлы тұлға. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповке жазған хатында былай дейді:
Қадырлы Ғабит аға!
Сырт хабарға қарағанда, Абай туралы опера жазылып жатқан көрінеді. Осының өзі қалай болар екен, Ғабит аға? Осынымыз тұлғалы Абайды, ардақты Абайды, ақыл мен сананың иесі болған Абайды, дана Абайды қорлағандық болып жүрмей ме? Сіз қалай ойлайсыз?
Абай жайында роман да, пьеса да, түрлі зерттеу мақалалар да, кино да жазылды, жазылып та жүр. Бұл өте жақсы. Бұларға Абайдың аумағы сыя алады, мұны Абай көтереді. Ал енді, бұтына тар шалбар кигізіп жарықтық Абайды операға одан балетке сүйреу адамшылық ардың заңына қарсы келмей ме? Ақша – ақша дей беруді қоятын мезгіл жетті емес пе?
Операға Ақан сері, Біржан, Ыбырайлар ыңғайлы, олар бұған деген қол. Ал, Абай жөнінде мұны айтуға болмайды. Орыс әдебиетінің классиктерін алып қараңызшы. Соның қайсысы операда барылдап жүр?
Тегінде, Абай операсы дегенді ойлану керек секілді. Менің ойымша, Абайды операға шығармаса да болады. Ал, Абай жөнінде музыкалық поэмалар жазылсын. Бұл іс, егер, композиторлардың қолынан келсе, өте бағалы болар еді.
Мүмкін, мен қателесетін шығармын. Бірақ Абай операсы жөнінде пікірімді айтуға тиіспін. Бұл әңгімелерге Сіз қалай қарайсыз?
Інілік сәлеммен Мәлік30/IV – 44 г.Полевая почта 21475 К
Көрдіңіздер ме, Абайды құрметтегені сонша өзі айтқандай «Жарықтық Абайды» бұтына тар шалбар кигізіп операға шығаруға қарсы болады. Тіпті қызғыштай қориды десек артық айтқандық емес. Орыс әдебиетінің классиктерін мысалға ала отырып Абайды кез-келген орыс әдебиетінің классиктермен қатар қояды, болмаса тіпті олардан да артық көреді. Абайды опера сахнасында «барылдатып» қоюды қорлау деп түсінеді.
Ал соғыстан кейінгі кезең, яғни елуінші жылдардағы қазақ поэзиясының жай-күйіне алаңдаған Мәлік Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы қара сөздің пайғамбары Мұхтар Әуезовке хат жазады.
Құрметті Мұқа!
Сізге арнаған бұл хатымды “Қазақ әдебиетіне” адресіңізді білмегендіктен жолдап отырған жоқпын, хатымды газет арқылы жолдаудың екі түрлі себебі бар: біріншіден, хатымда көтерілген мәселелерге көпшіліктің назарын аудару, бұл мәселелер хатты жазушы мен оны алушы үшін ғана маңызы бар еместігін көрсету. Екіншіден, хатта көтерілген мәселелер жөнінде әрі аға жазушы, әрі ғалым адам Сіздің пікіріңізді білу, оны көпшілікке жаю.
...Сіз Абайды көп зерттеген адамсыз. Абайдың өлеңдерінде мағынасыздық болмайтынын білесіз. Абай өлеңдерінің әрбір шумағы емес, әрбір жолы үлкен мазмұн, мағына, кесек ой беріп отырады.
Өзінен бұрынғы қазақ поэзиясын жақсы білген, оның құнды және әлсіз жағын түсінген Абай қазақ өлеңіне, ең алдымен мазмұн берді, мағына берді, өлеңді логикалық үлкен ойға құрды емес пе? Поэзияны халықтың жаны, сезімі деп аса жоғары бағалаған Абай, өлеңге қандай шарттар қойды. “Өлең - сөздің патшасы”, “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” деген өлеңдерінде бүкіл поэзияға қойылатын шарттар, тілектер жатқан жоқ па? Поэзия жөнінде Абай айтқан пікірлер Белинскийдің пікір-ойларымен ұштасып жатады емес пе?
Сонымен: Абайдың ойынша: өлеңнің өмірлі болуы оның мазмұн мен мағынаға, ойға, сезімге құрылуында. Біздің қазіргі кейбір ақындарымыз бұл жайды ескермейтін секілді. Өлеңде мазмұн мен мағына, ой болмаса, оңдай өлеңнің сырты қаншама жылтырауық, сұлу болғанымен көркем емес, демек, өмірлі емес.
...Әңгіме былай ғой, Мұқа. Абайдың өлеңдері халықтық болып кетті. Ұлы ақынның өлең-жырларына сүйсініп қана қоймаймыз, жатқа білмейтін қазақ кемде-кем болар. Неге олай? Себебі қайсы? Мұның себебі: Абай халықтың қоғамдық өмірін, рухани дүниесін, ой-сезімін т.б. көркем түрде жырлай білді. Ал осындай дәрежеге біздің көптеген ақындарымыз жете алмай келеді. Олардың өлеңдері бір рет оқылғаннан кейін ұмыт қалып жатады.
Халықтық дәрежеге жеткен шығармалар көп жасайтынын айтпаса да түсінікті ғой. Бірақ, мұны қайталап еске алмасақ болмай отыр. Өйткені соңғы жылдары шыққан поэмалардың ішінен халықтық дәрежеге көтерілгенін көре алмай жүрмін. Бұл поэмалар жайында жазылған үлкен еңбектерді (рецензияны қоспаймын) оқыған емеспін.
Бұл арада көңіл аударатын бір мәселе бар секілді. Ол – бүгінгі поэзия туралы зерттеу еңбектердің болмауы. Біздің әдебиетші ғалымдарымыз, сыншыларымыз бүгінгі поэзияны жан-жақты түрде, кең көлемде қарастырмай жүр. Мұндай үндемеушілікті қалай түсінеміз? Ол поэзиямызда көңіл аударарлық еш нәрсе жоқ, поэзия майданында тыныштық, өзгерісі жоқ дегендік пе?
Біз бұл фактылардан Абай шығармаларының, “Абай”, “Ботакөз”, “Оянған өлке” романдарының халықтық болып кеткенін, сондықтан да оларға жұрттың көңілі көбірек аударылатынын көреміз. Ал, бүгінгі поэзиямыз жайында жазылған сын, зерттеулердің болмауын қалай ұғыну керек? Мұндай үндемеушілікті поэзиямыздың артта қалғандығынан деп түсінеміз бе? Осы жөнде де Сіздің пікіріңізді күтеміз.
Сізді құрметтеушіМәлік Ғабдуллин.“Қазақ әдебиеті” газеті, № 43,28/Х. 1955 жыл.
Байқап отырғандарыңыздай Мәлік Ғабдуллин бұл хаты арқылы қазақ поэзиясына деген үлкен жанашырлығын таныта отырып, Мұхтар Әуезов арқылы Абайды барлық ақын-жазушы атаулыға үлгі қылғысы келетінін жеткізеді. Абай шығармашылығын қолына қалам ұстаған «өлеңге таласы барлардың» бәріне Темірқазық етеді.
Қазіргі таңда Абай поэзиясына байланысты көптеген зерттеу еңбектер, мақалалар жарық көруде. Абай әлеміне ден қойған кейбір зерттеушілердің, қанша уақыттан бері зерттеліп келе жатқан Абай өлеңдерін оқи отырып, әлі күнге дейін жаңалық ашып жатқандары да аз емес. Себебі ол – жаңағы жоғарыда келтірген хатымыздағы Мәлік Ғабдуллиннің «Тұлғалы Абайы», «Ардақты Абайы», «Ақыл мен сананың иесі болған Абайы», «Қазақтың дана Абайы» ағайын!
09.08.2023
Просмотров: 586