Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Майдандағы Қазақстандықтар

Майдандағы Қазақстандықтар

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақстандық барлық азамат соғыс майданында шайқасты. Олар Отан үшін қарсы жауға бағытталған барлық ұрыстарға аянбай кірісті. Қазақ даласында көптеген әскери бөлімдер ұйымдастырылып, майданға жіберілді. Аты шулы Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандық азаматтар болды. Осы азаматтардың қатарында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К.Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е.А. Качань тағы да басқа азаматтар жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақстандық жауынгерлердің жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Станлинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан неміс әскері соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды. Неміс әскерінің басым болуының бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, жоғары деңгейде қаруланған, Европаның көптеген елдерін бағындырған жау әскерінің соғыс жүргізу тәжірибесі мол болды. Екіншіден, тұтқиылдан жасалған шабуылға Кеңес әскерлері әзір емес еді. Үшіншіден, Кеңес әскерін қайта құру, қаруландыру тиісті дәрежеде болмады. Төртіншіден, 1939 – 1940 жылдардағы Қызыл Армияны тазалау кезінде әскердің көптеген қолбасшылары, жоғары, орта буындағы офицерлері ұсталып атылып кетті. Осының бәрі Қызыл Армия бөлімдерінің соғыстың бастапқы кезінде үлкен сәтсіздікке ұшырап, мыңдаған жауынгерлерден айырылуна әкеп соқтырды.

Қазақстандық жауынгерлерінің мақтанып айтатын ерліктерінің бірі Москва түбіндегі шайқас еді. (Москва шайқасы 1941 жыл 30 қыркүйек – 1941 жыл 6 желтоқсан). Елімізде жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Москваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай – ақ Москва қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.В.Вихров, М.Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды. 316 – дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған 8-ші гвардиялық дивизия атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М.Ғабдулинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 499 қазақстандық азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Оның ішіндегі 99-ы – этникалық қазақтар. Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте алғандар қатарында ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов және ұшқыш — жойғыш С.Д. Луганский бар. Қазақ қыздарының ішінде – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова Кеңес Одағының батыры атағын алған. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Ал ұшқыш Хиуаз Доспановаға «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілді.

Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының бұрынғы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З.Тұрарбеков, Х.Көбеков, Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және атғы да басқа көптеген сарбаздар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне ту тікті. Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Партизан қозғалысы да кең өріс алды. Қазақстандық партизандар: Қ.Қайсенов (жазушы), Ж.Ағаділова, П.Семенова, Ә.Шәріпов, У.Оразбаев, Т. Жұмабаев, В.Шаруди, Ж.Саин (жазушы), Н.В. Зебницкий т.б. Жалпы, 3500-ден аса қазақстандық партизан жау тылында ерлікпен соғысты.

Ақыры елдің етегін жасқа толтырған сұм соғыс та жеңіспен аяқталды. Олардың мақсаттары, тілектері бір болатын. Ол тек туған еліне жеңіс туын сыйлау еді. Отанының бастандығы мен тәуелсіздігін сақтап қалған, Ал Кеңестер Одағының негізгі құрамдас бөлігі — қазақтар. Жерлестеріміз үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді. Біздің өңіріміздің өзінде мыңдаған жауынгерлер ерлік көрсеткен.       

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астам адамы соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар.

Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес — герман майданының шешуші шайқастарына қатысты.

Ұлы Отан соғысы – бұл ұлы трагедия, қасырет, өлім, елді қыру, жою. Фашисттердің айуандығында шек болмады. Қазақстан қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан жерлерден алыс болғанымен, қазақстандықтар өзінің тылдағы женкешті еңбегімен жауды жеңуге өз үлесін қосты Соғыстағы жеңіс – бұл қазақстандықтардың тылдағы еңбегінің де жеңісі. Бір мақсатқа жұмылған жұмысшылар мен шаруалар, интеллигенция, ерлер мен әйелдер, коммунистер мен комсомолдар ортақ екпінмен бұған дейін тарих білмеген ерліктер жасады

Ұлы Жеңіске жеткенімізге қаншама жылдар өтсе де, біз әлі күнге дейін Отан соғысы майданында қаза тапқандарды еске алып, олардың алдында басымызды иеміз. Сіздердің ерліктеріңіз біздің жүректерімізде мәңгі сақталады және фашизмді жеңген батырлардың өшпес даңқы да мәңгі жарқырап тұрады. Біз Жеңіс Күнін аға ұрпақтың өз Отанына деген риясыз сүйіспеншілігі және жастарды шынайы ерлік пен патриотизм рухында тәрбиел еудің үлгісі болғанын ешқашан ұмытпаймыз және үнемі ол күнді атап өтіп тұрамыз. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең трагедиялық беттердің бірі. Фашистік Германия біздің елге шабуыл жасағаннан кейін Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы басталды, себебі өз Отанын қорғауға тек Армия емес, бүкіл совет халқы тұрды.

Мейрамгул Жолаушина, М. Ғабдуллин музейінің
ғылыми—зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері  

Әдебиеттер

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы Оқу құралы. Алматы
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы 2007.
  3. Қазақстан тарихы. Очерктер Алматы «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы , 2006.

05.12.2023

Қараулар: 475

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау