Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«МЕН СЕНІҢ ӨМІРІҢНІҢ ЖАЛҒАСЫМЫН...»

Биыл ақын, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлеген Қажыбай көзі тірі болса, 80 жасқа толар еді... Бүгін Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Біржан сал музыкалық колледжінде Төлеген Қажыбайдың 80 жылдығына орай ақынның ұлы, әдебиеттанушы-ғалым Аян Төлегенұлымен «Мен сенің өміріңнің жалғасымын...» атты кездесу кеші өтті. «Көкшенің көк қаршығасы» атанған Төлеген ақынның 80 жылдығына барлығы 300-ге жуық іс-шара жоспарланған. Бұл кеш – сол іс-шаралардың алғашқы беташары болды.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова өз сөзінде қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер, тамаша драматург, көркемсөз шебері Төлеген Қажыбаевтың өңіріміздің әдебиет пен мәдениет саласының дамуына қосқан сүбелі еңбегін ерекше атап өтті.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Жауқазын» жастар театрының орындауындағы Төлеген ағамыздың сөзіне жазылған «Әгугай домбыра» әні мен оның мөлдір жырларынан, ой салар әңгіме-повестерінен құралған пролог кештің сәнін келтірді.

Төлеген Қажыбайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, әке мен бала арасындағы тәрбиені жас буынға түсіндіру және Төлеген Қажыбайдың 80 жылдығының жоғары деңгейде аталып өтілуіне үлес қосу мақсатында өткен іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, FhD – Ерболат Баятұлы жүргізді.

Аталмыш кешке Төлеген ақынның балалығының куәсі болған достары, көзкөрген замандастары Тельман Шәріпұлы, Шабдан Тоқмурзин, Сәбит Шагиров, Ғосман Төлеғұлұлы қатысып, әдемі естеліктерімен бөлісті.

Кеш Ақмола облыстық филармониясының әншісі Гүлжан Ахметованың орындауындағы «Жолыңды тосып жүрмін» әнімен қорытындыланды.

«Тұлпар аунаған жерде түк қалады» демекші, әкесінің ізін жалғап келе жатқан Аян Төлегенұлы секілді аяулы перзент барда, Төлеген Қажыбайдың асқақ есімі ешқашан өшпейді деп білеміз!

08.11.2022

Қараулар: 564

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау