1942 жылдың ақпан айында Бородино деревнясы жаудан азат етiледi. Бұл шайқастың маңызы өте күштi едi. Себебi Бородинодан әр тарауға кететiн жолдарды жау өзiнiң керегiне мейiлiнше тиiмдi пайдаланған.
Бородиноны қайтадан өзiне тартып алу мақсатымен немiстер қарсы шабуыл жасаумен болады. Келесi шабуылда жау екi ротадай солдатын атакаға шығарады. Бұл кезде бiздiң жауынгерлердiң саны тым аз болғандықтан, немiстер Бородиноның солтүстiк күншығыс жағына енiп, деревняның үйлерiне бекiне бастайды. Ал бiздiң жауынгерлер уақытша кейiн шегiнуге мәжбүр болады.
Полк басшыларынан Бородинодан немiстердi қуып шығып, алғашқы жағдайды қайтадан қалпына келтiру туралы бұйрық жетедi. Алға қойылған мiндет жауынгерлердi қайраттандырып, қаза болған жолдастары үшiн кек алуға ұмтылдырады. Сөйтiп, тағы да жаумен айқас басталады.
Бородиноның солтүстiк-шығыс жағындағы терең сайдың жағасында тұрған үйде немiстер барын бiлген Мәлiк Ғабдуллин солай қарай жүгiредi. Ол үйдiң жанына келгенiнде, қарсы алдынан немiстiң бiр офицерi шыға келедi. Екеуiнiң де қолында автомат, бiрақ екеуi бiр-бiрiне жақын келуi сонша, мылтық атуға мүмкiндiк болмай, алыса кетедi.
«Иттiң қолы күштi екен, батырып жiбердi. Қару жұмсауға дәрмен қалмай қалды. Ол маған, мен оған мылтық атуға мұрша бермей алысып жатырмыз. Мен оны қазақша шалып қалам дегенiмде өзiм ұшып түстiм. Жаңағы немiс менiң үстiме жалп ете құлап менi езгiлеуге кiрiстi. Екi қолымды бiр қолымен матай бастады. Менi буындырып барады. Дауыс шығар емес. Жан беру оңай ма, бұлқына-бұлқына оң қолымды босатып алдым. Ол екеуiмiз тырмысып, тартысып жатырмыз. Оның да, менiң де автоматым анадай жерде қалды. Солай тартысумен екеуiмiз де жаңағы сайдан төмен қарай құладық. Бұл құлауымыз мен үшiн жақсы болды, қол босады. Сайдың iшiнде қайтадан алыстық. Маңдайдан аққан тердiң буы бұрқырады.
Сол кезде менiң есiме қонышымда жүретiн сапы түсе кеттi. Жалма-жан қонышымнан сапыны суырып алып, немiстi құлағының түбiнен берiп кеп жiбердiм. Еңгезердей болған немiс қалпақтай түстi. Төс қалтасын қараймын деп, өңiрiн аша бергенiмде, оның кеудесiнде қап-қара болып I-дәрежелi темiр крест орденi тұр екен. Онысын алдым. Сонан кейiн документтерiн алдым. Бiр документiнде Генрих Байер деп жазылыпты…» — дейдi Мәлiк Ғабдоллаұлы осы сәттi есiне ала отырып жазған естелiгiнде.
Ал өмiр үшiн, жарқын болашақ үшiн осы бiр жанкештi жекпе-жек шайқаста батырлық бойына ана сүтiмен, ата-баба дәстүрiмен дарыған қазақ ұлының жеңуi, саны жағынан ұтылса да, күш-қайраты басым жауынгерлердiң Бородино деревнясы үшiн ұрыста жеңiске жетуi — заңдылық! Өйткенi, батырлық — бiздiң салтымызда бар қасиет!
Күнсұлу Меңдiбайқызы
Мәлiк Ғабдуллин музейi,
ғылыми-зерттеу бөлiмiнiң
аға ғылыми қызметкерi
23.04.2021
Қараулар: 728