Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Батыр сусындаған білім бұлақтары

Батыр сусындаған білім бұлақтары

(Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес Одағының батыры атағын алғанына 80 жыл. 30. 01.1943ж)

Қазақ халқының әдеби-рухани, моральдық-ерлік әлемінде өзіндік өшпестей із қалдырған тұлғалардың бірі – Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин.

Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын қалың көпшілікке, студент жастарға, мектеп оқушыларына отаншылдықтың, ерліктің, зиялылықтың үлгісі ретінде үнемі насихаттап таныстырып отыру – өмірлік мақсат ретінде өз ұлтының ертеңіне үлес қосамын дейтін әрбір ойлы азаматтың парызы деп білеміз.

Себебі, жастайынан білім-ғылымға ұмтылып, ел ағаларының соңына ерген, ел басына күн туғанда отан үшін от кешіп, майдан даласының даңқты қаһарманы Бауыржан Момышұлымен үзеңгілесе жүріп, қиын кезеңнің қысталаң сәтінен уақыт тауып, ұлт руханиятын бір сәтке де есінен шығармаған Мәліктей ерен тұлғалар расында аз еді. Қолы қалтеткенде қолына қалам алып, майдан жазбаларын қағазға түртіп, ұлттық фольклорлық мұраларды ой сүзгісінен өткізіп, соның інжу маржандарын майдандас достарына теріп айтып, рухтандырып, тылдағы қаламгер аға-достарына үзбей хат-хабар жазып тұрған да осы Мәлік Ғабдуллин болды. Мәлік Ғабдоллаұлының соңында қалған рухани бай мұрасын осы хаттар құрайды. Онда майданның жай-күйі ғана емес, елдіктің, ерліктің, ұлттық болмыстың өткені мен бүгіні сөзболған. Қан майданнан аман оралған соң ғылым мен білім ісінде өндіре еңбек атқарып, филология, педагогика ғылымдары саласында өшпестей із қалдырған Кеңес Одағының батыры, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Педагогика ғылымдары академиясының академигі, жазушы, әскери мемуарист фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, асыл жар, абзал әке, айнымас дос болған Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы – кім-кімге болмасын, үлгі-өнеге.

Мәлік Ғабдуллиннің ата-бабасы қоныс қылған мекені, кіндік қаны тамған жері - Көкшетау биігінің батысынан Зерендіге қарай созылып жатқан, сулы-нулы дөңес қыратты өлке. Осынау шұрайлы аймақты ежелден-ақ Абылайды хан көтерген Қанай ұрпақтары мекендеген.

Мәлік Ғабдуллин – Бурабай мен Зеренді көлдерінің ортасындағы Желтау баурындағы Қойсалған аулындаҒабдолла Елемесұлы мен Әлия Оспанқызының шаңырағында 1915 жылы 15 қарашада өмірге келеді.

Әкесі Ғабдоллабаласына қасиетті құранның 67-ші сүресінің атын қойғандағы мақсаты – сол сүредегі 30-аятта Алланың адам баласына арнаған ізгі тілегіне сай болсын деп тілеген болар. Әкенің сол тілегі орындалғанына еш күмән болмас.

Мәлік Ғабдуллин туған ауылы Қойсалғанда мектеп болмағандықтан Тілеу ауылының шығысындағы 3-4 шақырым жердегі Құлет ауылындағы мектепке барады. Жас Мәлікті тәрбиелеу, бағып-қағуда, мектеп табалдырығын аттауына әжесі Мадиянның үлесі зор болса керек. Мәлік Ғабдуллиннің өз қолымен жазылған өмірбаяндық жазбасында мынадай жолдар бар:

«Мен тоғыз жасымда Желтаудағы 4-кластық бастауыш мектепке (1923-1927 жж) тұңғыш рет келдім. Менімен бірге Доскен, Досымбек, Әлімбай, Шөкей, Кәбира деген ағайын-туысқандарым келді. Біздер Тілеу ауылы деп аталатын едік. Мұнда мектеп болмайтын. Мені ұлы шешем Мадиян Байбосынқызы ертіп әкелді. Сол бір кезде 68 жаста еді. Әжем Рамазан Нұғыманов деген мұғалімнің қолына тапсырып тұрып: «Айналайын, Рамазан, мына бүлдіршін Мәлкенімді әуелі құдайға, сонан соң өзіңе сеніп тапсырамын, тауға серуендеп кетеді, ұзақ ойнайды, екі ауылдың арасында жүргенде боран-шашынға, ит-құсқа кез бола ма деп үрейленем. Оң көзіңмен, ықылас-мейіріңмен қарай гөр», - деп тапсырды. Рамазан өте сүйкімді, ізетті, қамқор жан еді. Сол ұстазымның нұрлы бейнесін ұмыта алмаймын...» -деп еске алады.

Мәлік Ғабдуллин 4-ші класқа дейін Құлет ауылындағы бастауыш мектептің оқу үздігі, балалардың алды болды. Сол үшін де сабақ беріп, тәлім тәрбиеге баулыған мұғалімі Рамазан Нұғыманов келбеті келіскен, сүп-сүйкімді, қос жанарынан от ұшқындаған бала Мәлікке мейірі түсіп, жанындай жақсы көрді. Ұстазы Рамазанның өзі әнші, домбырашы болатын. Бастауыш мектепті бітіріп, ауылдан кетерде, әкелі-балалы адам сияқты болып кеткен, ұстазбен шәкірт бірін-бірі қимай қоштасады. Бір сөзбен айтқанда бала Мәліктің өмірінде Рамазан ұстаздың қалдырған ізі айрықша болған.

11 жасында Құлет бастауыш мектебін үздік бітірген Мәлік Ғабдоллаұлы ауылдық кеңесте ұсынылған жұмысқа қарамастан Көкшетау қаласындағы 7 жылдық коммуна мектебіне келіп түседі. Мектепте Көкшетау ауданының сол кездегі Сталин колхозынан шыққан мұғалім Нұрмұхамбет Көшімов сабақ береді. Қай жерде жүрсе де елгезек, алғыр, айтқанды екі еткізбейтін жақсы мінезімен ерекшеленген жас Мәлік ұстазы Нұрмұхамбетке де жақсы әсер қалдырады. Мектептегі «Жас ұлан» және пионер ұйымдарының белсенді мүшесі болып, тәлім-тәрбие алады. Мектепте бар ынта - жігерімен оқып, басқаларға үлгі көрсетеді. Екі жылдық оқуда Мәлік өз қатарына анағұрлым үздік кетіп, өз бетімен көп даярланады.

Ұстазы туралы Мәлік Ғабдуллиннің естелігінде мынадай жолдар бар:«...Кейін Көкшетаудағы қазақ мектебінде оқып жүрген кезім еді. Балдырған балалық шағымыз болатын. Сонда шәкірттердің аса қадірлейтін, әкеміздей құрметтейтін Нұрмұхамед Көшімов деген аяулы ұстазымыз болды. «Сен мұғалім бол, мұғалім дайындайтын оқу орнына түс» деуші еді...».

Көкше өңіріндегі талай буын ұрпақты білімнің нәрімен сусындатқан үлкен ұстаз Нұрмұхамбет Көшімов Мәлік Ғабдуллиннің алғашқы ұстазының бірі, әрі коммуна мектебіне келгендегі жол сілтеген қамқоршысы болатын. Нұрмұхамбет Көшімов туралы қазақ журналистикасының ардагері Сарбас Ақтаев:

«Нұрмұхамбет Көшімов Көкшетауда Ыдырыс Уәлиханов, Бекмұхамед Серкебаевпен бірге тұңғыш қазақ орта мектебін ашып, оның алғашқы шәкірттері, кейін қазақ ғылымы мен әдебиетінің жарық жұлдыздары болған Мәлік Ғабдуллин, Есмағанбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Мыңбай Исқақовқа дәріс оқып, тәлім берген кісі. Кейін ата қонысы – Әлжан ауылында да орта мектеп ашып, қашан құрметті демалысқа шыққанша соның директоры болды. Ұзақ жылғы ұстаздық жемісті еңбегі жоғары бағаланып, 40-шы жылдардың аяғында ол республика ағарту қызметкерлерінің арасында алғашқылардың бірі болып Ленин орденін омырауына таққан тұлға»- деп жазады.

Кезінде Мәлік оқыған қазақ орта мектебі Урицкий көшесіндегі орыс байының екі қабат үйінде орналасқан болатын. 1919-1920 жылдары бастауыш мектеп, 1920 жылы 2-ші дәрежелі ұлттық мектеп болып ашылған. 1924-25 жылдар аралығында шаруа жастар мектебі болып құрылады.1925-1930 жылдары яғни Мәлік Ғабдуллин оқыған жылдары 7 жылдық мектеп болып ұйымдастырылады.1935 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектеп болып қалыптасады. 1973 жылы мектепке Мәлік Ғабдуллин есімі беріледі. 1975 жылы соғыстың аяқталғанына 30 жыл толу құрметіне мектепте Мәлік Ғабдуллинге арналған музей ашылады.Музей осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұр. 1980 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектеп ұлттық мектеп статусына ие болып, 1991 жылы эксперименттік мектеп-кешені мәртебесі беріледі.1997 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта кәсіптік мектеп-кешені болып ашылады. 2012 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы мәртебесін алады. 2019-2020 оқу жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған гимназиясы деп аталады.

Бір ғасырлық тарихы бар білім ұясы талай шәкіртті түлетті. Осы білімнің киелі қара шаңырағынан түлеп ұшқан жандардың қатарында Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, ақын Жұмағали Саин, қоғам қайраткері Зарап Темірбеков, драматург-жазушы Шахмет Құсайынов, сонымен қатар ғылым докторлары мен кандидаттар, жоғары биліктегі лауазымды тұлғалар мен өнер жұлдыздары бар.

Бала кезінен зерек, оқуға құштар Мәлік Ғабдоллаұлы 7-сыныпты бітірген кезде, 1931 жылдың мамыр айында Алматының ауылшаруашылық институтынан Павел Агеев бастаған оқытушылар тобы келіп, оқушылар арасында үгіт-насихат жүргізеді. Олар оқушыларға одан әрі білімдерін тереңдетіп, жоғарғы білім алуға мүмкіндіктерінің бар екенін айтып, түсіндіреді. Көкшетаудағы оқуын тәмәмдаған бозбала Мәлік бұдан арғы оқуын сол кездегі ел астанасы Алматыда жалғастыруды жөн санайды.

Желтау тауының ығындағы Құлет бастауыш мектебін бітіріп, Көкшетау қаласындағы жеті жылдық коммуна мектебіне, одан соң Алматы қаласына оқуға аттанардағы кездескен қиындық - кедергілер де оңай шаруа қатарында емес-ті. Ол кезде жол қаражатының тапшылығын былай қойғанда киетін киім мен ішетін тамақ та жоқтың қасы еді. Алайда адамның болашағы оқу – білімде деп түсінген ол алған бетінен тайсалып қайтпайды. Үнемі білсем, оқысам, білімімді неғұрлым жетілдірсем деген ой оны ілгері жетелеумен болады. Осы мақсат пен ой оны Алматы қаласына қарай жолға шақырып, тартады да тұрады.

Ол туралы жұбайы Нәзия Ғабдуллина 1976 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Ардағым едің» атты кітабының 25-бетінде былай деп жазады:

«1931 жылы ауыл шаруашылық институтының оқытушысы Павел Иванович Агеев осы институттың дайындық курсына оқушы жинап, Көкшетауға келіпті. 7-кластың оқушысы сен, үш жолдасың: Дүкенбай Рахымов, Нүркен Рахымжанов, Тайшеке Даулетовтермен бірге Алматыға, ауыл шаруашылығы институтына түсуге аттаныпсыңдар. Жолға қаражаттарыңның жоқтығынан бес тәулік бойы вагонның үстінде келіпсіңдер. Өзіңнің ауыл шаруашылығы маманы шықпайтынын түсінген сен, сол жылдың тамыз айында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына барған көрінесің. Сол институт сенің өмірінің ақырғы күніне дейін екінші үйің болып кетті. Ол кезде институттарға 7-8 класс білімі барларды ала беретін».

Алматыға оқуға барамыз деп алғашында Мәлікпен бірге 10 бала жазылады да, артынан өмірдің қиыншылықтарына байланысты 6-уы қалып қояды, 4-уі Алматыға барып ауыл-шаруашылық институтының рабфагіне оқуға қабылданады. Мәлік Ғабдуллин рабфакта оқып жүргенде де әдебиеттен қол үзбейді. «Пионер» газетінде өлеңдерін жариялатып жүреді. Қала өмірімен біршама танысқан соң, әрі жүрегінің түкпіріндегі әдебиетке деген құмарлық ойлар мазабермеген соң қазақ педагогикалық институтына оқуға барғысы келеді.Осы оқиға туралы Әзілхан Нұршайықовтың Мәлік Ғабдуллинмен сұхбаты берілген «Тоғыз толғау» кітабынан үзінді келтірсек:

« ...Айдап отырып Ауыл шаруашылық институтының директоры Ораз Жандосовқа келдім.

– Ағай, мені институттан босатыңыз.

– Е, неге, қарағым?

– Қазақ педагогикалық институтына ауысамын.

– Ал оның несіне қызықтың?

– Қазақ педагогикалық институты ақын, жазушы болуға үйретеді екен. Мен өзім өлең жазамын...

Жандосов сәл үнсіз отырды да, басын шайқап, маған ақыл айта сөйледі.

– Жоқ, қарағым, балалық жасама. Егер бойыңа біткен шын ақындық талант болса, сен осы институтты бітірсең де ақын бола аласың. Қайта ақындық пен жазушылыққа басқа мамандық арқылы келген жақсы. Ол үшін тек қана тіл-әдебиет факультетін бітіру шарт емес. Біздің институтты бітірсең, сен неше алуан өсімдіктің өмірін білесің. Табиғат әлемнің ғажайып сырларына қанығасың. Ал табиғатты білмей, табиғи құбылыстың құпияларын сезбей ақын бола алмайсың. Ақын болу деген сылдыратып сөз сапыру емес, қарағым. Аузыңнан шыққан әрбір сөздің адамды алуан күйге түсіретін сыры, сиқыры, әсері, аруағы болуы тиіс. Ол үшін, ең алдымен, білім керек. Жанды, жансыз тіршіліктің тынысына жетіктік қажет. Сенің қазір бір-екі ауыз өлең қиыстырғаның болашақта ақын болуыңа кепілдік бере алмайды. Қазақта ежелден өлеңші көп те, өнерлі аз болған. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы»деп Абай атаң тегін айтпаған, қарағым. Мен сені босата алмаймын. Кеудеңді жарып бара жатқан ақындық болса, осында жүрсең де таныласың. Әйтпесе ел арасы ақын, пайдасыз ғалым боп қайтесің. Одан да осы институтты бітіріп, елге пайдаңды келтір.

Жандосовтың маған айтқан ақылының ұзын-ырғасы осы болды. Ол кісімен дауласа алмадым. Бірақ Қазақ педагогикалық институтына аңсарым ауа берді.

Ақыры, бұған Сәбит көмектесті. Ол мені Ораз Жандосовқа жетектеп апарып, Ауыл шаруашылық институтынан босаттырып, документімді қолыма әперді. 1931 жылдың 1 қыркүйегінде мен Қазақ педагогикалық институты тіл-әдебиет факультетінің студенті боп қабылдандым».

Міне, сол 16 жасар студент Мәлік Ғабдуллин әдебиет пен мәдениеттің қайнаған бұлағына емін-еркін бас қойып, аңсаған мейірін қандырмақ болады. Әр пәннен дәріс алып, үлкен-үлкен ғылымпаздардан сабақ тыңдап, ғылым негізіне бойлай бастайды. Институтқа кірген күннен бастап, оқуға түгел беріліп, батыс, шығыс, орыс, қазақ әдебиеттерінен талай томдарды аралап, өзінің жастығына қарамастан Мәлік институтта ең алдағы студенттің бірі болып есептеледі.

Зор талап, өткір қайрат, жалынды жігер иесі жас студент Мәлік Ғабдуллин осылайша институт өміріне белсене қатысып, бірнеше қоғамдық жұмыстар атқарады. Институт қамқорлыққа алған қалалық мектептердегі жас ұландар отрядын басқарып, тәрбие жұмысын жүргізеді. Балалар арасындағы жұмысты жақсы атқарып, көрнекті іс істегені үшін өлкелік жас ұландар ұйымы мен өлкелік комсомолдар комитетінен бірнеше мақтаулар алады және жас ұландар активінің санаулы кадрының бірі болады.

Институтта комсомол комитетінің бюро мүшесі болып жұмыс істейді. Оның үстіне институттағы қабырға газетіне атсалысып, әр санына үзбей жазып тұрады. Оқу-өндіріс жұмыстарындағы әртүрлі кемшіліктерді жоюға қаламымен көмек етеді. Институт жанындағы әдебиет үйірмесінің белсенді мүшесі саналып, бір жағынан өзінің ақындық қабілетін өсіру, дамытуға дағдыланса, екінші жағынан әдебиетті зерттеу жұмысына қалыптанып, ауыз әдебиеті, әдебиеттің тарихы, тағы басқа күрделі мәселелер жөнінде баяндамалар жасайды, рефераттар жазады.

Қазақ және шетел әдебиетін мейлінше тереңдеп, құмарта оқуы, соның тереңіне бойлауы, институттағы әдебиет үйірмесіне белсене қатысуы Мәліктің шығармашылық талантын ұштай түседі. Бір жылдан кейін-ақ, Мәліктің әр түрлі тақырыпқа жазылған балауса өлеңдері тек қана қабырға газеті емес, өлкелік газеттерде, «Екпінді жас» атты пионер журналында 1931- жылы басылып шығады. Мәлік ағаның болашағына даңғыл жол ашқан аталмыш білім ордасы туралы айта кетпеу әбестік болар еді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ халқының тарихындағы алатын орны ерекше. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.

Қазақ мемлекеттік университеті 1928 жылғы қазанда ашылды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды. Тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады.

Қазақ халқының ұлы тұлғалары, ұлтымыздың мақтаныштары,қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті ғалымдардың үлкен шоғыры: Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов,Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты.

Белгілі тіл мамандары Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Молдағали Жолдыбаев, математик Әлімхан Ермеков және басқа да ұлттық ғалымдарымыз профессор-оқытушылар құрамының алдыңғы сапында болды.

Алғашқы жоғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор Санжар Асфендияров есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазылды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісінің қайраткері, дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Санжар Асфендияровуниверситеттің ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарды.

1941-1945 жылдары екінші дүние жүзілік соғыста көрсеткен ерен ерліктері үшін Қазақ педагогикалық институтының белгілі оқытушылары мен студенттері Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Сондай-ақ Қазақ педагогикалық институтын бітірген көрнекті әдебиет, мәдениет және ғылым қайраткерлері: Сәрсен Аманжолов, Халижан Бекхожин, Қажым Жұмалиев, Орынбек Жәутіков, Мұхамеджан Қаратаев, Ахмед Ысқақов, Серік Қирабаев, Ақай Нүсіпбеков, Жұмағали Саин, Шәмшиябану Сәтпаева, Рабиға Сыздықова, Әбділда Тәжібаев, Сейіт Қасқабасов осы оқу орнының мақтан тұтар түлектері.

Қазіргі уақытта Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) үздік білім беру жүйесі қалыптасқан Қазақстандағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі.

Батыр-ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің басшылығымен оқу орнында Мәлік Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді.

Қазақ педагогикалық институтына оқуға түскен Мәлік Ғабдуллин үлкен ғалымдардың Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбановтардың алдын көріп, дәрістерін тыңдайды.

Ұстазы Құдайберген Жұбанов: «Он үш жас күш» деген мақаласында өзінің алдынан тәлім алған бір топ айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік Ғабдуллинге ерекше тоқталып: «біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған» деп атап көрсетеді және Мәлік бастаған жастардың болашағына сеніммен қарайды: «көптің күткеніндей жеміс берер», «алған білімдерін іске асыра алар», «үмітті ақтар, шын жұмыскер болар» деген көрегендік танытады. Өзінің алғырлығымен, білімге құштарлығымен дараланған Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы педагогикалық институтты бітіріп шығады.

1935-1936 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарады.

1938 жылы академик Қаныш Сәтбаев басқарған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Ғылым Академиясының Қазақ филиалында ғылыми қызметкер болып істегеннен бастап, қазақ ауыз әдебиетінің күрделі ғылыми теориялық мәселелерін жан-жақты, толық, терең зерттеуге кіріседі. Москва, Ленинград, Омбы, Орынбор архивтерінде ізденеді. 1938 жылы 7-11 маусым күндерінде Кеңестер Одағы Ғылым академиясының Этнография институтының ұйымдастыруымен Ленинград қаласында өткен фольклорлық конференцияда Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген тақырыпта ғылыми хабарламасы тыңдалады.

1938 жылы Ленинградтан келгесін көп кешікпей-ақ Абай атындағы педагогтар институтының жанынан ашылып жатқан аспирантураға Мәлік Ғабдуллин былай деп өтініш жазады:

«Қазақ әдебиетінен толық қаруланған ғылым қызметкері болу мақсатын алға қойып отырмын. Сондықтан Абай атындағы педагогтар институтының жанынан ашылмақ аспирантураға алуыңызды сұраймын» (02.09.1938 жыл, Мәлік Ғабдуллин).

Сөйтіп, 1938 жыл Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасына түсіп, қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов: «... ғылымға деген құштарлық Мәлік Ғабдуллинді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына алып келді. Кіші ғылыми қызметкер бола жүріп, Мұхтар Әуезовпен ағалы-інілі сырлас болды. КазПИ-дің аспирантурасына оқуға түсті. Мұхтар Әуезовтің ықпалымен фольклорды зерттей бастады».

Аспирант кезінде «Қобыланды батыр» («Әдебиет және искусство»,1939,№2), «Халық фольклоры жайында» («Қазақ әдебиеті», 1940 жыл, 28 қаңтар, №6) деген зерттеулерін жазады. Жас ғалым фольклор теориясымен мықтап қаруланады. Орыс, өзбек, әзірбайжан, қалмақ, бурят, монғол, ойрат, татар, башқұрт, армян, алтай, саха халықтарының көне батырлық эпостарын мұқият зерттей жүріп, қазақ халқының дәстүрлі фольклорының тарихы мен теориясына зор үлес қосады. Ұлттық фольклордың сыр-сипатына ой жүгірткен Мәлік Ғабдуллин Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен «Қобыланды батыр» жырын ғылымдық зерттеудің проблемалары» тақырыбында диссертация жазады.

Орыс оқымыстысы, академик Юрий Матвеевич Соколовпен де хабараласып, өзінің ғылыми еңбегінің мән-жайын баяндап, ақыл-кеңестеріне сүйеніп отырады. Халық әдебиетінің маманы, академик Ю.Соколов, бір жолдасына жазған хатында: «Ғабдуллин Мәлік халық әдебиетін (фольклор) өте жақсы көреді. Қолынан іс келетін жастың бірі» деп бағалайды.

Бірақ,өкінішке орай «Қобыланды батыр» жыры жайлы кандидаттық диссертациясын тәмамдап қалған кезеңдесоғыс басталып, елді қорғау маңызды болған уақытта ғұмыры ерлікпен, батырлық істермен тікелей байланысты болған Мәлік Ғабдуллин Иван Васильевич Панфилов бастаған 28-гвардия дивизиясы құрамында соғысқа аттанады.

1946 жылы даңқты Батыр Алматыға оралып, өзінің сүйікті жұмысы мен ғылым жолындағы ұстаздарыҚаныш Сәтпаевпен, Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен қауышады. Соғысқа дейін аяқтап үлгермеген «Қобыланды батыр жыры» диссертациясын қорғап, ғалым атанады.

Мәлік Ғабдуллин өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының нағыз асыл текті сипатын аңғартатын ұлы тұлға. Бір басынан батырлық, ғалымдық, жазушылық, ұстаздық, қайраткерлікқасиеттер қатар табылатын абзал тұлға жайлы естеліктер оқи отырып, осынау үлкен жүректі азаматтың ұлты үшін істеген өлшеусіз еңбегіне бас иесіз.

Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарып жүргенде жастар жатақханасына келіп студенттермен еркін араласып, шахмат ойнауы, алыстан келген студенттерге қамқорлық жасап, қаражатын беріп, елге шығарып салатындығы «ұлық болсаң, кішік бол» деген аталы сөздің айғағындай.

Осынау ғажайып аңыз адам білім нәрімен сусындаған білім ошақтары мен ғылым ордалары осы күні бүгінге дейін ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып, жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқандары қандай ғанибет десеңізші.

Ерен ерлігімен, өлшеусіз еңбегімен ел есінде қалған Мәліктей тұлғалар біз үшін де, болашақ жас буын үшінде мақтаныш болып қалабермек.          

Жанат Қажыбай,
М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері

30.11.2023

Қараулар: 517

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау