Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
БАТЫР МУЗЕЙIНЕ ШИРЕК ҒАСЫР

Көкшетау қаласындағы мәдениет ошақтарының әрқайсысының құрылу, қалыптасып, көркею тарихы бар десек, қалың көпшiлiкке мәдени-ағартушылық қызмет көрсететiн iргелi мекеме Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң құрылғанына жиырма бес жыл толған екен. Ұжымды, барша көкшелiктердi осынау мерейлi датамен құттықтай отырып, аталған мәдени мекеменiң iс-қызметiне тiкелей куә болған жылдарым туралы жазып жолдауды өзiме парыз санадым. Әр адамның тағдыр соқпағы — өзiне ғана тән тарихи ғұмыр жолы. Ал жеке адамның ғұмыр жолы өзi өмiр сүрген қоғамдағы белгiлi бiр кезеңдермен, тұлғалармен, мекеме-ұйымдармен байланысты болып жатуы заңдылық. Осы тұрғыда менiң өткен өмiрiмнiң тоғыз жылы Мәлiк Ғабдуллин музейiмен байланыста өрбiген екен. Сол кезеңдегiдей тығыз болмаса да, бүгiндерi басқа қалада жүрiп жатсақ та, музей ұжымымен таныстық, рухани байланысымыз үзiлген емес. Сол себептi де тамырымызды тереңнен тартып, ерекше еңбегiмiз сiңген танымалтұлға санатында болмасақ та, осы ұжымның өзiмiз куә болған, көзбен көрiп, бастан бiрге өткерген жылдардағы шығармашылық жолы туралы шынайы пiкiрiмiздi, iс-қызметтi ширек ғасырлық мерейтойға орай санада жаңғыртып өтуге қақылымыз деп санаймын.

Музей — сырт көзбен қарағанда

Көкше өңiрiнiң мәдениет саласына сiңiрген еңбегi бiр төбе тұлға, өз дәуiрiнiң бiлiктi де жаңашыл маманы болған Мәриям Кенжеахметқызы Кенжеахмет негiзiн қалаған бұл музейдiң құрылған кезiнен бастап, қалыптасқан, толысқан ширек ғасырлық ғұмыры менiң де көз алдымда десем болады екен. Сонау тоқсаныншы жылдары облыс орталығы Көкшетауда, қазiргi тiлмен айтқанда рухани жаңғыру үдерiсi шын мәнiнде қарқынды жүрiлiп жатты. Басты-басты көшелер қазақша атауларға ие болып, ұлттық мазмұндағы жаңа бiлiм ордалары мен мәдениет ошақтардың негiзi қаланып жатты. Мұндай жаңалықтардан қатардағы студент — бiздер де құр қалмайтынбыз. Ол мен кезде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетi қазақ филологиясы факультетiнiң студентi болатынмын.

Күншығыс бетiнде шағын балконы бар, қоңырқай бояулы, ағаштан салынған көне ғимаратта орналасқан Мәлiк Ғабдуллин музейiне оқу-өндiрiстiк практика кезiнде мектеп оқушыларын ертiп әкелiп тамашалататынбыз. Кейiннен, Көкшетау қаласындағы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орнында сабақ берген жылдары сынып жетекшiсi, куратор ретiнде шәкiрттерiмiздi мұнда қаздай тiзiлтiп жетелеп алып келiп жүрдiк. Музей қызметкерлерi қашанда болсын, жылы жүзбен қарсы алып, экспонаттарды таныстырып, разы-қоштықпен шығарып салып жататын. Осы сәттерде музей ауласынан шығып келе жатқан оқушылар мен студенттердiң көздерiнен мақтаныш, рухани серпiлi саңғарылатын. Жалпы, былайғы жұртшылықтың, соның iшiнде бiлiм мекемелерi қызметкерлерiнiң музеймен байланысы негiзiнен, осы сипатта ғой деп ойлаймын.

Менiң өмiр жолымдағы Мәлiк Ғабдуллин музейi

Менiң өмiрiмдегi Мәлiк Ғабдуллин музейiмен тығыз байланыс 2006 жылдан басталған болатын. Осы тұста музей өз қорына Алматыдағы ҚР Мемлекеттiк орталық мұрағатында сақтаулы тұрған Мәлiк Ғабдуллиннiң жазысқан хаттары мен өзге де жазбалардың төте жазу мен латын қарпiндегi көшiрме құжаттарды кириллшеге түсiретiн штаттан тыс ғылыми қызметкер iздеген болатын. Аталған қарiптердi игерген себептi, музей жанындағы ғылыми кеңестiң ұсынысымен мен осы шаруаны атқарушы ретiнде қабылдандым. Музейдiң ол кездегi директоры Әмiрғожина Ләззат Жанатайқызы болатын. Осылайша, Мәлiк Ғабдуллин музейi қорында 1995-2015 жылдары келiп түскен төте араб, латын қарiптерiндегi барлық дерлiк жазбаларды кирилл қарпiне түсiрiп, электронды нұсқасын жасауды атқарып шыққандығымды музейдiң ғылыми-зерттеу жұмысына қосқан үлесiм деп бiлемiн. Бұл тұста Мәлiк Ғабдуллиннiң немере туысы, бiртоға мiнездi, зиялы азамат, байырғы журналист Жанатай Бекенұлы Бекенов та қызмет iстейтiн.

Батыр музейiмен осылай басталған ұжымдастық, рухтастық қатынас күнi бүгiнге дейiн жалғасып келедi. Музей қабырғасында штаттан тыс, штаттағы ғылыми қызметкер ретiнде жұмыс iстеген жылдарымды мен Көкше өңiрiнiң мәдени өмiрiмен етене араласып, ел көрiп, жер таныған, музей iсi атты әлеммен жете танысқан, iзденiс пен шығармашылыққа толы өмiр белесiм деп есептеймiн.

Ләззат Жанатайқызынан кейiн музей басшылығына Қосыбаев Ермек Асылзадаұлы келдi. Бұл кезеңде де музей жаңа экспонаттармен толығып, нығая түскен болатын.

2012-жылы Мәлiк Ғабдуллин музейi директорлығына танымал айтыскер, жазба ақын, бастамашыл ұлт патриоты Мырзабек Құдайберлi Рахiмбекұлы тағайындалғаннан бергi кезең — аталған мекеме үшiн түлеу мен өрлеудiң кезеңi болды десек — бұл сөзiмiздiң еш жалғандығы болмайды. Оған музейдiң осы жылдарда қол жеткiзген жетiстiктерi куә. Әрi бұл — ұжым жұмысын қадағалаушы басқарма мен қала, облыс басшылығының, жалпы халық-бұқараның көз алдындағы жетiстiк. Бұл жетiстiкке ұжым жыл он екi ай бойы жоспарлы түрде жүргiзген музейiшiлiк, музей аралық, қалалық, облыстық, республикалық, тiптi халықаралық ауқымдағы, қоғамның сан түрлi қабаттарын қамти отырып өткiзген сан алуан сипат-форматтағы, мәндi-мағыналы, тиiмдi ықпал-әсерлi мазмұндағы iс-шаралар арқылы қол жеткiзгенiн мен қазiрде алыстау жүрсем де жақсы бiлемiн.

Бұл музей несiмен ерекше?

Кез-келген музейдiң жұмысы — өзi құрылуына негiз болған тақырыпқа орай жинақталған экспонаттарды қалың жұртшылыққа таныстыру, насихаттау, оларды сақтап, жылдан жылға байытып отыру. Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң жұмыс бағытын да осы ауқымда алып қарастыра салуға болар едi. Бiрақ, ол — осы музей жағдайында тiптi де мүмкiн емес. Ендiгi әңгiме ауаны осы бағытта болмақ. Бұл мүмкiн емес жағдай — әсiресе, музейдi соңғы бiршама жыл жүзiнде Құдайберлi Мырзабек ақын басқарып келе жатқан тұста айқын көрiнiс тапты деуiмiзге болады.

Табиғатынан тың идеяшыл, iзденiмпаз шығармашылық адамы Құдаш ақын: «Музей — өлген кiсiнiң киiмiн iлiп қойып күзетiп қарап отыратын мекеме емес», — деген ұстанымын берiк ұстана отырып, Мәлiк Ғабдуллин тұлғасының сан қырлы әлеуетiн музей iсiн жандандыруға ұтымды пайдалана алды десек болады. Ол қандай әлеует дегенге бiр-екi сөйлеммен жауап бере кетейiк: Мәлiк Ғабдуллин — саналы ғұмыры мазмұнға бай, сан қырлы тұлға. Есiмiне батырлық, әдебиеттанушы ғалымдық, жазушылық, педагогтiк, басшылық, қайраткерлiк т.б. анықтауыштар сыйған, өз дәуiрiнiң үлкен жүректi гуманист тұлғасы. Мiне, сондықтан да, мәдениет ошағына атау болған тұлғаның табиғатын тап басып, оның әлемiмен үндесе бiлген басшы мен оның идеясын жүзеге асыруға әлеуетке ие ұжым үшiн жұмыс бағыты сан тарапты, ауқымды болуы сөзсiз ғой.

Мұндай мол құжаттық қорға ие атаулы музей аз

Осы ретте айта кетерлiгi, Қазақстанда көптеген мемориалдық, атаулы музейлер бар. Бұлардың бiразына қатардағы тамашалаушы болып немесе М.Ғабдуллин музейi ғылыми-зерттеу экспедициясы құрамында тәжiрибе алмасушы әрiптес ретiнде бас сұққан ретiмiз бар. Әрiптес ретiнде барғанда байқағанымыз, бұл музейлердiң көбiнiң-ақ басым бағыты экспонаттық-таныстырымдық болып келетiндiктен, қор бөлiмiнде ағымдық құжаттар көшiрмесiнен өзге басы артық қағаздың болмайтындығы едi. Ал Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң бұл тұрғыдан алғанда өзiндiк ерекшелiгi, қалыптасқан дәстүрi бар. Мұнда ширек ғасыр бойы үздiксiз жинақталған қағаз, аудио, видео, фото форматтарындағы құнды түпнұсқа, көшiрме құжаттар, сондай-ақ Мәлiк Ғабдуллиннiң шығармашылық ғұмыры тұсында баспадан шыққан сөре-сөре кiтаптар бар. Бұл — Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығын, ХХ ғасырдың 40-70 жылдарындағы Қазақстанның тыныс-тiршiлiгiн зерттеймiн деушiлерге таптырмас дереккөз қоры екендiгi анық.Осындай мол жазба мұрағат қорына ие болғандықтан, музейде көптеген жылдар бойы қалыптасқан ғылыми-зерттеушiлiк дәстүрi бар. Көкшетау қаласы мен өзге өңiрлердегi жоғары, арнаулы орта бiлiм беретiн мекемелердiң Мәлiк Ғабдуллин шығармашылығынан хабардар оқытушы ғалымдарынан, зерделi зерттеушiлерден жасақталған музей жанындағы ғылыми кеңес көмегiмен мiндеттер мен мақсаттарды белгiлеп алатын жұмыс тәртiбiне де ие. Осылайша жүйелi түрде жұмыс атқарып келе жатқан музей ұжымы Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiрi мен шығармашылығына қатысты жинақталған ақпараттарды зерттеу, сұрыптау, басылымға әзiрлеу тұрғысында ширек ғасыр iшiнде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзгенiн жақсы бiлемiз. Бұл дегенмiз не? Бұл — Мәлiк Ғабдуллиннiң қолжазба мұралары жинақталған МОМ қорымен тұрақты әрiптестiк қарым-қатынастар, әр өңiрлерге жыл бойы жасалатын ғылыми-зерттеу экспедициялары. Бұл — үздiксiз жинақталған құжаттардың тұтастай терiлiп, электронды нұсқасы, библиографиялық тiзбелердiң жасалуы. Бұл –электронды нұсқаларды кiтап етiп басылымға дайындау. Мәлiк Ғабдуллиннiң ғылыми, әдеби, педагогикалық, публицстикалық, эпистолярлық еңбектерiнiң толық жинағы музей ғылыми қызметкерлерiнiң күшiмен үш мәрте басылымға дайындалып, бүгiнге дейiн әркiмнiң баспаға ұсынуымен жарық көрiп жатса, мұндағы басты еңбек — музей ұжымының маңдай терi десек артық айтпағандығымыз. Себебi, қорды Мәлiк Ғабдуллинге қатысты құжат-деректермен барынша толықтыру үшiн ұжым қызметкерлерi қатарында мұрағаттарды ақтарып, сұрау салысып, тiрнектеп жинауға кезiнде бiз де қатысқан едiк.

Ғылыми-зерттеу экспедициялары –ғибратты сапарлар тарихы

Мәлiк Ғабдуллин мұражайы жұмысының дәстүрлi бiр бағыты — сан қырлы тұлғаның өмiрiне, шығармашылық жолына қатысты өңiрлерге, мекемелер мен ұйымдарға арнайы сапар ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, тың деректер жинау. Бiз де музейдiң ғылыми қызметкерi ретiнде осы ғылыми-зерттеу экспедиция құрамына енiп, Қазақстанның оңтүстiгiнен солтүстiгiне дейiнгi ұлан-байтақ өңiрдi аралап, көптеген қызықты кездесулердiң куәсi болған едiк. Атап айтқанда Алматы қаласына, Жамбыл облысына сапарлар барысында Мәлiк Ғабдуллиннiң қамқорлық шарапатын көрген шәкiрттерi, белгiлi абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Мырзахметов, майдангер, ғалым-жазушы Сапабек Әсiпұлы, ҚР Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, танымал жазушы-журналист Сарбас Ақтаев және басқа да танымал тұлғалардың шаңырағынан дәм татып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi. Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтың музей-үйлерiнде болған кезде бiрлесе танымдық-тәрбиелiк iс-шаралар ұйымдастырып, сол ұжымның басшысы, қазақтың тамаша ақыны Әдiлғазы Қайырбек ағамен, Мәлiк Ғабдуллиннiң қызы Майдан апаймен бiрге Алматы қаласы маңындағы Мәлiк Ғабдуллин атындағы Абай орта мектебiнде тамаша кездесулер ұйымдастырғанбыз. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы музейiне, Солтүстiк Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиханов пен Айғаным ханым музей-үйлерiне, Жамбыл ауданындағы Ғабит Мүсiрепов (Жаңажол ауылы), Сәбит Мұқанов (Сәбит ауылы), Иван Шухов (Пресновка селосы) музейлерiне, Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласындағы музейге т.б. жерлерге жасаған экспедицияларымыз Мәлiк Ғабдуллиннiң өмiр жолына қатысты тұлғаларды, олардың кiндiк қаны тамған өлкенi тану, ел көрiп-жер көру, өзара тәжiрибе алмасудың таптырмас мүмкiндiгi болған едi.

Музей — қызғылықты идеялардың, өмiршең жобалар генераторы

Жоғарыда атап өткенiмiздей, Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң атқаратын мәдени-танымдық iс-шараларының ауқымы барынша әралуан болатын және қазiр де солай. Жас ұрпақты патриотизмге баулуға, өнер мен бiлiмге, шыныққан шымыр болуға жетелеуге бағытталған, бүгiндерi республикалық ауқымда көрiнiс тауып жүрген мазмұны қызықты, ыңғайлы форматтағы қаншама iс-шаралар алғаш осы музейден қанат қаққан едi. Солардың бiрi — Мәлiк Ғабдуллиннiң ғылыми жұмысы тақырыбы болған «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылар сайысы болатын.Оныншы сыныптағы ер балаларға арналған «Мәлiк Ғабдуллиннiң Құрмет жұлдызы», өз аулының тарихын, ерлiк жолын насихаттап танытуға арналған «Ауылым — алтын тұғырым!» т.б. iс-шаралар мен фестивальдер өзкезегiмен қалың көпшiлiктiң қатысуымен өтiп жатады. Солардың iшiнде өзiм Елордадан әдейiлеп барып, бастан-аяқ тамашалап қатысқан «Желтаудың желмаясы» атты этнофестивальдiң орны ерекше едi.

Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұйымдастыруымен жүргiзiлген барлық iрiлi-ұсақты iс-шаралардың басты мазмұны — ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды патриоттық тәрбиеге баулу, ұлтаралық татулықты нығайту, қазақ халқының бай салт-дәстүрiнiң өмiршеңдiгiн дәлелдеп, олардың ұмытылмай қолданыста болуына күш салу, жаңғырту болып келетiнiн жақсы бiлемiз. «Көп естiгеннен бiр рет көрген артық» демекшi, көзбен көрiп, тiкелей қатысып, игi әсерiн сезiнген сондай бiр ауқымды iс-шара «Желтаудың желмаясы» фестивалiне тоқтала отырып, мазмұнын қысқаша баяндап өтудi жөн көрдiк.

«Желтаудың желмаясы» этнофестивалi — кешегi мен бүгiнгiнiң дәстүр сабақтастығы

Бұл этнографиялық фестивальдiң «Желтаудың желмаясы» деп аталуы да бекер емес едi. Желтау — дүйiм қазаққа аты мәшһүр Мәлiк Ғабдуллиннiң кiндiк қаны тамған қасиеттi топырақ. Батыр 1915-жылы осы таудың күңгейiндегi қыстақта дүниеге келген. Көкшетау қаласының оңтүстiгiнде, 30 шақырым жерде мұнарланған Желтаудың айналасында Мәлiк Ғабдуллиннiң арғы бабасы Қанай би Құттымбетұлының ұрпақтарынан құралған алты ауыл мекендейдi. Осы алты ауылдың бесiктегi сәбиiнен ақ сақалды қариясы, ақ жаулықты анасына дейiн түгел қатыстыра отырып, қазақ халқының iзгi салт-дәстүрлерiн ұлықтау, туған елi мен жерiнiң тарихын, онда өмiр сүрген даңқты тұлғаларды танып бiлуге ықпал жасау, жалпы алғанда халықтың рухын оятып, рухани түлетутi мақсат еткен «Желтаудың желмаясы» этнофестивалi Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай, 2016 жылдың шiлде айында өткiзiлген едi. Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң бастамашылдығымен, Ақмола облысы әкiмдiгiнiң қолдауымен, көптеген мекемелер, ұжымдар, жеке адамдардың құлшына атсалысуымен өткен осы бiр айтулы инновациялық жобаның шырайы ерекше едi.

Қырық күн шiлде ортадан ауған осы бiр тұста Көкшетаудың сұлу атырабы көгiлжiм мұнарға, таулары тұманға бөгiп тұрған едi. Желтау биiгiнiң ағашы жоқ тазығыр тақыр биiгiндегi аппақ тас кесектерiмен жазылған «Қанай би» деген жазу алыстан айқын көрiнiп тұр. Жазудың үстiңгi жағындағы биiкте Тәуелсiз Қазақстанның көк туы басына iлiнер штандарт орнатылған. Етектегi Қойсалған аулына таяу, Өтес бұлағының үстiндегi қыратқа тiгiлген ондаған ақшаңқан киiз үйлер мен шатырлар ерекше бiр сән-салтанаттың нышанындай. Киiз үйлердiң iш-сыртын Қанай биден тараған ауылдар жеке-жеке безендiрiп, әр ауыл өздерiне тапсырылған ұлттық салт-дәстүрлердi ашық аспан астында, кешегi бабалары өмiр сүрген баспана — киiз үйде көрсету үшiн барын салуда. Ауылдың ортасындағы алаңқайда алтыбақан құрылған. Желтау мен ауыл орналасқан қыраттың ортасындағы тай шаптырым жазықтың дәл жиегiнде театрландырылған көрiнiске арналған сахна, LED-экран, қазақ күресi алаңы орналастырылып, көрермендерге арналған орындықтар қойылған. Қазақстан Тәуелсiздiгi мен фестивальдiң мәнiн айшықтайтын баннерлер қойылған. Анадайда төрт түлiк мал жайылып жүр. Қарағайдан қиып қалаған шарбақтардың жанындағы биебауда тай-құлындар жылқы шұрқырайды. Қазақы төбет пен тазы иттерiн жетелеп, самдағай киiнген аңшы жiгiттер де жетiптi. Басына үкiлi кәмшат бөрiк киiп, қосетек көйлектiң сыртынан қынай бел мешпет киген талдырмаш арулар мен құндыз бөрiктерiн шекелей қондырып, оюлы жұқа шапан киген серi жiгiттер де тойдың сәнiн келтiргендей.

Мiне, қаншама уақыт бойы тынымсыз дайындалған фестиваль де басталды. Ұран күйi ойналып, атқа мiнген жаршылар қазақтың ежелгi салтыменен, тойдың басталғанын хабарлады. Осылайша салтанатты ашылудан соң Қазақстан Республикасының Әнұраны ойнала бастаған кезде, көк туымызды ат үстiнде асқақтата желбiреткен топты жiгiт арғымақтарын ойнатып сонау Желтау биiгiне қарай шапқылаған күйi тұманға сiңе бердi. Жiтi қараған көзге, сәлден кейiн тау басындағы биiк тұрғыдағы көк ту желбiрей көрiнiп тұрды.

Күңгейге жиналған қалың жұрттың назары осы өңiрдiң өркеш биiгi Желтауға ауған. Бағзы бабалардың сарынын бебеулеткен қара қобыздың үнi даланы кернеп кеттi. Желтау қадiр-қасиетi турасындағы толғаныс сөз сценарийдегi абыз қарияның аузымен айтылып, бүгiнгi фестивальдiң мән-мағынасын көпшiлiктiң санасына сiңiрiп, тарихтың тереңiне бойлатуы тиiс болатын. Қаламымыздың сиясы болғандықтан, осы шолу мақаламызда толықтай бере кетудi жөн көрдiк:

«Уа, қасиетiңнен айналайын, туған жер! Баурыңда балдай дәрi саумал бұлағың бұрқыраған, биiгiңде Арқаның ерке самалы екпiндей соққан, сұлу Көкшенiң жер кiндiгi — Желтауым менiң!

Түстiгiң текше-текше Сандықтау, батысың қара орманды Қошқарбай мен Зерендiтау, терiстiгiң бауыры самала Бұқпатау, шығысың Арқа аралы Бурабай — төрт тарапқа тең көсiлген өзiңдi жер кiндiгiне баласам, несi айып?

Баурыңда өскен қазақ деген халқыңның ертегiдей тамаша азат күндерiнiң де, етегi жасқа тола еңiреген азапты күндерiнiң де куәсi өзiңсiң, Желтауым!

Сен — алты алаштың басын қосқан Хан Абылай ордасының iргелес қоңсысы, ту баста сол Абылайды хан көтерген шешен Қанайдың таңдап қонған қонысы едiң, Желтауым!

Сен — аспандағы аққуға әнiн қосқан, Сарыарқаны саз самалымен тербеген Бiржан мен Ақанның, Үкiлi Ыбырай мен Балуан Шолақтың асқақ әнiн де тыңдағансың, Желтауым!

Сен — ел күйзелген кезiнде ерлiк еткен, жау жағадан алғанда батырлық еткен Мәлiктей ердi, қазақтың жұлдызды жылнамасын түгендеп, ғылымның шырағын жандырған Мыңбайдай ғалымды тал бесiгiнде тербеткенсiң, Желтауым!

Сен — еңбегiмен ер атанып, ғасырлық ғұмыры өнеге болған Баян Жанғаловтай ел ағасының; қайсарлықтың мысалы, асыл дiнiмiздiң дiңгегi болған Өзбек Елемесовтей абыздардың өмiр жолына да куәсiң, Желтауым!

Сен — қазағымның, Тәуелсiз Қазақстанның бүгiнгi азат күнiне, ғажап күнiне куә, бауырың базарлы төңiрегiң думанды құтты қоныссың!

Ажарлы елiң, базарлы елiң бауырыңды дүбiрге бөлемек бүгiн, Желтауым!

Осы бiр қуанышың мәңгiлiк болғай. Бүгiнгi көш-замана көшi. Қазақ халқының ғасырлар бойы өзiмен бiрге жасап келе жатқан руханиятының, мәдениетiнiң, салт-дәстүрлерi мен әдеп-ғұрыптарының көшi. Мәңгiлiк Қазақ елiнiң көшi! Оны қайыспай көтерiп келе жатқан Желтаудың желмаясы, Көкшетаудың киесi!»

Мiнеки, осылайша, зерлi Зерендiнiң аймағындағы, Желтаудың баурайындағы жұрттың табиғи қатысуымен басталған этнографиялық фестиваль көрiнiстен көрiнiске ұласып, баурап әкеттi. Көкше өңiрiнiң абыз қариясы мен ақ жаулықты әжесi, жалынды жiгiтi мен ибалы келiнi, жеткiншек бүлдiршiнi образындағы кейiпкерлер арқылы қазақ халқының салт-дәстүрi, сөз саптау мәнерi бiрiнен соң бiрi табиғи сипатта көз алдыдан өтiп жатты. Арқаның арқалы әншiлерi мен күмбiрлi күйшiлерi, қияғы шалымды қобызшылары даланы думанға бөледi. Бiр уақытта күннiң көзiн бұлт тұтаса құрсап, таудан тұман шөгiп, төңiрек түнере қалды. Сөйткенше болған жоқ, күннiң көзi қайтадан ашылып, тұман сейiле түскенде Желтаудан берi қарай беттеп келе жатқан түйелi көштiң сұлбасы жарқ еттi. Көкшелiк талантты әншi Аслан Мұхамедьяров Құдайберлi Мырзабектiң «Ащылы-Жекебояқ» әнiн шырқап жатқан сәт едi. Ән мәтiнiне үндескендей, алшаң басқан ақбоз арғымаққа нық отырып, балдағына бүркiтiн қондырған ақ сақалды қария көштiң алдында келе жатыр. Ақ кимешек-шұлауышын қарқарадай қылып тартқан маңғаз бәйбiше бесiк өңгерiп, маң-маң басқан ақ атанның бұйдасын жетелептi. Құмай тазысы сылаңдаған жас жiгiттер мен салт атты бойжеткендер көштiң думанын қыздырып келедi. Көштiң алды-артын бес қаруы бойында батыр жiгiттер қорғап келедi. Домбырасын делбеп, шалқақтай тартқан Көкшенiң серi жiгiтi аспандағы аққуға әнiн қосып шырқап келедi. Қолдарына көк қаршығасын құнтита қондырған жасөспiрiмдер де көш iшiнде. Көштiң дәл осы көңiлдi де салтанатты көрiнiсiн көргенде, жиналған халық дүркiрей шулап кеттi. Көздерiне жас алып, тебiренгендер аз болған жоқ. Кеше ғана олардың ата-бабалары дәл осы жолмен салқар көштiң сәнiн түзеп, жайлауға шығып бара жататыны еш күмәнсiз едi. Әлдеқалай шетелден келген қонақтар бұл көрiнiске тiптi аң-таң. «Желтаудың желмаясы» деген, осы болар, сiрә!

Әне-мiне дегенше көш сахнаның жанынан өтiп барып тоқтап, түйе шөгерiлiп, жаңа жұрт батасы берiлiп, аластау жасалып, қария шаңырақты көтере ұстап, жастар кереге жайып, уық шаншылып, көпшiлiктiң көз алдында әп-сәтте киiз үй тiгiлiп үлгердi. Фестиваль — нағыз той. Той бұдан соң қыза түстi. Бура санды палуандар арысқа түсiп, желден жүйрiк сәйгүлiктер мен тайпалған жорғалар жарыс жолына шықты. Көкпар тартылып, аударыспақ ойнасып, аты шалымды азаматтар қыз-келiншектердi қызқуарға шақырып, ежелгi әскери ойынның жұрнағы теңге iлуге қатысушы жiгiттер түлкi қаққан бүркiттей шүйiлуде. Көктiм аймақтың елiнде бақ сынаған Қобыланды батырдың бүгiнгi ұрпақтары да шапқылап келе жатып, биiкте iлiнген жамбыны дәл атып түсiруге тырысуда. Ен жазықта апшысын қуыра қоян қуған тазылардың әрекетi де көрген жанның делебесiн қоздырарлық әрекет екен ғой.

Бала туғанда сүйiншi сұрау, бата беру, қуаныш құрметiне көкпар беру, баланы бесiкке бөлеу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызып ашамайға отырғызу, ерулiкке шақыру,

Қазақтың мұндай жиын-тойы айтыссыз өткен бе! Сахнаның төрiнде жыр көкпарын қыздырған айтыскерлер аламанға шапқан жүйрiктей көсiлуде. Той-жиынның да аяқталар мәресi болады емес пе? Мiне, нәтижелер қорытындыланып, марапаттар мен сыйлықтар тапсырылып, жеңiмпаздарды анықтар сәт те келiп жеттi. Жоғарыда аталған сайыстар мен жарыстарға қоса, сағыз қайнату, қымызмұрындық беру, табақ тарту, ыңғайлы ұлттық киiм үлгiлерiн көрсету т.б. тапсырмалар бойынша үздiк шыққан ауылдар, жеке адамдар марапаттарға ие болып мәре-сәре. Ең бастысы, бұлардың барлығы — жасанды қойылым емес, шынайы өмiрдегi iс-әрекеттер ретiнде басты қатысушы — ауыл халқының өзi болғандығы едi. Тойшыларға арналған түскi астан соң да «Желтаудың желмаясы» фестивалi жалғасын тапты. «Асық ату», «Арқан тартыс» т.б. ұлттық ойындар ойналып, кеш түсе ауыл жастары «Алтыбақан» маңына жиналды. Айлы кеште ақсүйек ойнап, алқа-қотан алаудың басында ән салып, ақындар жыр мүшәйрасын қыздырған осы бiр сәт қатысушылардың есiнде мәңгiлiк қалары анық.

Сөз соңы — iзгi тiлек

Мiне, Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң сан алуан мазмұндағы жұмыс бағыты туралы айтқанда, солардың iшiнен бiреуiне нақты тоқтала отырып, мазмұнын, идеясын ашуға тырысқанда осылай. Бiр ғана фестиваль ауқымында жиырмадан астам ұлттық салт-дәстүр көрiнiсi шынайы түрде көпшiлiк қауымның өздерi тiкелей қатысуымен көз алдында өтуi — қаншама жанға ой салды, өзiнiң осынау кеңбайтақ даланың анық иесi екендiгiн анық мысалда сезiндiрдi десеңiзшi! Жасанды желiге, қансыз-сөлсiз жаттанды көрiнiске құрылған қойылымға емес, шынайылыққа негiзделген осындай жобаларды туындатудан, осы арқылы кешегi «Алаш» зиялыларының әрекетiнше, халықтың қалғыған рухын жағыртуға, қанындағы мәңгiлiк кодты оятуға күш салып, осы жолда аянбай қызмет iстеп келе жатқан музей ұжымы қандай мақтауға болса да лайық емес пе! Себебi, өзге кейбiр әрiптес ұжымдар сияқты, тар аядағы жұмыс ауқымын белгiлеп бекiтiп алып, бiр сарынды қызмет жүргiзiп жатуына ешкiм де кедергi болмас едi ғой. Бұл — басқа музейлер қызмет iстемей жатыр деген сөзiмiз емес, әрине. Бiрақ Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң алымды-шалымды, ұтымды-татымды iс-қызметiн айтпауға болмайды.

Мiнеки, менiң өмiрiмдегi Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң тарихи жолы осылай. Музей қабырғасында жұмыс iстеген жылдарым текке өтпегенiне өзiмнiң шығармашылық ғұмырым куә. Мәлiк Ғабдуллиннiң ғұмыры мен шығармашылығына, өмiрiне батырдың шарапат сәулесi түскен жандарға қатысты ондаған танымдық, зерттеу мақалалар жазылды. Әлi де жоспарлаған дүниелер көп. Болашақта солардың басын қосып бiр кiтап жасау жоспарымызда бар. Бұл менiң мәлiктануға қосқан аз да болса үлесiм болмақ.

Жиырма бес жылдық мерейтойын жаңарып-жаңғырған ғимаратта, осынау жылдар жүзiнде ауыз толтырып айтарлықтай зор нәтижелермен қарсы алып отырған Мәлiк Ғабдуллин музейi ұжымын алда талай биiк белестер күтiп тұрғаны күмәнсiз. Ширек ғасырлық мерейтойларыңыз құтты болсын, қадiрлi әрiптестер!

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,

әдебиеттанушы, журналист

ҚР Ақпарат саласының үздiгi

23.04.2021

Қараулар: 690

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау