Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
КӨКШЕТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫРШЫЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ!

Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі жыршылық өнерді ұлықтаған «МӘЛІК— ҒҰМЫР, ЖЫР — ДАСТАН» атты республикалық жыршылар байқауы өтті.

Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, батырлар жырын дәріптеуді, рухани мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен байқауға еліміздің әр түкпірінен келген жыр сүлейлері қатысты.                                                                                                                                                                        
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында өнер көрсеткен жыршылар «Қобыланды батыр», «Қарға», «Парпария», «Алпамыс батыр», «Сырым батыр» және «Батыр Баян» жырларын орындап, көрерменге дәстүрлі жыр өнерінің тереңдігін танытты.

Шараның шымылдығы «Абылай хан» спектаклінің прологымен ашылып, ұлттық тарих пен елдік рухты ұлықтаған көрініс көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қатысушыларды домбырашылар күймен қарсы алып, дәстүрлі өнердің мерейін асқақтатты.
Салтанатты жиында Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді дәріптеудің маңызын атап өтті. Ал қазылар алқасының төрағасы, белгілі ғалым Берік Жүсіп жыршылық өнердің мән — маңызына тоқталып, батырлар жырының рухани мұрамыздағы орны туралы ой бөлісті.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Батыс Қазақстан облысының жыршысы Фархат Оразовқа бұйырды. І орынды Қызылорда облысының өкілі Марат Сүгірбай иеленсе, ІІ орынға Жетісу облысынан келген Нүрәли Есхат лайық деп танылды. Ал ІІІ орын Ақтөбе облысының өкілі Бақыт Арыстанғалиеваға бұйырды. Сонымен қатар Қостанай облысының жыршысы Абзал Алпыс пен Ақмола облысының өкілі Нүридден Охиттан ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл байқау – халқымыздың асыл қазынасы саналатын жыршылық дәстүрді жаңғыртып, ұлттық руханияттың сабақтастығын нығайтатын маңызды мәдени шара. Батырлар жырын ұлықтап, жыршылық өнердің қадір-қасиетін дәріптеген жыр додасы дәстүрлі өнерге деген құрметті арттыра түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Өнерлеріңіз өрге жүзсін, жырларыңыз ұрпақ жүрегіне жол тауып, ұлттық мұрамыз мәңгі жасай берсін!


23.10.2026

Қараулар: 41

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Государственные символыСайт города Кокшетау