13 наурыз – Амал мерекесіне орай Мәлік Ғабдуллин музейі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы бірлесіп «Жыл басы – ақ ниетпен» атты тағылымды мерекелік кеш ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі Көрісу күні арқылы елдің амандығын сұрасып, ақжарма тілектер айтып, татулық пен бірлікті дәріптейтін ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Музей қызметкерлері ұлттық киім киіп, жарапазан айтып, қазақы дәстүрге сай ынтымағы жарасқан академия ұжымымен көрісті. Бұл көрініс жиналғандарды халқымыздың бай салт — дәстүрімен тағы бір мәрте қауыштырды.
Кештің ресми бөлімінде Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, полковник Жұмабек Хасенұлы және музей директоры Мұхаммед Мерекеұлы жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар музей ұжымы атынан академия қызметкерлеріне Наурыз дәмі ұсынылды.
Мерекелік кеш барысында музей мен академия ақсақалдары көпшілікке ақ батасын берді.
Кештің көркін ақын Берденбек Мырзаттың арнауы, дәстүрлі әнші Эльмира Төлеубаеваның шәкірттерінің орындауындағы әндер, сондай-ақ академия курсанттарының орындауындағы «Ерке сылқым» күйі мен «Қазақтың бәрі туысқан» әні айшықтай түсті.
Осындай тағылымды шаралар ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге зор үлес қосады.
Ақ ниетпен басталған жылымыз берекелі болып, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлік нығая берсін!
13.03.2026
Қараулар: 27