19 қараша күні танымдық экспедиция Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептен бастау алды. «Батырдың ізімен: жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу» атты семинар-конференциясының мақсаты - Ұлт батыры Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлік жолын үлгі ете отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, рухани тұтастық пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Іс-шараға Мұхамед Мерекеұлы бастаған музей қызметкерлері мектептің арнайы шақыртуымен келіп қатысты. Үш бөлімнен тұратын семинар-конференцияға ақын, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қарасай ауданының құрметті азаматы Қуат Қайранбаев пен Қарасай аудандық білім бөліміне қарасты мектеп мұғалімдері қатысты. Мектеп мұғалімдерінің дайындаған ашық сабақтарына қатысқан оқушылардың бойындағы жігер мен Мәлік батырдың рухына деген құрметтеріне сүйсіндік. Семинар-конференция барысында Мәлік батырдың «Қазақ баласы» кітабы туралы баяндама жасалып, Республикалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубы жаңа мүшелермен толықты. Клуб мүшелеріне арнайы куәліктер мен төсбелгілерді музей директоры Мұхамед Қонқаев пен Айгүл Абдрахмановна табыс етіп, жас мәліктанушыларға сәт-сапар тіледі.
Іс-шара нәтижесінде музей қоры сурет пәнінің мұғалімі Еспотанова Дарияның салған Мәлік Ғабдуллин портретімен толықты. Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналған іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, мазмұнды қылып өткізген мектеп ұжымына және мектеп директоры Айгүл Абдрахманқызына алғысымызды білдіреміз. Мәлікті тануға бағытталған ұстаздарымыздың еңбегі нәтижелі бола берсін демекпіз.
«Мәліктің рухы халықпен» танымдық-тағылымдық экспедициясының үшінші күні даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің саналы ғұмыры өткен алтын ұясы Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде филология факультетінің студенттерімен «Ұлт арысының өмір жолы мен рухани мұрасы» атты кездесу кеш өтті. Батырдың 110 жылдығына орай ашылған Мәлік Ғабдуллин дәрісханасында өткен кездесу кеш филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдіғазиұлы Балтабайдың алғы сөзімен басталды. Студенттердің алдында сөз алған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Мерекеұлы, музейдің бас қор сақтаушысы Мейрамгүл Жолаушина отыз жылдық тарихы бар музейдің жұмысы мен музей қорындағы хаттарға шолу жасады.
Музейдің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова батырдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін “Ғажайып өмір баспалдақтары” атты жылжымалы көрмемен таныстырды. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесу - оқытушылар мен студенттер үшін мазмұн мен тағылымға толы іс-шара болды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы байланыс нөмірін тауып ақын, жазушы, Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті Сейітхан Сағымбай ағамызбен кездесу бұйырды. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Сейітхан ағамыз 1980 жылдары Семей облысы, Мақаншы ауданы, Барлықарасан мектебінің директоры қызметін атқарып жүрген уақытта табандылығын көрсетіп сол мектепке академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің есімін бергізген. «Мәлік - Көкшетауда туған, сол жақта есімін берер, біздің өз тұлғаларымыз бар ғой…» деген жергіліктегі биліктегі намыссыз адамдардың сөзінен сағы сынбай, арнайы мөр жасатып, шәкірттік парызын орындап мақсатына жеткен Сейітхан ағамызды ел білуі керек. Алматы қаласы, Қалқамандағы облыстық ауруханада емделіп жатқан жерінен бізге уақыт бөліп, өлеңдері мен Батыр ұстазына қатысты естеліктері топтастырылған «Сағым жылдар” атты кітабын музейге тарту етті. Ағамыздың өмір жайында айтқан сөздері жүрекке жетіп, жанымызды толқытпай қоймады.
Екінші кітап - Батыр музейі қорындағы 1964 жылғы мәтіндік нұсқасының негізінде дайындалған Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқу құралы. Редакция алқасы: Б.А.Тілеп, Б.Әбдіғазиұлы, М.Д.Жақауов. Оқу құралы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім бағдарламасына енген. Кітапты филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы өз қолымен табыс етті. Осылайша музейдің негізгі қоры қос кітаппен толықты.
19.11.2025
Қараулар: 99