Биылғы жылы қазақтың ақиық ақыны, жазушы, драматург, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр.
Мәлік Ғабдуллиннің Сәкен Сейфуллинмен рухани байланысы сонау 1931 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтында білім алып жүрген уақыттан бастау алады.
Сарыарқа топырағында ізі қалған, қазақ елінің мақтанышы, сұлулықтың символы болған сырбаз-дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин мен Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин музейі ынтымақтастық меморандумы аясында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді.
Бүгін, Мәлік Ғабдуллин музейінде Сәкен Сейфуллин мұражайының қорынан жинақталған «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» атты жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Сәкен Сейфуллинге арналған іс-шара ескі мұсылмандар зиратында жерленген Сәкеннің ұлы Аянның рухына тағзым етуден басталды.
Ашылу салтанатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Сәкен Сейфуллин мұражайының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Абсеметов, жазушы, драматург, қоғам қайраткері, ел ағасы, музей жанышыры Жабал Ерғалиевтер сөз сөйледі.
«Сәкен мұрасы – халық қазынасы» жылжымалы көрмесін экскурсия жетекшісі, әріптесіміз Камила Уйсенбаева таныстырды.
Көрмеге Сәкен Сейфуллин көзінің тірісінде қолданған құнды жәдігерлері, 20-30 жылдары баспадан латын, араб, төте жазумен басылған еңбектері, отбасының тұрмыста қолданған заттары қойылды.
Әсіресе Сәкен Сейфуллиннің киім үлгісін айқындайтын ағылшын стиліндегі костюмі, таза былғарыдан жасалған аяқ киімі, Швейцар фирмасының алтын қалта сағаты көкшетаулық көрерменнің қызығушылығын тудырды.
Сәкеннің шаңырағында жайылмай қалған ақ дастарған сол күйінде көрмеге қойылып, көпшілік қауымды ерекше әсерге бөледі.
Осылайша өткен ғасырдың көне жәдігерлері көрмеге сән беріп, ақын мұрасының сан қырлы өмір кескінін әйгілеп тұрғандай көрінді.
Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері, жас ақын, Азамат Серікұлы өз шығармашылығынан «Сәкен-Рух» өлеңін оқып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан жазушылар одағының Ақмола облысындағы өкілі, Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Ерболат Баятұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми кеңесінің мүшесі Аян Қажыбайлар көрме туралы ой-пікірлерін білдіріп, жылы лебіздерін арнады.
Іс-шара музей директоры «мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Кенжебай Мукушевтің орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әнімен қорытындыланды.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университінде, Жанайдар мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде жан-жақтан келіп білім алып жатқан 200-ге жуық студент жастар «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» жылжымалы көрмесін тамашалап, рухани азық алып қайтты.
Сәкен Сейфуллин сұлулығына тамсанып өткен Көкшетаудың төрінде Сәкен мұрасының насихатталуы мәдени-рухани тұрғыда үлкен жетістік деп білеміз.
12.04.2024
Қараулар: 1008