Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында тарихшы ғалым Аманбай Сейтқасымовтың «Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі Ақмолалық әскери тұтқындар тағдыры» атты монографиясының таныстырылымы өтті.
Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырған кездесуде соғыс жылдарында Ақмола өңірінен майданға аттанып, әскери тұтқынға түскен азаматтардың тағдыры тарихи деректер негізінде зерделенген ғылыми еңбек көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – тарихтың көп айтыла бермейтін, көмескі қалған парақтарын қайта қарауға мүмкіндік беретін құнды зерттеу.
Таныстырылымға академияның курсанттары мен офицерлері қатысып, тарихи деректер мен адам тағдыры тоғысқан мазмұнды әңгімеге ерекше қызығушылық танытты. Монография авторы еңбектің мазмұны мен зерттеу нәтижелері туралы айтып, қатысушылармен ой бөлісті.
Кездесуде тарих ғылымдарының докторы, профессор Роза Буканова, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің комплаенс-офицері, заңгер магистр Амангелді Бекнұр және өзге де зиялы қауым өкілдері пікір білдірді. Амангелді Бекнұр мұндай зерттеулердің жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Музейдің ғылыми қызметкері Жәнібек Бердімұрат «Тарихта қалған тағдырлар» тақырыбында баяндама жасап, Өзбекәлі Елемесовтың немересі Әди Елемесов атасы туралы естелігімен бөлісті.
Кездесу дәстүрлі әнші Кенжебай Мұқышевтің өнерімен жалғасып, академия бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасеновтің құттықтау сөзімен қорытындыланды.
Өткеннің әрбір тағдыры – бүгінгі ұрпаққа аманат. Тарихтың көмескі беттерін зерделеп, ел жадында сақтау ортақ парыз болып қала бермек.

29.09.2026
Қараулар: 14