Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Мәлік Ғабдуллин атындағы дәріс залы ашылды

31 тамыз Мәлік Ғабдуллин музейінің қолдауымен және М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, педагог Мәлік Ғабдуллин атындағы дәріс залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Маңызды шараға Академия басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, құрметті қонақтар және музей қызметкерлері қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Академия бастығы, генерал-майор Ж.Хасенов пен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Қ.Мырзабек дәріс залының лентасын қиды.

Кіріспе сөз Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Ж.Хасеновке берілді. Ол сөзінде жаңа дәріс залының ашылуы білім алушылардың кәсіби және рухани дамуына, Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен ғылыми-педагогикалық мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан қоғам қайраткері, Ақмола облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Нұғыманов, ф.ғ.к., доцент С.Жәмбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ.Мырзабек те ізгі тілектерін білдіріп, дәріс залының ашылуымен құттықтады. Құрметті қонақтар Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми және әдеби мұрасына тоқталып, дәріс залының ашылуы ғалымның еңбегін зерделеуге, оның өнегелі өмір жолын жастарға насихаттауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Б.Қожахметов сөз сөйлеп, дәріс залының ашылуымен құттықтады. Ол Мәлік Ғабдуллиннің жауынгерлік жолы мен елге сіңірген еңбегінің бүгінгі әскери қызметшілер үшін айрықша үлгі екенін атап өтті. Берік Тілегенұлы осы бастаманы жүзеге асырып, музей мен әскери мекемелер арасында байланыс орнатқаны үшін музей директоры Мұхамед Мерекеұлына Алғыс хат табыс етті.

Құттықтау сөз алған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын М.Қонқаев дәрісхананың жас ұрпаққа тағылым беретін маңызды алаңға айналуына тілектестігін білдірді. Майор М.Бахтияр Мәлік Ғабдуллин атындағы дәріс залын таныстырып, оның жабдықталуына, негізгі бағыттары мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарына тоқталды.

Салтанатты рәсім шығармашылық нөмірмен жалғасты. 4 курс курсанты Сапар Нығмет ақын, драматург, жазушы, Б.Әлімжановтың «Мәліктің мейірімі» атты туындысын оқыды.

Мәлік Ғабдуллин музейінің арнайы шақыруымен келген «Достар» Мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі М.Кәрібай күй орындап, ұлттық өнердің әсем сазын көпшілікке тарту етті. Салтанатты шара Академия курсанттары дайындаған «Ерлік рухы – ұрпаққа аманат» атты әскери-патриоттық қойылыммен қорытындыланды. Қойылым барысында Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігі кеңінен насихатталып, көрермендерге тағылымды көрініс ұсынылды. Жаңадан ашылған дәріс залы Академия курсанттары үшін білім мен тәрбиені ұштастыратын, Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен ерлігін насихаттайтын маңызды рухани-танымдық кеңістік болмақ.

Ер есімі - ел есінде! Мәлік Ғабдулиннің өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

 

31.08.2026

Қараулар: 60

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау