Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде қазақ халқының даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, академик және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин атындағы мәжіліс залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рухани тағылымға толы бұл іс-шараға ардагерлер, әскери қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар жиналды.
Салтанатты жиынды Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Еленұлы Өтепов ашып, батырдың ерлікке толы өмір жолы мен ұлт тарихындағы орны туралы мазмұнды баяндама жасады.
Шара барысында батыр тұлғасын ұлықтау мақсатында бірқатар құрметті қонақтар сөз сөйледі: Жанат Малғаждарұлы Ережепов, ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Мәлік Ғабдуллин есімінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, жылы лебізін білдірді. Дуанбай Ыбырай Қазибайұлы, «Ауғанстан соғысы ардагерлері одағының» төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, полковник, батырдың отансүйгіштік рухы мен ерлігі баршаға үлгі екенін ерекше атап өтті. Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігі, сондай-ақ оның биік адамгершілік қасиеттері жайында терең мағыналы баяндама жасады. Мұхамед Мерекеұлы Қонқаев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, батырдың тарихи мұрасы мен ғылыми еңбектеріне арналған тағылымды әңгіме өрбітті. Жұмабек Хасенұлы Хасенов, ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор, жастарды елге қызмет етуге және Отанды сүюге шақырды.
Салтанатты рәсімнің лентасын қию құрметі Жанат Малғаждарұлы Ережеповке, подполковник Ерболат Еленұлы Өтеповке және генерал — майор Жұмабек Хасенұлы Хасеновке бұйырып, жаңа мәжіліс залы ресми түрде ашылды.
Кештің рухани мазмұнын дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтің орындауындағы «Жас қазақ» әні одан әрі асқақтатып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Жаңадан ашылған бұл орын болашақ сарбаздарға патриоттық тәрбие беретін, елдік пен ерлікті дәріптейтін маңызды рухани орталыққа айналмақ. Ер есімі — ел есінде! Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады!
11.06.2026
Қараулар: 131