Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Ыбырай Алтынсарин мұрасы: педагогикалық және рухани — адамгершілік аспектілері» атты дөңгелек үстел

2026 жылғы 25 ақпанда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Шоқантану» залында қазақтың ұлы ағартушысы, педагог, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ыбырай Алтынсарин мұрасы: педагогикалық және рухани-адамгершілік аспектілері» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлт ұстазының ағартушылық қызметін кеңінен насихаттау, оның ұлттық педагогикаға қосқан өлшеусіз үлесін саралау және шығармаларындағы адамгершілік құндылықтардың бүгінгі қоғам үшін маңызын айқындау болды.

М. Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен жиынға зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, Көкшетау қаласы бойынша Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін иеленген ұстаздар мен студенттер қатысты. Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында жазушы, драматург Жабал Ерғалиев, Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов ,Ы. Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова болды. Өз кезегінде сөз алған А. Сейітқасымов Көкшетау университетінің ректоры М. Сырлыбаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, осындай тағлымы мол іс шаралардың әліде жалғасын табатынына сенім білдірді. Олар өз сөздерінде Ыбырай мұрасының рухани жаңғыру үдерісіндегі айрықша орнын атап өтті.

Ғылыми мазмұндағы баяндамаларда ағартушы – ұстаздың әр қыры жан-жақты талданды. Профессор Жақып Қалқаман Хасенұлы «Ыбырай Алтынсарин – патриот» тақырыбында баяндама жасап, оның елжандылық қасиеттерін тарихи деректер негізінде зерделеді. Педагог — шебер Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы ағартушының өмірі мен шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінің қызметкері Камшат Бақытжанқызы Сабыржан Ыбырай еңбектеріндегі рухани-адамгершілік мәселелерді саралап, олардың тәрбиелік мәніне тоқталды. Педагогика ғылымдарының докторы Бәрия Бадыққызы Жахина Ыбырай тағылымының қазіргі білім беру жүйесіндегі өзектілігін атап өтті. Ал студент Ерасыл Жарылқасынұлы Досқара «Ұстаз ұлағаты» тақырыбында баяндама жасап, жас буынның көзқарасын білдірді.

Жас айтыс ақыны Берденбек Мырзат жүрекке жететін арнауымен, жиынның рухани мазмұнын тереңдете түсті.

Іс-шара барысында мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар арасында тағылымды ойталқы өрбіді. Жиын соңында белсенді қатысушылар марапатталып, мерейтойлық басқосу салтанатты түрде қорытындыланды.

Ұлт ұстазының мол мұрасы – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы. Осындай ғылыми — танымдық басқосулар тарихи сананы жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге зор ықпал етеді.

25.02.2026

Қараулар: 29

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау