Мәлік Ғабдуллин музейінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге, әке беделін арттыруға және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған «Әке тәрбиесі – ел болашағы» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Кездесу кешінің құрметті қонағы – Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алиев Шияп Шарапұлы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, әкенің отбасындағы орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпақ сабақтастығы туралы келелі ойларын ортаға салды.
Кешке қатысқан студент жастар өздерін толғандырған сауалдарына қажетті жауап алды. Ашық диалог форматында өткен жүздесу жастарға өмірлік бағыт-бағдар беріп, үлкен буынның өнегелі тәжірибесінен тағылым алуға мүмкіндік жасады.
Қазақ халқы қашанда әкені отбасының тірегі, шаңырақтың қорғаны деп таныған. Сондықтан әке тәрбиесін насихаттау – ұлт болашағына жасалған маңызды қадам.
Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкері Тілекұлы Балапан «Қарттарға сәлем» термесін орындап, кештің көркін кіргізіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ән мазмұны тағылымды кештің тәрбиелік мәнін тереңдете түсіп, үлкенге құрмет пен ізеттің маңызын айшықтай түсті.
Кеш соңында музей директоры Мұхамед Мерекеұлы қонақтарға ризашылығын білдіріп, Шияп Шарапұлына ұжым атынан Мәлік Ғабдуллин кітаптарын сыйға тартты.
26.07.2026
Қараулар: 64