10 тамыз күні Абай күні аясында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы» атты сұхбат-кездесу өтті.
Іс-шара Абайдың өмірі мен шығармашылығына, сондай-ақ ақын әндерінің тарихына кеңінен шолу жасалған мазмұнды прологпен бастау алды. Одан әрі іс-шара модераторы Байқал Байәділ қатысушыларға алғы сөзін айтып, кездесудің мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында әнші, сазгер, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Есмұханов пен әнші Мара Есмұханова көпшілікке әсем әннен шашу шашты. Өнерпаздардың орындауындағы туындылар ұлы ақынның музыкалық мұрасын кеңінен насихаттап, рухани кештің мазмұнын байыта түсті.
Келесі кезекте Базарбаева Айгүл Оразалыққызы өзінің «Абай дара қазақта» атты авторлық өлеңін оқып, ұлы ақынның қазақ руханиятындағы дара орны мен қайталанбас болмысын жырға қосты. Абайдың алтыншы қара сөзін Қажкенова Райхан Қазизқызы көпшілік назарына ұсынып, ақынның қара сөздеріндегі тағылымды ойлар мен адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттады.
Кештің музыкалық бөлігін Бағдат Малғаждаров хакім Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен жалғастырып, тыңдарманға Абайдың сырлы ән әлемінен тағы бір музыкалық тарту жасалды.
Рухани кешке арнайы қатысып, өнерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған Болат Есмұханов пен Мара Есмұхановаға музей басшылығының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында Абайдың «Көзімнің қарасы» әні көпшіліктің қатысуымен караоке форматында орындалып, тағылымы мол кездесу әнмен түйінделді. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген журналист, жазушы Бақыт Смағұл басшылық ететін «Белсенді ұзақ өмір орталығының» ұжымына алғыс білдіреміз.
10.08.2026
Қараулар: 63