Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
ҚАЛАМГЕР МЕН КІТАП КЕЙІПКЕРІ БІР КЕЗДЕСУДЕ

Кітаптың басты кейіпкері мен авторының бір жүздесуде қатар отыруы әдеби кештерде сирек кездесетін айрықша сәт. Көкшетауда Қазақстанның құрметті журналисі, «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі, Президент сыйлығының иегері Байқал Байәділдің «Тайталас» кітабымен танысып қана қоймай, шығармаға арқау болған басты кейіпкер — Досымхан Аралбаевпен де жүздесті.

Бүгін «Белсенді ұзақ өмір» орталығында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен кітаптың тұсаукесеріне белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының мамандары қатысты. Қаламгер мен өзі жазған туындының басты кейіпкерінің бір ортада болуы кездесуге ерекше мазмұн беріп, көрерменге кітап беттеріндегі оқиғалар мен өмір шындығын жақыннан тануға мүмкіндік туғызды.

Кездесу барысында филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Сәбит Жәмбек Нұрмұхамедұлының «Тайталас» кітабына ғылыми тұрғыда талдау жасап, туындының мазмұндық — көркемдік ерекшеліктері жөнінде баяндама жасады. Ғылыми пайымға негізделген ой-тұжырымдар кітаптың әдеби мәнін тереңірек тануға жол ашты.

Шара барысында қонақтар авторға сауалдарын қойып, пікір алмасты. Әдеби баяндамалармен қатар қазақтың дәстүрлі әндері мен музыкалық шығармаларынан құралған концерттік бағдарлама ұсынылып, рухани кештің ажарын аша түсті.

Жиында жазушы, драматург Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов және өзге де қонақтар сөз сөйлеп, кітап пен қаламгер шығармашылығының маңызына тоқталды.

Әдебиет өмір шындығын көркем сөзбен сөйлететін өнер. Ал қаламгер мен өзі суреттеген кейіпкердің бір кездесуде бас қосуы сол шындықты тереңірек сезінуге жол ашады.

Мәлік Ғабдуллин музейі ұлттық әдебиет пен мәдениетті дәріптеп, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған игі бастамаларын жалғастыра бермек.

29.10.2026

Қараулар: 52

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Государственные символыСайт города Кокшетау