Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
31 мамыр – Тарихтың ақтаңдақ беттерін ұмытпау күні

31 мамыр – халқымыздың жүрегіне жазылған қасіретті жылдарды еске алып, өткеннің ащы сабағынан тағылым алатын ерекше күн. Бұл – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасырдағы зұлмат кезеңдер қазақ халқының тағдырына ауыр із қалдырды. Мыңдаған жазықсыз азаматтар қуғындалып, ұлттың беткеұстар зиялылары мен қайраткерлері қасіретті тағдырдың құрбанына айналды.

Алайда халқымыз олардың есімдерін ұмытқан емес. Ұлттың азаттығы мен рухани болашағы жолында күрескен арда тұлғалардың өмірі мен өнегесі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік тағылым болып қала береді. Өткенге құрмет көрсету – тарих алдындағы жауапкершілік пен келешек алдындағы аманат.

Осыған орай, бүгін дәстүрлі түрде Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында жазықсыз жапа шеккен жандарды еске алу шарасы өткізілді. Іс-шара барысында ағартушы ғалым Науан Хазіреттің, академик-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің анасы Әлия Оспанқызының және халқымыздың көрнекті қайраткер-ақыны Сәкен Сейфуллиннің перзенті Аянның рухына құран бағышталып, тағзым жасалды.

Красный Яр ауылындағы Шойынбек Әбілқасым мешітінің ұстазы Алдияр Маратұлы бабалар рухына құран оқып, арнайы дұға жасады.

Жиын барысында Ақмола облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың қазақ халқының тарихындағы орнына, оның ұлт жадындағы маңызына және кейінгі ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды.

Еске алу шарасы сол жерде мәңгілік тыныштық тапқан асыл азаматтардың рухына тағзым ретінде гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.

Жазықсыз кеткен боздақтардың рухы шат, имандары саламат болсын! Өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы, ал тарихтан тағылым алу – жарқын болашаққа бастар сара жол.

 

31.05.2026

Қараулар: 30

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау