15 қаңтар күні Мәлік Ғабдуллин музейі жанынан құрылған ғылыми кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кеңес жұмысына ғылыми кеңес мүшелерімен қатар Ақмола облысы мәдениет басқармасының жетекші маманы Шарипова Жанна Қалымқызы қатысты.
Музей директоры Мұхаммед Мерекеұлы Қонқаев ғылыми кеңестің күн тәртібіне сәйкес музей ұжымының 2025 жылы атқарған жұмыстарына шолу жасап, 2026 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Сонымен қатар Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллинге арналған «Мәлік Ғабдуллин» тұлғалық энциклопедиясын дайындауға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, энциклопедияның ғылыми тұжырымдамасы мен құрылымы, авторлық ұжым мен редакциялық алқа құру, дереккөздер базасын анықтау, кезеңдік жоспар мен қаржыландыру көздері, баспа және насихаттау жұмыстары қарастырылды.
Музейдің ғылыми қызметкерлері 2026 жылы энциклопедияның сөзтізбесін жасау, ал 2027–2028 жылдары толық нұсқасын әзірлеу жөнінде ұсыныс білдірді.
Кеңес мүшелері жобаны қолдайтындарын жеткізіп, энциклопедия жұмысына жетекшілік ету үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемелекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлден Кеңесқызы Қажыбаеваны ұсынды.
Алдағы уақытта ғылыми кеңес мүшелері музей ұжымымен бірлесе отырып, ұлт тарихы мен жас ұрпақ үшін маңызы зор Мәлік Ғабдуллиннің тұлғалық энциклопедиясын жарыққа шығару жолында жүйелі жұмыс атқаратын болады.
15.01.2026
Қараулар: 55