Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
«Тiл — тұтас ұлттың мәселесi»

«Бiздi нелiктен Қазақ республикасы деп атайды?
Халқымыз үшiн емес пе?»
Мәлiк Ғабдуллин

Қашанда қай ұлттың да тұтастай амандығы, оның қасиетiнiң жоғалмауы, халықтың тiлi мен дiнiнiң берiктiгiнде дегiм келедi. Тiл жоғалса, халық немесе тұтастай бiр ұлттың жоғалатынын тарих талай дәлелдеген. Ұлттың басты құндылығының бiрi ол — тiл. Осы тiлдiң тағдырына байланысты бұған шейiн де ұлылардың тарапынан көтерiлген мәселерлер де аз емес.

Айтылар ойдың негiзгi бағытын жоғарыда тiлге тиек етiп кеткен тiл мәселесiнде кеңестiк дәуiрдегi дүрбелең шақта ұлы тұлғалардың сүбелi ойларына бұруды жөн көрдiм. Елге, тiлге жанашыр, ұлттың тағдырына бейқам қарамайтын тұлғаларға тоқталар болсам, Көкше елiнiң дара тумасы, педагог, ұстаз, батыр, майдангер Мәлiк Ғабдуллиннiң және де Жамбыл өңiрiнiң түлегi, Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың даңқты жауынгерi, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлының ел тағдырына, тiл тағдырына алаңдаушылық бiлдiре отырып жан-жағынан ақыл кеңес алу үшiн, және өткiр ойларын жеткiзу жолында жазған хаттарына, эпистолярлық әлемдерiне тоқталып, алтын қордағы асыл қазынаға пара-пар дүниелердiң, жас ұрпақтың санасына ұлы тұлғалардың, ел тағдырын шешу жолындағы атқарған ерен еңбектерiмен бөлiсудi ойладым.

Мәлiк Ғабдуллиннiң эпистолярлық әлемiнде 80 нен аса кiсiге хат жазғаны, 45 тен астам кiсiнiң Мәлiк Ғабдуллинге хат жазғаны бiздiң қорда жинақталған. Сол жазбаларының басым көпшiлiгi қилы тағдырларды бастан кешкен халықтың жағдайына бағытталған, сол халықтың халық болып қалыптасуына, тiлдiң қатысы бар екендiгiн, және сол тiл арқылы ұлттың тағдырын дұрыс жолға қою тарапында басым көпшiлiк хаттардың мазмұнында көрiнiс табады.

1941-1945 жылдар аралығында күллi әлемдi дүр сiлкiндiрген Ұлы Отан соғысының қазақ халқының өмiрiнде үлкен таңба қалдырғанын бiлемiз. Сол аласапыранның арасында жүрiп, қазақтың тiлiнiң бұлыңғыр болып тұрған болашағына байланысты мәселелердi, өздерiн толғандырған ойларын, үзеңгiлес болған ел жанашырларының хат арқылы жазысып, «келiсiп пiшкен тон, келте болмас» дегендей, кеңесе отырып, қазақ халқының тiлiне байланысты көптеген мәселелердi шешкендерiн көрiп отырмыз. Тiл тағдырына байланысты маңызды жазған құнды хаттардың бiрнешеуiне тоқталып кетудi жөн санадым.

1943 жылы ең алғаш рет Бауыржан Момышұлы ұлттық тiлiмiздiң мәртебесi туралы меселелердi көтерiп, майдан даласында өлiм мен өмiрдiң арасында жүрсе де, қолына қалам алып, шұбарланып бара жатқан тiлiмiздiң тағдырына алаңдаушылық бiлдiрген хатын, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне Әбдiхалықовқа жай жапсары толық жазылған хат, Әбдiхалықовтың қолына тимей-ақ, Орталық Комитет кәдiмгiдей әбiгерге түсiп, қазақ тiлiн жақсарту жолында арнайы қаулы жобасын дайындайды. Сол кезегi қандай мәселелер болмасын шешiмi Кремль арқылы шешiлетiнi тағы бар. Орталық Комитеттiң Бауыржан Момышұлының жазған хатының негiзiнде жасалынған қазақ тiлiнiң тағдырына байланысты қаулысы, өкiнiшке орай Кремльдегi қызыл империяның өкiлдерiнiң қабылдатпауымен, Сталиннiң қолына жетпей қалады. Бауыржан Момышұлы сәл уақыттан соң, Комитетке алдыңғы хатының желiсiмен, екiншi, үшiншi хат жолдайды. Бiрақ, хаттарының тағдыры алғашқы хаты iспеттес хабарсыз қалады. Тiл тағдырына алаңдаушылықпен жазған хаттарының аяқсыз қалғандығын, сол хаттары аясында Орталық Комитетте бiраз пiкiрталастар туындағанын айтып, Мәлiк Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовқа хат жолдаған. Хаттың желiсiн оқып шыққан Мәлiк Ғабдуллиннiң ашу-ызасы өршiп, Бауыржан Момышұлының тiл туралы бағытын толық қолдайтынын айтып, Нұртас Оңдасынов пен Жұмабай Шаяхметовке хат жолдаған. Арада көп уақыт өтпей-ақ Орталық Комитетке жолданған хатының аяқсыз қалғанын бiлiп, оның үстiне Бауыржанмен бiрге өзiнiң ұлтшыл деген атаққа ие болғанын бiледi. Осындай тiлге қатысты дүрбелең жүрiп, қазақ жерлерiнде қазақ тiлi мен қоса орыс тiлдерiнiң қатар жүретiнi жөнiндегi пiкiрталастар туындап жатқан уақытта, Мәлiк Ғабдуллин «Орыс еместер арасында тәрбие жұмысы» деген еңбегiн жазып, оны Мәскеудегi бiр баспадан басып шығарады. Кiтапта баса көтерiлген мәселе тiл тағдырына қатысты болған. Бiрақ, өкiнiшке орай кiтаптың тиражы өте аз шығарылып, таралу аясын тарылта бастайды. Дегенмен, ұлты үшiн алаңдаған оқырмандар барынша оқып, оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алып та үлгiредi. [1].

Тiл тағдырына байланысты жазылған мына бiр хаттың мазмұнында: Мәлiк Ғабдуллин 1944 жылдың отызыншы сәуiрiнде қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткерi Ғабит Мүсiреповке жазған хатында: «Қазақ тiлi туралы мәселе көтерiлу орынды ақ. Оны «емле, атау» дегендерден кеңiрек етiп, аумақты әңгiме ретiнде айтса жақсы болар едi деймiн. Менiңше, қазақ тiлi — ұлт тiлi, одақтас республика халқының тiлi, демек, мемлекет тiлi деген мәселенi қойған жөн.

Мәселенi осы бағытта шешсек, «атау — матау, емле — семлелер» өзi ақ келiп шығады. Сөздiң шыны былай ғой, менiң байқауымша, Сiздер қазақ тiлiне мән бермей, оның қадiрiн түсiрiп жүрсiздер. Кеңселердегi жазу — сызу, мәжiлiстерiңiз қай тiлде жүретiнiн мен айтпай ақ қояйын. Ал, осыларыңыз дұрыс па? Сiздер шығармаларыңызды кiм оқиды деп жазасыздар? Кейде не қазақшаны, не басқа тiлдi дұрыс бiлмейтiн балалар кездеседi. Олардың бұл дәрежеде болуына кiм айыпты? Неге ұрсып, сықақтап, шаншып — түйреп жазбайсыздар?

Сталин жолдас ұлт туралы берген анықтамасында ұлт болу үшiн бес шарт (условие) керек екенiн айтты. Мұны ұмытуға болмайтын шығар. Бiздi нелiктен Қазақ республикасы деп атайды? Халқымыз үшiн емес пе? Ендеше, сол халықтын тiлiн дұрыстау қажет. Шала молда дiн бұзады, шала тiлшi (языковед деген мағынада) тiл бұзады. Тегi бiздiң тiлшiлерiмiз осы аурудан аман ба екен?…..» [2].

1946 жылы 5 қазанда Мәлiк Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовтың өз ара жазған хатында: «Әдебиет төңiрегiнде жалпы жағдай аса мәз емес. Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредi. Әдебиет төңiрегiнде жүргендердiң көпшiлiгiнiң қызыл науқаншылардың таяғын жемегендерi кемде кем. Сонау Асанқайғыдан бастап кешегi Сұлтанмахмұтқа дейiнгi ақ-қарасына қарамастан кәдiмгiдей сiлкiлеп тастады. Арасында Әбдiлда да бар. Ол ендi бұдан кейiн «Мен қазақпын» деп ұзақ уақыт айтпайтын шығар. Мұндайда белсендiлер шығып қызыл белсендiлердiң сойылын соғатыны бесенеден белгiлi. Қазiр Мұхтардың еңсесi кәдiмгiдей төмен түсiп қалған. Бұл пәледен Шоқан мен Жамбыл ғана аман» [3] деп, келетiн хаттың астарында талай сыр жатқандай. Бұл хат арқылы Мәлiк Ғабдуллиннiң қазақ әдебиетiнiң жағдайымен қоса Мұхтар Әуезовтың тағдырына да алаңдағанын көруге болады.

Осындай баға жетпес асыл мұраларды қолыңа ұстап, өз көзiңдi жеткiзе отырып оқығанда, сол заманға барып қайтқандай күй кешесiң. Қазiргi жас ұрпаққа бағыт берушi буынның мақсаты, келешек жастардың өсiп жетiлуiне, бойларында отанға деген ыстық ықыластарының болуына, қазiргi мемлекетiмiздiң бүгiнi мен болашағына бей жәй қарамайтын, өз тiлiн сүйетiн, өткен тарихтан өзiне үлгi алатын ұрпақ тәрбиелеп шығару.

Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi:

1.С. Пiрәлиев., Б. Сманов., Л. Омарова «Мәлiк Ғабдуллиннiң әдеби мұралары» 1-кiтап.

Алматы, 2014

2. Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң мұрағатындағы хаттар

3. Мәлiк Ғабдуллиннiң эпистолярлық әлемi

Айтмаганбетова Балым Сериковна

Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң

ғылыми қызметкерi

Мақаланың шыққан күні: 23.04.2021 15:55

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.04.2021 15:55

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау