Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
МУЗЕЙ — РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ

«Мұражай — тарих, мұражай — шежiре. Мұражай — бiлiм-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы — мұражай. Мәдениеттi елдерде әрбiр мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тiптi әрбiр мұражайдың кезеңiмен алмасып, жаңарып тұрар — экспозициясының тарихы шежiреленедi» деген көрнектi әдебиетшi ғалым Құлбек Ергөбек. Иә, мұражай өткен құндылықтарды көзбен көрiп,тамашалап қайтатын көрме залы емес. Мұражай ұсынатын құндылықтарды түсiну керек, тұшыну керек, тәлiм-тәрбие алатындай көзқараспен қарау керек.

***

2016 жыл. Мәлiк Ғабдуллиннiң туған ауылы Қойсалғанның жанындағы Желтау етегiнде «Желтаудың желмаясы» атты этно-мәдени фестивалi өтуде. Тау баурайының шоқылау тұсына орналастырылған 8-12 қанаттық ақшаңқай киiз үйлер. Әр киiз үйлердiң көлеңке тұстарында тынымдап жатқан қазақы тазылар мен бөрiбасар төбеттер. Тас тұғырына қонып таранып отырған сарбалақ бүркiттер. Балтыры толық ақ қайыңдардыкөз тартарлық безендiрiп, қыларқаны келiскен алтыбақанда сайран салып жатқан бозбалалар.Қазан-ошақтың басында қонақасы қамымен жүрген келiншектер. Әне бiр төбеде кеңес құрып отырған қарттар. Бәйгеге тiккен атан түйеден дәметiп, күреске түсiп, белдесiп жатқан балуандар. Сен жеңер де мен жеңерболып күрестi тамашалап отырған бiр төбе халық. Ауыл сыртында көк серкенi тақымға қысып, додаға түскен көкпаршылар. Теңге сыпыру, жамбы атушылар да бәсекенiң бел ортасында. Осының бәрiн өз қалауымен тамашалап жүрген халықта шек жоқ. Сәлден соң, –көш келедi, көш келедi,– деген хабаршының дауысы естiлiсiмен, бар тiршiлiк тына қалып хабаршы жаққа қарадық. Көш басында сыпыра жорға мiнген, ұлттық киiм киген ауыл үлкендерi, артылған жүгiмен маң-маң басқан бiрнеше атан түйелер, сән-салтанатымен, бiр-бiрiн әнмен қағытып ауылдың сал-серiлерi келедi. Көштiң келесi легiн бiр табын жылқы, қара мал, көш соңын серкесi бастаған бiр отар қой жалғап ұлы көштiң салтымен шағын көш келе жатты.

Бұл көрiнiс кинодағы көрiнiстен үзiндi немесекiтаптан алған шығармадан үзiндi емес, көзбен көрiп, құлақпен естiп, қолмен ұстауға келетiн кәдуiлгi көш керуен.

Осы көрiнiстердiң арасында болып, таң-тамаша қалып тұрып ойлағаным Мәлiк Ғабдуллин ағамыздың ұлттық дүниетанымның ұлылығын дәрiптеп, насихаттаған әрi зерттеп, зерделеп, халық ауыз әдебиетiнiң мазмұндылығы мен көркемдiлiгiн жан-жақты қарастырып,фольклористика ғылымында танылған сан алуан түрлердiң қайсысы болсын қазақ ауыз әдебиетiнен табылатындығын өзiнiң ғылыми еңбектерiн болашақ ұрпаққа мұра ғылып қалдырғаны белгiлi.Мiне, бүгiнгi таңдаКөкшетаудағы Кеңес Одағының батыры, атақты жазушы, академик Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қызметкерлерi батырдың кiтапқа түскен еңбегiне жан бiтiрiп, тiрiлтiп Көкше тұрғындары мен фестивальге келген сыйлы қонақтардың алдында батыр мұратын, аманатын шарықтау шыңына жеткiзгенi деп және музей жұмысын осылай ұйымдастырып, ойластыра бiлген музей директоры, атына заты сай Мырзабеков Құдайберлiнi Көкше жұртына бiр аллам бiлiп берген екен деп ойладым.

***

Батыр — елдiң, қоғамның саяси әлеуетiн бiлдiретiн жиынтық образ, қоғамдық рух. Ал батырлық — елдiң қоғамдық санасы. Бүгiнгi таңда осы қоғамдық сананы келер ұрпаққа терең сiңiрудiң қажеттiлiгi туындап тұрған шақ. Осы орайда Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң қызметкерлерi «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шеңберiнде «Батырлар туған бақ мекен» атты жоба бойынша Ақмола өңiрiнде дүниеге келген батырлардың өмiрiн зерттеу iсiн қолға алды. Аңғал, Андықожа, Баубек сынды батырлардан бастап Кенесары, Наурызбайға дейiн деректер жинастырып, түрлi экспонат, iс-шараларды ұйымдастырып, жас ұрпаққа жүйелi түрде тәлiм-тәрбие беруде. Мәлiк ағамыздың ғылымдағы зерттеу нысанының бiрi — Қобыланды батыр жыры болғандықтан,«Қобыланды батыр» жырын жатқа оқудан облыстық байқау жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiледi. Осы байқауға қатысқан талапкерлермен тыңдаушылардың көзiнен де, өздерiнен де ұлтымызда осындай ел қорғаған,жерiн қорғаған батырлар болғанына қуанышпен қоса мақтаныш сезiмiн көргенде жасалып жатқан iс-шаралардың жас ұрпаққа қаншалықты керек екенiне көзiмiз жеттi.

Қасиеттi хадисте: “Отанды сүю иманнан-дүр” дейдi. Елiн сүю, Отанын қорғау әрқашан ер жiгiттiң парызы болған. Қазiргi күнi жастарымыздың халықтың игi дәстүрiнен тәлiм алып, елжандылық, патриоттық қасиеттердi бойына сiңiрiп өсу үшiн нақ осындай бағдарламалардың маңыздылығы зор.

«Адам болу — қасиет, азамат болу — мiндет, патриот болу — парыз» — деп, Бауыржан Момышұлы айтқандай, Бауыржан, Мәлiктей қос батырымыздың ер рухын жастарымызға тәрбие нәрiндей сусындату мақсатымен Көкшетау қаласындағы 22 мектептегi сайдың тасындай сұрыпталған ер балалар арасында өткiзген«Мәлiк Ғабдуллиннiң Құрмет жұлдызы» байқауы да ерлiкке, азаматтылыққа, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiндей тартымды iс-шара да Көкше тұрғындарының әлi есiнде. Әр талапкерге өз баласындай қарап, әр кезеңi өткен сайынқолдау көрсетiп, жеңiстiң аяғын асыға күткен көрермендердi көрiп, өтiп жатқан байқаудың мазмұндылығына, нәтижелiлiгiне, ең бастысы ұл баланың заман талабына сай, қазақы дәстүрге сай тәрбиеленiп жатқанына тәнтi болдық. Бұл сайыстың басқа сайыстардан өзгешелiгi сайысқа қатысқан әр баланың бiр жылдық оқу деңгейi, мектептегi жетiстiктерi, жасаған iзгi iстерi де қадағаланып ұпай санына қосылып отырды. Осының нәтижесiнде сайысқа қатысқан әр бала сыныптастар арасында бiлiмiмен де, азаматтылығымен де жоғарыланып, өзгеге үлгi боларлық азамат болып шықты. «Арқа тыныш болса егер, арқар ауып несi бар?» –демекшi, осындай тәлiм-тәрбиенi жас буынға үнемi берiп отырсақ, Отаны үшiн отқа түсетiн, сайдың тасындай ұрпақ тәрбиелейтiнiмiз сөзсiз.

***

Музейдiңхалыққа берерi көп. Бұл да тәрбие ошағы. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа шейiн үздiксiз тәлiм алатын мекеме. Осыны зерттеп,зерделеп, нәрiн түсiнген музей қызметкерлерi жыл өткен сайын тартымды да тағылымы мол еңбекпен үздiксiз айналысуда.«Бетеге кетер, бел қалар, бектерi кетер, ел қалар»–демекшi, елге адал қызмет етсең, iстеген iсiңел есiнде мәңгi қалатыны сөзсiз. Сондықтанда Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұйымдастырған көптеген шараларына қатысқандықтан, тамсана да таңдана, ризашылықпен жiпке тiзгендей айтуыма тура келедi.

Мектеп,бiлiм ордасы адамзаттың алғашқы шағы осы мектеп арқылы бiлiм тәрбие нәрiмен сусындайды, өсiп-жетiледi. Сол мектептен болашақ ғалым да, ғарышкер де тәлiм алады. Мектебi солармен мақтана, шаттануына қақылы. Қаламыздағы 22 мектептiң үш-төртеуiнде ғана тұлғалы азаматтарын оқушыларға көрсететiн,солардан үлгi алыңдар дейтiн шағын музейлерi немесе көрме бұрыштары бар. 2013-2015 жылдар аралығында музейдiң ұйымдастыруымен «Мәртебелiм-мектебiм!» атты мектеп аралық көрме ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат қала мектептерiнiң ұстаздар, шәкiрттер, оқып кеткен түлектердiң жетiстiктерiмен мақтанарлық көрме ұйымдастыруын, сол арқылы әр мектепте музей ашылуына мүмкiндiк берiп, жол ашу болды. Үш жылға созылған осы көрме байқаудың арқасында қазiргi таңда қала мектептерiнiң бәрiнде шағын музейлер ашылды. Көп кешiкпей музей директоры:– Осы iстi ары қарай жандандырайық, өрiсiн кеңейтейiк,–деген ұсынысын қызметкерлерi қолдап,«Ауылым — алтын тұғырым!» жобасын қолға алып, аудандардағы ауыл мектептерiнiң арасында көрме байқауы өткiзiлдi. Байқау 2016-2018 жылдар аралығында өттi. Көрме байқауы музейдегi арнайы залға араға айлар салып кезек-кезегiмен өтiп тұрды, бұны барша қала жұртшылығы, мектеп оқушылары келiп тамашалай алды. Осы көрме байқауға әр ауылдар кезеңмен әкелгенде ауыл ақсақалдары, аудан әкiмiнiң орынбасары, мәдениет және тiл басқармасының басшысы, мектеп директоры,оқушылары келiп үлкен мерекелiк iс-шара өткiзiп, музей экспонаттарымен таныстырып отырды. Бұл көрмеге сол ауылдың құрылғанынан бастап бар жетiстiктерiн айқындайтын суреттер, құжаттар, ұлттық қолөнер, ардагерлердiң суреттерi мен орден, медальдары қойылды. Қазiргi таңда сол мектептердiң бәрiнде музей, көрме бұрыштары ашылды.«Бұлақ көрсең бiр сауап, көзiн ашсаң мың сауап», — дегенiмiз мiне осы. Осыншама уақыт бойы ыждаһаттылықпен, төзiмдiлiкпен жұмыс жасаған музей қызметкерлерiне қалай тәнтi болмассың?! «Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайдан?» — демекшi, құдай берген Құдайберлiдей атбегi, ақын, Жазушылар одағының мүшесi, ардақты, абыройлы азамат болмаса, осыншама құнды жұмыстар ұйымдастырылуы екiталай едi. Ширек ғасырлық тойларыңыз тойға ұласып, халқымызға берерлерiң көп болсын!

Қаратай ТӨЛЕКЕЕВ,

Ақмола облыстық

оқу-әдiстемелiк орталығының басшысы

Мақаланың шыққан күні: 23.04.2021 16:19

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.04.2021 16:42

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау