КГУ «Музей Малика Габдуллина»
управления культуры, архивов и документации Акмолинской области
KZ RU EN
МЕН ҮШIН АСА ҚАСТЕРЛI

Ашылғанына ширек ғасыр толған Батыр музейi қалай ашылып едi? Барлығы күнi кешегiдей есiмде. Музей ашу туралы арман Мәлiк Ғабдуллиннiң 75-жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында туған едi. Ал, орындалмас армандай көрiнген музей 1995 жылы, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 07.05.1993 жылға қарасты № 465 қаулысына сәйкес және 1995 жылдың 4-қыркүйегiне қарасты №1-39р Көкшетау облысы әкiмi Қ.Жұмабаевтың жарлығымен Батыр атамыздың 80-жылдығына орай ашылды.

Музейдiң экспозициялық залдарын құрып, музей ашу үшiн М.Горький мен Н.Әуелбеков көшелерiнiң қиылысында тұрған кешкi мектептiң ғимараты берiлдi. Ескi көздердiң айтуынша бұл ғимаратты ХIХ ғасырдың соңында көпес Б.Баязитов салған екен, кейiннен Кеңес өкiметi орнаған кезде Баязитовтың мүлкi тәркiленiп, Үкiмет меншiгiне өтiптi де, Ұлы Отан соғысы кезiнде аурухана мiндетiн атқарған екен.

Менiң алдымда үлкен мiндет тұрды. Ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, экспозицияны құрмас бұрын, ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргiзу керек болды. Ал, Батырдың мерейтойына бiр жарым айдай уақыт қана қалған едi. Музей экспозициясының құрылымы ғылыми тұрғыда дәлелденген және әр экспонатты тақырыптық-экспозициялық жоспарға сәйкес орналастыру керек болды.

М.Ғабдуллин сан қырлы тұлға. Ол кеудесiне Алтын жұлдыз таққан Батыр ғана емес, Ол — академик, жазушы, қоғам қайраткерi, ұлы ұстаз. Музей ғылыми қызметкерлерiнiң алдында музей экспозициясын дайындағанда Ұлы адамның осы айтылған қырларын толық ашу мiндетi тұрды. Ол үшiн экспонаттар керек едi, музейдiң ашылу сәтiнде қорда көмекшi қормен қосқанда небары 998 жәдiгер болатын.

Музей ашылған күннен бастап Ғылыми кеңес құрылып, құрамы бекiтiлдi. Ғылыми кеңес құрамына Ш.Уәлиханов институтының бiлiктi ұстаздары — О.Султаньяев, Ж.М.Мусин, Н.С.Ыбраев, А.Ы. Есмағұлов кiрдi. Ғылыми кеңестiң алдында қорғаудан өтiп мақұлданған менiң жасаған музейдiң құрылу тұжырымдамасы мен тақырыптық-экспозициялық жоспары бойынша, Ю.Попов бастаған «Көкшетау қаласының Суретшiлер одағының» суретшiлерi қысқа мерзiмде музейдiң экспозициялық залдарын iстеп шықты.

Музейде жұмыс iстеген кезде маған ұжымның көп көмегi тидi. Олар шын мәнiндегi музей iсiне берiлген мамандар едi. Менiң барлық ойымды айтпай түсiнiп қолдау бiлдiре жүрiп, сол ойлардың жүзеге асуына ат салысты. Дәл осы сәтте музейдiң ашылуында қасымда болып, жұмыстың ыстығы мен суығына төзе бiлген әрiптестерiм: Каиркеш Капезовна, Балтабаева Жамал Казкеновна, Кренделева Галина Тулкибаевна, Талпақова Айгүл Дюзельбаевна, Әмiрғожина Ләззәт Жанатаевнаға, бухгалтерлер Жунусова Умутсұлу Тасымовнаға, музей қараушылары Шуакбаева Мендiқыз Каппасовнаға, Жузжанова Күлше Кенжеахмет қыздарын сағынышпен еске алып, рахметiмдi айтамын.

Әлi есiмде 1997 жыл музей қызметкерлерi үшiн Жаңа жылды тойлаудан емес, жәдiгерлердi құтқарудан басталған едi.Тосыннан келген телефон шырылы үйлерiнде мерекелiк көңiл күйде жүрген музей қызметкерлерiн бей-жай қалдырған жоқ. Музейдегi жылу жүйесi iстен шыққан екен. Шұғыл жағдайда бiр адамдай жұмыс орнына келген музей қызметкерлерi жәдiгерлердi құтқару жұмыстарына кiрiсiп кеттi.

Музей үшiн ауыр күндер басталды. Бұл уақыт Кеңес Одағының ыдырап, жас мемлекеттiң ендi ғана қаз-қаз тұрып жатқан кезi едi.

Қаржының тапшылығы, экономикалық жүйенiң құлдырауы, нарықтық қатынастарға көшу- осының барлығы жаңада ғана бой көтерген музей үшiн үлкен соққы болды. Батыр музейiне, атына заты сай болып, қалай болса да, аяғынан нық тұру керек болды. Ұлы Отан соғысы кезiнде 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясы жанкештiлiкпен Москваны қалай қорғаса, бейбiт күнде музей қызметкерлерi музейдiң абыройы мен атағын қорғап қалуда аянбай еңбек еттi. Өйткенi, сол бiр қиын — қыстау кезеңде музейдiң жабылып қалу қаупi төнген едi.

Сол жылғы қыс суық әрi аязды болды. Музей қызметкерлерi жылуы жоқ ғимаратта жұмыс iстеп, тақырыптық-экспозициялық жоспардың екiншi бөлiмiн жасауға кiрiстi. Белгiлi мөлшердегi қаржыландыру болмағандықтан экспозициялық залдардың басым бөлiгi қызметкерлердiң күшiмен iстелiндi. Ғылыми қызметкерлер суретшiнiң де, жүк тасушыныңда қызметтерiн қоса атқарды. Бiз осылай күнiмiздi көрiп жүрiп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын алға сүйрей бердiк.

1996 жылы ҚР Қорғаныс Министрлiгiнiң хатшысы Б.Тұрсынбаевтың көмегiмен Алматы қаласынан әскери ұшақпен акедемиктiң жеке кiтапханасы әкелiндi.

Жиналған материалдардың негiзiнде 2000 жылы батырдың немере iнiсi Жанатай Бекеновтың құрастыруымен «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрiгi» атты жинақ жарық көрдi.

Қызметкерлердiң жанқиярлық еңбегi арқасында музей Көкшетаулықтардың мақтанышына айналды. Музей қонақтары: белгiлi қоғам қайраткерлерi, шетелдiк делегациялар музейдiң тiлек кiтабына, музей туралы ақ жарма тiлектерiн жазып кетiп жатты. Бұл бiздiң еңбегiмiзге берiлген баға едi.

2005 жылы үкiметтiк комиссияның шешiмiмен музей ғимараты апатты жағдайда тұрғандығы ескерiлiп, музейдiң жаңа ғимаратын салуға шешiм шықты.

А.Д.Мнацаканяннiң басшылығымен ЖШС «Көкше-Ирма» фирмасы ғимараттың жөндеу жұмыстарымен айналысты.

Қысқа уақыт аралығында, нақтырақ айтатын болсам 4 айдың iшiнде, ғимарат жөндеу жұмыстарынан өттi де, 2005 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысының ардагерлерi жыл сайынғы үрдiспен Батырдың мүсiнiне гүл шоқтарын қойып, 316 атқыштар дивизиясының ерлiгiн сипаттайтын көрменi тамашалады.

Музейдiң тақырыптық-экспозициялық жоспары қайта құрастырылды. Жәдiгерлердi үш кезеңдi әдiспен көрсету туралы шешiм қабылданды. Суретшi-экспозиционерлердiң алдында күрделi мәселе тұрған едi. Жәдiгерлердi үш сатылық жүйеде көрсету әдiсi ұсынылды, олар артқы көрiнiс, кезеңнiң көрiнiсi немесе оқиға орны, аңдатпа, жәдiгер-құжат және заттық жәдiгер деп бөлiндi.

Жаңа диорамалар салынып, экспозициялық залдар жаңа жәдiгерлермен толықтырылды.

Реэкспозициядан кейiнгi жаңадан ашылған музейдiң алғашқы қонағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаевтың болуы бiз үшiн зор мақтаныш болды.

Мәлiк Ғабдуллин музейi заман талабына сай дамып отырды. Жаңа технологияларды қолдана отырып, музей өзiнiң СД — дискiсiн шығарды. Дисктi шығарудағы басты мақсат, зерттеушiлер мен оқырмандарды Мәлiк Ғабдуллиннiң шығармашылығымен және музейдiң қызметiмен таныстыру болып табылады. Сақтандыру қорының құрылуына байланысты негiзгi қордың жәдiгерлерi сандық форматқа көшiрiлдi.

2012 жыл мен үшiн өте қиын кезең болды, мен жол апатына түстiм, дегенмен де музейдi дамыту және оны өркендету менiң басты мақсатыма айналғандықтан, жұмысымды одан әрi жалғастырдым. Бiрнеше ай бойы Облыстық ауруханада жатып, емделгеннен кейiн, Мәлiк Ғабдуллиннiң әскери жолын зерттеу мақсатымен, Подольск қаласында орналасқан Ресей федерациясы Қорғаныс министрлiгiнiң мұрағатына барып, сол жерден Мәлiк Ғабдуллин мен қазақстандықтардың ерлiгiн дәлелдейтiн Ұлы Отан соғысы кезеңiне жататын көптеген құнды құжаттармен танысып, жұмыс iстедiм.

Маған соғыстың алапат өртi iшiнен аман қалып, тарих қазынасына айналған, қастерлi құжаттарға саусағымды тигiзiп, қолыма ұстау бақыты бұйырды. Сарытап болып сарғайған әр жапырақ, қағаздағы жыртылған әрiптер жарылған гранат пен ысқырған снарядтардың ортасынан аман жеткен хабаршы-куәгерлер iспеттi. Сол қағаздарда оққа ұшып, мерт болған қайран боздақтардың тiзiмдерi жазылған. Бұл құжаттардың бойындағы энергетикадан жеңiс үшiн қаншама есепсiз еңбек, қисапсыз шығын жұмсалғанын сезiнесiң.

Қазiргi уақытта зейнеткерлiк демалыста отырып, өзiмнiң еңбек жолымда қаламыздағы бiрнеше музейдi ашуға мүмкiндiк алғаныма қуанамын және тағдырыма алғыс бiлдiремiн. Олардың iшiнде Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлiк Ғабдуллин музейi мен үшiн ерекше ыстық.

Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұжымын 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Батыр музейiнiң одан әрi қарай өркендеуiне және шығармашылық табыстарға жетуiне шын жүректен тiлектеспiн. Бiздiң еңбегiмiздi өз iсiне үлкен жауапкершiлiкпен және адалдықпен қарайтын жас музей қызметкерлерi лайықты жалғастырады деп сенемiн!!!

Мария КЕНЖЕАХМЕТ,

Еңбек ардагерi, Көкшетау қаласының, Зерендi ауданының

Құрметтi азаматы, М.Ғабдуллин музейiнiң негiзiн қалаушы

Дата публикации: 23.04.2021 16:18

Последние изменения страницы: 23.04.2021 16:42

Читать все новости

Акорда Министерство иностранных дел Республики Казахстан АО НК «Kazakh Invest» АО «ЕНПФ» Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау