Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
МӘЛIКШIЛ ҰЛАНДАР, ХАЛЫҚШЫЛ ҚЫРАНДАР (Республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубының жұмыс жүргiзу тәжiрибесi)

«…Түсiнсеңдер, марқұм Мәлiктi сыйлау — ол үшiн емес, ұрпақ үшiн керек. Оның өмiрi жастарымызға патриоттық, интернационалдық тәрбие берудiң өзiнше бiр мектебi…»

Бауыржан Момышұлы

Республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубы музей директоры Құдайберлi Мырзабектiң бастамасымен 2016 жылы қолға алынды. Қазақ елiнiң түпкiр-түпкiрiндегi Батыр есiмiмен аталатын бiлiм беру ордаларында Республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубын құру — музейдiң жаңашыл идеяларының бiрi. Жобаның мақсаты жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру, Кеңес Одағының батыры, академик, қоғам қайраткерi М.Ғабдуллиннiң тұлғасы арқылы өскелең ұрпаққа Отан қорғау жауапкершiлiгiн ұқтыру, батыр бабаларымыздың ерлiк дәстүрiн насихаттау болып табылады. Осы жаңа бастама Мәлiк Ғабдуллин атындағы мектептер арасында өзара тығыз байланыс орнатуға, Батыр жерлесiмiздiң тұлғалық бейнесiн биiктетуге, клуб мүшелерiне «Жас ғабдуллиншiл» төсбелгiсiн тағып, олардың бойында мақтаныш сезiмiн ұялатуға мүмкiндiк бердi.

Республика бойынша Көкшетау қаласында, Зерендi ауданында, Алматы облысы Қаратал ауданы Абай ауылында, Қарасай ауданы Кiшiтөбе ауылында, Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Бескетiк ауылында, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ертай ауылында, Шу ауданы Балуан Шолақ ауылында, Қордай ауданы Керу ауылдарында Мәлiк Ғабдуллин атындағы мектептер бар. Республиканың түкпiр-түкпiрiнде орналасқан бұл сегiз мектеп Мәлiк батыр есiмiнiң өлмегендегенiң, өшпегендiгiнiң белгiсi болса, Батыр бiр өңiрдiң ғана емес, барша халыққа ортақ тұлға екендiгiн аңғартса керектi.

Уақыт өткен сайын клуб құрамы жаңа мүшелермен толығып келедi. Патриоттық жұмыстың мақсаты — клуб мүшелерi арасында Мәлiк Ғабдуллинге Батыр атағы берiлген және оның дүниеге келген күнiне орайластырып, онлайн-конференция, мүшәйра және басқа да шаралар өткiзу. Атап айтсақ, онлайн-конференцияларда «Мәлiк оқыған мектептiң көкжиегi мен жетiстiктерi», «Батыр туған өлкенiң табиғаты мен тарихы», «Салт-дәстүрлер — ұлттың болмысы мен игiлiгi», «Мектеп тәрбиесi — Мәңгiлiк елдiң негiздемесi», «Тәуелсiз елдiң бiлiмдi болашағы», «Мәлiк Ғабдуллин есiмi — мектебiмiздiң мерейi және мақтанышы», «Батырлар жыры — халық қазынасы» атты баяндамалар оқылып, әр мектепте құрылған «Жас ғабдуллиншiлдер» клубтарының жұмыстары сараланып, талқыланды.

«Мәлiктiң рухы халықпен» атты ғылыми экспедициясы және Батыр атындағы мектептердiң республикалық форумы барысында қаншама тұшымды iстер тындырылды. Осы ауқымды шаралар аясында музей қызметкерлерi Батыр жерлесiмiздiң өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертетiн «Ғажайып өмiр баспалдақтары» жылжымалы көрмесiн ұйымдастырып, "М.Ғабдуллин тағылымдары" бойынша түрлi тақырыптарда дәрiстер оқылды және 1943 жылғы деректi фильм көпшiлiк қауымның назарына ұсынылды.

Клуб мүшелiгiне 5-9 сынып аралығында оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсендi араласатын оқушылар қабылданды. Олар салтанатты түрде ант берiп, оларға арнайы куәлiктер мен төсбелгiлер табысталды.

Әр өңiрлердегi клубқа жаңа мүшелердi қабылдау рәсiмiне аудан әкiмдiктерiнен бастап, аудандық бiлiм бөлiмдерi мен мектеп директорларына дейiн үлкен жауапкершiлiкпен қарап, iс-шараны өзiндiк сән-салтанатымен жоғары дәрежеде өтуiне атсалысқанмектеп директорлары А.Қ.Балташева (Көшетау қаласы), Э.М.Халеловаға (Зерендi ауданы), Л.Н.Хамзина (Қарасай ауданы), Р.Б.Сағнаева (Қаратал ауданы), А.Р.Абдуалиева (Жуалы ауданы), Г.А.Болатова (Мақтарал ауданы), Г.Б.Смайыл (Шу ауданы) дың еңбектерiн ерекше атап өтуге болады.

Осылайша, Мәлiк батырдың тұлғасы ұлықталып қана қоймай, барынша кеңiнен насихатталды. 2016 жылғы ең алғашқы сапарымызда олар Мәлiк батырдың есiмiн иеленiп отырған мектеп қана болса, екiншi жылғы сапарымызда оқушылардың көзiндегi отты көрiп, олардың бойына батыр рухының сiңiрiлгенiн, мектепке кiре бергеннен әр-түрлi стендтер, банерлердiң iлiнгенiн, бұл клуб жұмысының қаншалықты нәтиже бергенiн түсiнуге болады.

2017 жылы 15 қараша Батырдың туған күнiне орай М.Ғабдуллин есiмiн иеленген мектептер арасында «Мәлiк Ғабдуллин тұлғасының танымдық-тағылымдық ерекшелiктерi мен өзектiлiгi» атты тақырыпта онлайн-конференция ұйымдастырылды. Осылайша өз тәжiрибемiзде алғаш рет сол мектептермен онлайн-жүйесiнде байланысқа шықтық. Конференцияға қатысушылардың баяндамалары жинақ болып басылып шықты және ол әр мектепке естелiк ретiнде сыйға берiлдi.

Сонымен қатар 2017-2018 жылдары 30 қаңтар Мәлiк Ғабдуллиннiң батыр атағын алған күнiне арналған «Ағалы-iнi қос батыр, қияметтiк дос батыр», «Қазақтың сөнбес жұлдызы» атты мүшайралар ұйымдастырылып, жүлдегер оқушылар марапатталып отырды.Жер-жерден электронды нұсқада келiп түскен шығармаларға «Ел бiрлiгi» ҚБ төрағасы Бақыт Смағұл мен жас ақындар Мерген Тоқсанбай мен Қуаныш Оспанов әдiл қазылық жасап, өлеңдерге саралау жүргiздiк. Музейдiң әу бастағы бұл бастамасының астарында Батыр атындағы бiлiм ордалары оқушылары бойына ұлттық салт-дәстүр құндылықтарын сiңiру және Рухани арнадағы бай мұрамызға сусындату болатын.

Бiр байқағанымыз, жас ақындарымыздың бойынан туған жерге деген құштарлық, өз Отанына деген шынайы сүйiспеншiлiк сезiм анық сезiлiп, жыр болып ақтарылып жатты. Осылайша, бас жүлде Көкшетау қаласындағы Мәлiк Ғабдуллин атындағы №3 кәсiби мектеп-гимназиясының оқушысы Дiлназ Сүйiндiковаға бұйырды. Ал, қалған екi жүлделi орынға Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Балуан Шолақ ауылындағы Батыр атындағы орта мектеп оқушысы Динара Боранбай және Алматы облысы, Қарасай ауданы Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп оқушысы Үкiлай Алмас лайық деп табылды.

Бұл iс-шаралар музей қызметкерлерiнiң жас балаларды жiгерлендiру жолында жасалынған қадамы. Мұндай iс-шаралар аталмаш мектептермен қарым-қатынасымыздың нығаюына өз септiгiн тигiздi. Жыл сайын мектеп директорларымен ынтымақтастық меморандумы жаңартылып отырды. Қазiргi кезде клуб құрамында барлығы 300-ге жуық оқушы бар.

Ал, 2018 жылдан бастап қаражат көзiнiң бөлiнбеуiне байланысты клубқа жаңа мүшелердi қабылдау рәсiмi тоқтап қалғаны жасырын емес. Соңғы жылдары ол тек Мәлiк Ғабдуллин өзi бiлiм алған Көкшетау қаласындағы №3 орта мектеп гимназиясында және туған жерi Зерендiдегi мектепте ғана құрылып келе жатыр. Бүгiнде музей ұжымын Республиканың түкпiр-түкпiрiндегi клуб мүшелерiн Батырдың туған жерiнде қарсы алып, слет өткiзудi жоспарлағанымен, соны жүзеге асыра алмай келе жатқаны қынжылтады. Себебi бұл сегiз мектеп, Көкшетаудағы Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң сегiз қанаты деп бiлемiз және солай бағалаймыз. Бүгiнде бұл мектептермен қарым-қатынасымыз онлайн жүйесiнде жалғасып, әлеуметтiк желiлерде хабарласып, ақпарат алмасып отырамыз. Алайда, бұл онлайн байланыс сол өңiрге барып, iс-шара өткiзгендей болмайтыны және бұрынғыдай нәтиже бермейтiнi де белгiлi.

Осымен инновациялық жоба негiзiнде қолға алынған республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубының жұмысы сәттi жүзеге асырылып келедi. Бұл жас ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуде маңызы зор жоба ретiнде республика көлемiнде зор қолдауға ие болды. Клуб жұмысы туралы республикалық газет-журналдарда жарияланған мақалалар соның айқын дәлелi бола алады.

Бiз болашақта «Жас ғабдуллиншiлдер» клубының жұмысы жанданып, одан әрi нығаятынына зор сенiммен қараймыз. Мәлiк батыр тұлғасын үлгi ете отырып, жас ұрпақтың рухын оятуда және жас мәлiктанушыларды тәрбиелеуде бұл жобаның берерi зор деп бiлемiз.

Аягөз МАХМЕТОВА,

М.Ғабдуллин музейiнiң аға ғылыми қызметкерi

Мақаланың шыққан күні: 23.04.2021 16:24

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.04.2021 16:40

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау