Құрметтi оқырман достар!
Халқымыздың қаһарман ұлы, даңқты жерлесiмiз, Кеңес Одағының батыры Мәлiк Ғабдуллин майдан даласында жүрген кезiнде де, елдегi ата-ана, ағайын-туыс, жолдас-жораларымен хат алысып тұрғандығын бiлемiз. Солардың бiрi өзiнiң замандас жолдасы Есмағамбет Ысмайыловқа жазған хатын назарларыңызға ұсынамыз.
Қымбатты бауырым Есет!
Март айының 14 — де салған хатыңды кеше алдым. Аманшылыққа қуаныштымын. Менде аман сау бiр орында жүрiп жатқан ғана жай бар.
Ұмытпай тұрғанда айтайыншы, осы маған тағылған ақын деген лауазымнан арылтыңдаршы. Абайдың нағашысы айтты дейтiн мынадай бiр әңгiме бар ғой: «Өлмей, өлмей қожа — молдалардан да ұят болды» деп. Сол сияқты кейбiреулер менi ақын деп ардақтайтын сияқты. Өтiрiк айтудың не керегi бар, мен ақын емеспiн.
Сенiң бiр сөзiң әлi есiмде: «Жас кезiнде өлең жазбаған қазақ жоқ» деп. Бұл дұрыс айтылған сөз. Ерте кезде бұдан 10 — 13 жыл бұрын мен шатпақтап өлең жазбақ болғаным рас, бiрақ олар өлең емес, Әлiшердiң сөзiмен айтқанда қотыр — қотыр тай едi. Одан соң мен өлең жазбақ түгiлi оны оқыған да жоқ емеспiн. Олай болса, баяғыда қазан түбiнде қаспақ қалып едi деп соны қыра берудiң не керегi бар. Осы жайлы сен бiлгiштерге айтарсың. Мен жайында жазып жатқан пендеде барын естудемiн. Көбiне сенiмiм жоқ, құр мақтау болып кеткен деп ойлаймын. Адалдық, шындық бар, болған жайды дұрыс көрсетiп бере алса жақсы ғой. Жоқтан бар етем деп фантазия жазған әрi өзiңе, әрi басқаға да ұят. Әңгiменiң сол жағына бас — көз болғаның жақсы.
Ғабиттен күтер үмiт көп, сен оған көмектес. КазПИ –де 1 — 2 курста «өлең» жазса деп көп уақытты текке өткiзiп алдық қой. Сәбиттiң ұрсуымен сабақ қарадық. Бұл жөнде Есет те қатты замечание жасаған. Оны мен еске алып жүзеге асыруға тырысқам. Жолдастық, достық ең керек, басты нәрсе ғой.
Жақында Әлжаппар маған хат жазып, бiраз лекция оқыған екен. Мен оған әлi жауап бергем жоқ. Қол тисе бiр қысқа жауап қайтарармын деп ойлаймын. Шынында бiреу саған лекция оқыды екен деп, соған қарсы лекция оқуға уақытым жоқ, майдан, жұмыс жайлы оған бой жаздырмайды деп хатты бiр жазармын.
Бұдан бұрынғы хаттарымда бiраз жайды саған жазғам. Соның бiрiнде «Қазақ баласы» дегендi жазып жүрмiн деген ем ғой. Мен соны кәзiр жазып болдым. Дәптер бетiмен санағанда 320 бет болды. Көп боевой материал жазылды.
Сламқұлов, Бозжанов, Тоқтаров Төлеген, Балтабек Жетпiсбаев, Қазтай Садуақасов, Ғаббас Бекқұлов жайында жаздым. Өзiмнiң майдандағы iзiмдi (150 бет) Кенжетай деген өзiңе таныс бөгде атпен толық жаздым. Осы материалдарды сендерге қалай жiберу жағын табалмай отырмын. Сендер бiздiң ат — атағымызды бiлгендерiң мен толық майдандағы iзiмiздi жете бiлмейсiңдер ғой. Сол жөнiнде «Қазақ баласы» бiраз материал берер едi деп ойлаймын. Менiң сендер жаққа бару мәселем әлi белгiсiз. «Қойболдыға» айналуы да мүмкiн. Сондықтан жоғарғы орында бiздiң майданның басшыларына (адресiн Ғабиден бiледi) хат, телеграмма жазып мазалай берiңдер. Ұра берсе құдайда өледi деген ғой.Егер сендерге барсам көп мәселенi ауызша айтар едiм.Сендердiң менiң атыма жазған хаттарыңды әлi алғаным жоқ. Күтемiн. Саған айтайын деген бiр қыдыру әңгiме осы. Тағы хат жазам. Хатыңды күттiм. Үй iшiне сәлем. 7/IV 43 ж. Полевая почта 21475 — К
Басқа айтар сөз жоқ. Сұраған жолдастарға көп сәлем.
Амандықпен жолыққанша қош сау бол.