Құрметтi оқырман достар!
Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткерi, академик Мәлiк Ғабдуллиннiң Бауыржан Момышұлының жары Жамалға жазған жатын назарларыңызға ұсынамыз. Бұл хатта Баукеңмен бiрге Отан үшiн от кешкен шақтары мен батыр Баукеңдi жан-жақты танығаны, достық көңiлдiң бауырмалдылыққа ұласқаны жайында жазғанын көруге болады.
Қымбатты Жамал, Бақыт!
Бұдан бұрын жазған хатымды алған боларсыздар. Ол хатты Мадияр екеуiмiз отырып жазған ек. Оны әлi алмаған боларсыздар. Бiз Бауыржанның тәрбиесiнде өскен адамдармыз. Бауыржанның майдандас жолдастарымыз.
Кеше почтальон көп газет әкелдi. Онда бiрсыпыра адамға наград беру жайында бұйрық шығыпты. Ол бұйрық бойынша Бауыржан наградқа айбынды Қызыл ту орденiн алды. Сiздерге Бауыржанның алған наградымен құтты болсын айтамыз. Бұл наградқа Сiздер қандай қуансаңыздар, бiзде сондай қуанамыз.
Сiзден өтiнiш — «Социалистiк Қазақстан» және «Казправда» газеттерiнде Бауыржан жайында, оның солдаттары жайында тағы басқа адамдар жайында көптеген әңгiме, өлең, мақала, хабарлар басылып шықты. Егер мүмкiндiгi болса, осы материалдардың бiразын жiберсеңiз қуана-қуана оқыр едiк. Болмаған күнде газет басқармасына барып сұрап алуға болады ғой деп ойлаймын.
Басқа жаңалығымыз жоқ. Майдандағы жолдастар тегiс аман. Бауыржан да аман сау жүрiп жатыр. Хат жазыңыз. Аман сау болыңыз. Қолдарыңызды қыстым.
Сәлеммен Мәлiк Ғабдуллин.
10.07.42 ж.
993 полевая почта, штаб 1075 ГВ. сп. Габдуллину М.
Қадiрлi Жамал!
Шын көңiлден жолдаған сәлемдемеңiздi көпке бөлеп алдым. Мың да бiр рахмет! Қол алыспаған адамға сәлемдеме бергенi несi деп түңiлер түрiм жоқ. Сiзбен таныс болмасам да Бауыржанмен туыс, таныспын, жолдаспын. Бауыржаннан Сiздi бөлiп, екеуiңiздi екi тау етер жай жоқ.
Ағалық, достық, жолдастық — майдандағы маңызды нәрсе ғой. Мұнда алты қырдың астынан келiп, бiр топқа қосылған адамдардың арманы да, ойы да бiр жерден шығады. Мен бұрын Бауыржанды, шынын айтқанда, бiлмеушi едiм. Ол екеумiздi таныстырған жер, көк ала түтiнi бұрқыраған майдан болды. Батырлық, ерлiк, өжеттiк — бiр кiсiнiң басында болатын қасиет емес. Сол сияқты, мiнезi келiстi, көңiлi шат, мейiрiмдiлiк қасиет те екiнiң бiрiнде бола бермейдi. Адамдағы осы екi қасиет бiр кiсiнiң тұлғасынан табылуы өте сирек. Бiрақ, осы екi қасиеттiң екеуi де Бауыржанда бар. Мен мұны жақсы бiлемiн.
Мен жазушы адам емеспiн. Егер жазушы иә ақын болсам, көк күмбездi қағаз етiп, көк ала дарияны сия етiп «Батырың Бауыржан» деген хикая да жазған болар ем.
Сондай ақ, Бауыржан не iстейдi деп те жатыр? Дұрыс ақ. Бiрақ, аманшылықты жазып отырған алақандай ақ қағаз арқылы Бауыржанның батырлық кескiнiн, адамгершiлiк мiнездерiн айтып беру қиын. Аман есен жолыққанда, соғыста өткiзген өмiр белестерiн, айтулы ерлер жайында әңгiме шертермiз.
Бауыржанда ерлiк те, өжеттiк — батырлық та, бауырлық, туысқандық, мейiрiмдiлiк жүрек те барлығын дәлелдейтiн, хаттарымды кейiн толығынан жазамын.
Бүгiн Бауыржанға қонақ болып отырмын. Сiзге Құрманбек те хат жазып, бiраз жайды айтуда.
Өз жайыма келсем аман саумын. Бiраз жайды бұрынғы хатта да жазғам. Бұрынғы орынша жүрiп жатқан жай бар.
Бақытқа көп сәлем. Жақсылап тәрбиелеп, Бауыржанға тартқан батыр етiп тәрбиелеңiз.
Хатыңызды күттiм. Хош сау болыңыз.
Сәлеммен Сiздi қадiрлеушi Мәлiк
15.09.42
993 Полевая почта,
штаб 1075 СП
Габдуллину Малику