Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Құрметті Қадыр!

Құрметтi оқырмандар!

Қазақтың бiртуар заңғар тұлғасы, ақыны, көркем жазушысы Қадыр Мырзалиевке, батыр, ғалым Мəлiк Ғабдуллиннiң ағалық қамқорлықпен жазған сырға толы хатын назарларыңызға ұсынамыз.

☆☆☆☆☆☆☆☆☆

Құрметтi Қадыр!

Бауырым, мен сенiмен сырттай таныс болғаныммен сырласың емеспiн. Сондықтан, саған арнап жазып отырған бұл хатымды егде ағаның ежiктемесi деп қарайсың ба, әлде қамқор көңiлдiң қанағаттанғандық белгiсi екен деп қарайсың ба — ол арасын өзiң бiл.

Ия, бiз сырлас емеспiз, жақсы таныспыз. Менi сенiмен таныстырған өзiңнiң жырларың, жинақтарың, кiтаптарың. Мен сенiң оқырманыңмын. Жазғаныңды жiбермей оқитын қазақтың бiрiмiн.

Жүрегiңдi жарып шыққан жырларыңды оқығаным жайында және одан алған әсерлерiмдi бұдан бұрын еш жерде айтқан да, жазған да жан емеспiн. Бұл жөнiнде ендi бүгiн ғана өзiңе хат арқылы көңiлдегi ағалық ойымды айтқалы отырмын. Бұлай етуiме себепкер болған да өзiңсiң. Атап айтқанда, «Лениншiл жаста» (14.02.1969) жарияланған өлеңдерiң осы хатты жаздырып отыр. Сонда айтайын дегенiм — қуанышымды бiлдiру едi.

Шынымды айтайын: газетке жарияланған бұл өлеңдерiң менi қатты қуантты, шаттық сезiмге бөлегендей болды. Өлеңдерiңдi оқып шыққан бойда: «Әй-да, молодец! Мiне, ақын! Мiне, жiгiт!» деген сөздер ғана ойыма орала бердi. Осы өлеңдерiңнен сенiң тағы бiр шыңға көтерiлгенiңдi көргендей болдым, ойың өсiп, ақындық өнерiңнiң мұнарлап кеткенiн байқадым.

Тағы бiр шындығымды айтайын. Сен бiр өлеңiңнен екiншiсiне дейiн, бiр жинағыңнан екiншiсiне дейiн үдете өсу үстiндесiң. Бiр қалыпта қалмай құйындата самғаудасың, биiктен биiкке, асқардан асқарға көтерiлiп барасың. Осыныңа қуанам, риза болам. Қуана отырып, «тiл-көзден сақболса екен, өсе берсе екен, өскен үстiне өсе берсе екен» деп тiлектiлеймiн.

Оқушы қауымды (соның iшiнде мен де бармын) ойлылығыңмен қуантып жүрсiң. Сенiң әрбiр өлеңiңде (басқа құрдастарыңда аз кездесетiн) үлкен ой, тұжырымды түйiн жатады. Сол ой мен түйiндi балдай тәттi тiлiңмен, ақындық асқар өнерiңмен оқушыңа әдемiлеп жеткiзе бiлесiң. Мұндай дәрежегеие болу тек ғаламат ақындардың ғана қолынан келетiнiн бiлемiз. Сен сол дәрежеге ие болдың. Осыныңа қуанам да мақтанам.

Әрине, жоғарыда айтқандарым сен сияқты заңғарлана бастаған ақынды мақтауым ғана емес, мақтанғандығым.

Мен сенiң бұдан былай да творчестволық жаңа табыстарға жете беруiңе, белестен белеске көтерiле беруiңе шын көңiлден тiлектеспiн. Тек қана айтарым, өтiнерiм: табысыңа мастанып кетпе.

Оқушың (оқырманың) ретiнде бiр ұсыныс жасағым да келедi. Алдағы күнде жазатын өлеңдерiңе: Адам, Азамат деген тақырыптарды енгiзшi. Осы екi ұғымның аумағы кең, салмағы мықты (ауыр деу жеңiл секiлдi) ғой.

Жанға рахат беретiн жақсы өлеңдердi жазатын қолыңды қыстым.

Ағалық зор құрметпен

Мәлiк Ғабдуллин

Р.S. Саған осы хатты жазып болған бойда мына бiр жеңiл әңгiме есiме түсе қалғаны. Соны да қоса салайыншы. Онымды шалдың шатпағы демессiң.

Менiң бала кезiм едi. Ауылдамын. Бiздiң үйдiң қасында бiр жуан аққайын өсiп тұратын. Оны кiм отырғызды, қашан отырғызды — ешкiм бiлмейтiн. Жапырақты, бұтағы көп ағашедi. Әкем марқұм осы ағашқа қоршау жасады, онысы ағашқа мал сүйкенбесiн, жұрт көлiк байламасын дегенi болса керек.

Жаздың ыстық күндерiнде сол ағаштың көлеңкесiне жұрт жиналып дем алатын, әңгiме соғатын. Ал, нөсерлеген жауын кезiнде ол қолшатыр сияқты едi. Жаңбыр өткiзбейтiн.

Соғыстан кейiнгi бiр жылда елге бардым. Үйiмiздiң қасындағы ақ қайын жайқалып өсiп тұрекен. Жуан болыпты. Жалғыз тұр екен. Мен бiрнеше баланы қасыма алып, сол ағаштың қасына тағы бiрнеше аққайың шыбығын отырғыздық.

Ауылға келесi бiр барғанымда, осыдан бiрнеше жыл бұрын отырғызған шыбықтарымыздың да өсiп қалғанын көрдiм. Кейбiр шыбығымыз өспей қалыпты, ал көбi тамыр алыпты, өсiп тұр. Кейбiреулерi тiптi бойлап кетiптi. Бiр кезде жалғыз аққайың болса, ендi оның қатарында өсiп келе жатқан жас қайыңдарды көрiп қуаныпқалған едiм.

Осы бiр әңгiмеден мен бүгiнгi қазақ әдебиетiн көргендеймiн. Жалғыз аққайың бейнесiнде Абай елестейдi. Жас қайыңдар жапырағы жайқалып, жуандана, өсе беретiнi сөзсiз. Олардың өсуiне, өсе беруiне қамқорлық жасап, күтiмдеп отырғанымыз керек болар. Күтiмсiз еш нәрсе өспек емес.

14.02.1969 ж.

Хат М.Ғабдуллин музейiнiң қорынан алынды.

Мақаланың шыққан күні: 04.06.2021 17:10

Парақтағы соңғы өзгерістер: 04.06.2021 17:10

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау