Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы — елiмiз үшiн межесi биiк мерейлi белес

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы — елiмiз үшiн межесi биiк мерейлi белес. Ежелден азаттықты арман еткен ата-бабаларымыздың ерен ерлiктерiн, елдiгiмiздiң белгiсi — әдет-ғұрып, салт-дәстүрiмiздi, Тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiзгеннен бергi жетiстiктерiмiздi дәрiптеу мақсатында Елордамыздан бастап, түкпiрдегi шағын елдi мекендерде танымдық, тағылымдық мәнi зор мәдени iс-шаралар атқарылуда.

Осы мақсатта Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллин музейi қызметкерлерiнiң жоспарлаған бiрқатар инновациялық жобалары да облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылған болатын. Солардың бiрi — 21 шiлде Ақмола облысы мәдениет басқармасы Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң ұйымдастыруымен Зерендi ауданындағы Желтау бауырында өткен «Желтаудың желмаясы» атты тарихи этно-мәдени көрмелер фестивалi.

Ең алдымен фестивальдiң атауына тоқтала кетелiк.

Желтау — облыс орталығы Көкшетаудан 30 шақырым, Бурабайдан 30 шақырым, Зерендiден 15 шақырымда орналасқан жер биiгi. Төбесiнде ойнап тұратын жел екпiндеп соғып, қысы-жазы бiр басылмайтындықтан Желтау атанған. Кезiнде Мағжан Жұмабаев: «Ту баста Абылайды хан көтерген Қамқоры Қарауылдың Қанай шешен» деп жырға қосқан Қанай би Құттымбетұлының таңдап қоныстап, ұрпақтарына мирас еткен атамекенi. Осы Желтаудың бауырында қазақтың қаһарман ұлы Мәлiк Ғабдуллин дүниеге келген. Қазақ күнтiзбесiн зерттеп, жазып шығарған, әйгiлi математик ғалым Мыңбай Ысқақов та осы Желтаудың тумасы.

Ал желмая — атам замандардан қазақ жерiнiң киесi саналған төрт түлiктiң төресi екенi белгiлi.

Жобаның авторы, музей директоры Құдайберлi Мырзабек: «Желмая дегенде Асан-қайғы бабамыз да ойымызға орала кетпей ме. Қазақтан шыққан тұңғыш географ, топограф та осы Асан-қайғы бабамыз емес пе. Желмая дегенде Абылай ханның атақты ақ түйесi, Көкшетаудың киесi атанған, Бурабайдың Бурабай атануына себеп болған ақ бас бура тағы бар. Барлық жан-жануардың iшiнде туған жерiн ұмытпайтын да осы түйе малы көрiнедi. Ендеше, сонау қиырда қалған тарихтың қойнауынан қазақтың көшiн арқалап келе жатқан уақыттың кемесi де, жердiң киесi де осы Желтаудың желмаясы шығар», — деп толғанып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған фестивальдi «Желтаудың желмаясы» деп атағаны да сондықтан.

Осынау қасиеттi жердi мекендеген Қанай шешеннiң ұрпақтары — Қанай би, Игiлiк, Қойсалған, Кiшi Жамантұз, Ұялы, Ескенежал ауылдарының қатысуымен өткен көрмелер фестивалiнде қазақ халқының көшпендi дәуiрiнен көрiнiс көрсетiлдi. Көш бастаған ақсақалы мен әжесi, бесiк өңгерген отағасы, батырлар, сал-серiлер, бойжеткендер мен бозбалалар, қыран құстар мен құмай тазылар көштiң қызығы мен салтанатын арттыра түстi. Бұл көш — замана көшi. Қазақ халқының ғасырлар бойы өзiмен бiрге жасап келе жатқан руханиятының, мәдениетiнiң, салт-дәстүрлерi мен әдеп-ғұрыптарының көшi. Мәңгiлiк Қазақ елiнiң көшi! Оны қайыспай көтерiп келе жатқан Желтаудың желмаясы, Көкшетаудың киесi!

   

Танымал жас әншi Аслан Мұхамедьяровтың орындауындағы «Ащылы-Жекебояқ» әнiнiң ырғағымен Желтаудың қылтасынан шығып, баяу жылжып келе жатқан көш көрермендi ерiксiз толқытып, тебiренткенiнiң куәсi болдық. Тосыннан болғандықтан, жиылған қауым алдымен «бұл не көш?», «қайдан шықты?» деп абдырап, жақындаған сайын сән-салтанатына қуана қарап, бойларын кернеген шаттықтан көздерiне жас алды.

Көш көрерменнiң алдына жетiп, сол жерге шөгерiлiп, елдiң көз алдында киiз үй тiгiлдi. Сүйiншi сұрау, ерулiк беру, көкпар беру секiлдi дәстүрлер көрсетiлiп, сәндiк-қолданбалы өнер шеберлерiнiң қолдарынан шыққан көркем туындылар көпшiлiкке, соның iшiнде шетелдiк туристтерге насихатталды. Ұлттық тағамдар көрмесi, киiз үй байқауы, сыбаға тарту көрмесi ата-баба салтының маңызын аша түстi. Тазы, төбет иттердiң көрмесiн, ұлттық спорт ойындарын көпшiлiк қауым қызыға тамашалады.

   

Дәстүрiмiз бойынша той шымылдығын ашқан Бiржан салдың әнiнен соң сахна төрiне ата-баба аманатының бiрi — киелi бесiк шығарылды.Бесiктiң ғасырдан-ғасырға жетiп, тек бүгiнгi күнi кейбiреулердiң көзiне оғаш көрiнiп, қолданыстан шығып бара жатқаны, әрине, өкiнiштi-ақ. Ара-тұра көргенiмiз болмаса, қазiргi әрбiр қазақтың шаңырағында, төрiнде тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бесiк киелi. Бесiкке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәнi таза болады. Өткен тарихымызға бойлар болсақ, бесiктi ежелден Орталық Азия мен Кавказ, Үндiстан, Қытай жерiн мекендейтiн халықтардың басым көпшiлiгi пайдаланатынын бiлемiз. Ол тек әртүрлi үлгiде жасалады. Қазақ бесiктi қарағай, қайыңнан, көбiне талдан иiп жасайды. Мұндай бесiк жеңiл, ықшам әрi берiк, көшiп-қонуға ыңғайлы болады. Бесiк баланың тазалығына өте қолайлы, өйткенi арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала нәжiсiн жайылдырмайды. Шүмек қойдың асық жiлiгiнен жасалады, кейде айрықша аппақ болуы үшiн сүтке қайнатып алады. Мiнеки, осындай асыл мұрамызды жаңғыртып, жастарға өнеге болсын деген игi ниетпен өнiп-өскен әулеттiң анасы Рауза Байкенқызы Игiлiк ауылының тумасы, жақында ғана дүние есiгiн ашқан сәбидi сән-салтанатымен бесiкке салса, елiмiздiң атқамiнер азаматтары алты ауылдың жаңа ғана тәй-тәй басып жүрген бүлдiршiндерiнiң тұсауын кесiп, ақ баталарын бердi.

«Табандары қасиеттi Желтау жерiне тисiн» деп ырымдап жасалған рәсiмге бүлдiршiндердiң ата-ана, туған-туыстарымен қатар қазағымның әдемi дәстүрiне куә болған көпшiлiк те дән риза болысты. Ал сүндеттелген балаға ат байлап, бәсiре беру, ашамайға отырғызып, ұлдың азамат болғандығын паш ету рәсiмi тiптен ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес.

Қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде ерекше қуанған. 5-7 жас шамасында оны сүндетке отырғызуға дайындап, сол кездерi арнайы ат баптап, нәрестенiң бәсiресi деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзiне атаған бәсiремен тығыз байланысты.

Есейе келе бәсiресi бар баланың малға деген ықыласы, пейiлi түзу болады.

Сондықтан да болар, нағашысы өзi атаған атқа ашамай салып, жиенiн отырғызған сәт соншалықты әдемi де әсерлi болғаны.Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған iс-шараны алты ауылдың қарапайым еңбеккер халқы, шетелдiк қонақтар, жалпы жиналған қауым дүбiрлi той, азат елдiң ақжарқын мерекелi басқосуы ретiнде жылы қабылдағандықтарын ауыл тұрғындарының және Алматы, Астана, Петропавл қалаларынан арнайы келiп қатысқан қонақтардың облыс әкiмi С.В.Кулагиннiң атына жазған хаттарынан есiп тұрған ризашылық сезiмдерiнен ұғу қиын емес. Ұйымдастырушылар ретiнде фестивальдiң қарапайым халықтың көңiлiнен шыққанына бiз де қуаныштымыз. Әу бастан жобаның мән-маңызын дұрыс түсiнiп, қолдау көрсеткен облыс әкiмi С.В.Кулагинге, облыстық мәдениет басқармасының басшысы С.Бөрiбаеваға, ұйымдастырып, өткiзу барысында бiзбен бiрге болған әрiптестерiмiз — мәдениет саласы мекемелерiне және демеушiлерiмiз Көкшетау отын базасы «Жансая» тұрғын үй кешенi (басшысы — С.Құсайынов) мен «СПМК-2030» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiне (директоры — А.Ахметов) ризашылығымыз шексiз.

Сөз соңында айтарым, ұлттық құндылықтарымызды жойып алмай кейiнгi ұрпаққа жеткiзу — атадан қалған аманат. Оны ұрпақтан-ұрпаққа таза, тұнық қалпында сабақтастырып отыру бiздiң парызымыз. Төл тiлден, ұлттық салт-дәстүрден, мәдениеттен мақұрым ел ешқашан Тәуелсiз бола алмасы анық. Ендеше, ата-бабамыздың қанымен, маңдай терiмен басымызға қонған бағымыз — Егемендiгiмiздiң қадiрiн бiлейiк.

М.Ғабдуллин музейiнiң қызметкерi К.Нұрғалиева

Көкшетау қаласы.

Мақаланың шыққан күні: 25.08.2016 17:47

Парақтағы соңғы өзгерістер: 25.08.2016 17:47

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау