Құрметтi оқырмандар!
Қазақтың ержүрек ұлы, Кеңес Одағының батыры Мәлiк Ғабдуллин қан майданда жүрiп, отан үшiн от кешкен қазақ жауынгерлерiнiң ерлiк iстерiн, елдегi ағайын-туыс, дос-жарандарына хат арқылы жолдағандығын өз қолжазбаларынан бiлемiз. Өзiнiң хаттарында келтiрiлгендей, "Соғыс дауылы соғып тұрғанда, толғана отырып хат жазудың өзi қиын" деген Мәлiк Ғабдоллаұлының жазушы Қапан Сатыбалдинге жазған хатын назарларыңызға ұсынамыз.
Қара Қапан!
Аман-сау боларсың, өткен айдың 27-не жазған хатыңды бiр жолдасым кеше әкеп бердi. Өзiңмен әзiлдесiп отырып сөйлескендей сезiммен оқыдым. Бұдан былай да хат жазып тұрғайсың. Бiз солдат адамбыз ғой, борышты болмаспыз деп ойлаймын. Өзiм көптен берi алдыңғы жақта командировкада жүрмiн. Хал-ахуал жақсы. Осы хатты кеше ғана босатылған Панбежск деген қаладан жазып отырмын. Соғыс дауылы соғып тұрғанда, толғана отырып хат жазу қиын екенiн есiңе аларсың.
Жазып жатқан еңбегiңнiң жемiстi болуына шын тiлектеспiн. Құдай тағала бойыңа қуат, қаламыңа қайрат, ақылыңа асыл ой, талабыңа тәжiрибелi сезiм, жiгерiңе жүрегiңдi серiк ете көрсiн.
Маған Отан соғысы деп аталатын орденнiң бiрiншi дәрежесiн берген екен. Осыны хабарласып, бастықтарымыз маған құттықтау телеграммасын жiберiптi. Соны бүгiн алып отырғаным ғой.
Бiздiң майданға Мәскеуден Сақтаған Бәйешұлы командировкаға келген, ол бiр полкте болды. Полк жаудың қарсы шабуылын тойтарып тұрған кезде, Сақтаған сол қолынан жаралы болды. Бұл соғыста ерекше ерлiк жасады. Полк басшылары оны ерекше орденге ұсынып, Мәскеуге қағаз жазды.
18/ҮIII күнi мен арнаулы самолет алдырып, оны госпитальға жөнелттiм.
Басқа жаңалық жоқ. Хат жазып тұр. Асығып жазды деп айып етпе, жағдай солай болып жатыр. Мәлiк. 24/ҮII, 44 ж.
Қара Қапан!
Жазған хатыңды алдым. Көп рахмет. Мен де аман-саумын. Бүгiн Венгрия мен Румыния жағына жол жүрiп бара жатырмын. Әбу мен Ысқақтардың жағына барамын. Амандық болса, ол жақтан алдағы айдың 25-шамасында қайтып келмекпiн.
Менде айта қаларлық жаңалық жоқ, өзiңе мәлiм қолжазбаларымның бiразын Қаныш Сәтпайұлына табыс еттiм, ол кiсi Алматыға алып кеттi. Егер қолың тисе, академияға барып, солармен танысып шығарсың.
Қазақстанның 25 жылына тарту есебiнде бiрдеме жазып жатқан боларсың, оныңды хабар ет. Өзiң жалқауланбай, салақтық жасамай хат жазып тұр.
Мәлiк. 16.03.1945ж
Араб қарпiнен кириллицаға түсiрген А.Байтан. 12.04.2012ж