Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» КММ
KZ RU EN
Аңғал батыр хақында

Қай ұлттың болмасын өзiне тән ұлттық тәрбие мектебi болатыны белгiлi. Сол сияқты қазақ елiнiң де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мол рухани қазынасы бар. Мәлiк батыр музейiнiң қызметкерлерi үшiн ұлттық тәрбиемiздiң ең басты нышаны — батырлық салт. Қазақ халқы ерте замандардан берi батырларға кенде емес. Батырлық — бiздiң халықтың рухани та¬ным-түсiнiгiмен бiте қайнасып, қалып¬тас¬қан ұғым. Әйтеке бидiң сө¬зiмен айтар болсақ, батыр — «өмiрiм өзге¬нiкi, өлi¬мiм ғана өзiмдiкi» дейтiн қоғамшыл, отан¬шыл, мемлекетшiл тұлға. Батыр — ел¬дiң, қоғамның саяси әлеуетiн бiлдiретiн жиынтық образ, қоғамдық рух. Ал ба¬тыр¬лық — елдiң қоғамдық санасы. Бүгiнгi таңда осы қоғамдық сананы келер ұрпаққа терең сiңiрудiң қажеттiлiгi туындап отыр.

Кеңес одағының батыры, академик, Мәлiк Ғабдуллин музейi 2016 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшiн «Батырлар туған бақ мекен» атты инновациялық жобаны қолға алған болатын.

Жобаның мақсаты: Ақмола өңiрi батырларының ерлiгiн зерттеу, деректер жинақтау, халық арасында насихаттау және жас ұрпақтың батырлар жыры мен аңыз-әңгiмелерге деген қызығушылықтарын арттыру. 2018 жылы 3 мамыр күнi музей қызметкерлерiнен құрылған экспедициялық топ Бiржан сал ауданына қарасты Аңғал батыр ауылына барып қайтты. Бiздi Амангелдi орта мектебiнiң ұжымы мен ауыл тұрғындары жəне Бiржан сал аудандық мəдениет үйiнiң əншiлерi ерекше ықыласпен қарсы алды. Аңғал батыр ауылындағы Амангелдi орта мектебiнде болып, музейдiң бас қор сақтаушысы С.Жүзжанова мен ғылыми қызметкер А.Балтабаев «Мəлiк Ғабдуллин тағылымдары» аясында 9 жəне 7 сынып оқушыларына дəрiс-сабақтар өткiздi. Бiздiң бұл ауылға сапарымыз «Ауыл күнiне» сәйкес келгендiктен мектеп қабырғасында ашылған «Рухани жаңғыру» залының ашылу салтанатына қатыстық.

Кезiнде Аңғал батыр төрт мың тұрғыны бар үлкен ауыл болатын. Ауылдың iргетасы 1929 жылы қаланған. Алғашында Жаңауыл ауылы, Жамбыл кеншары деп аталатын. Бұл кеншар бес қазақ ауылынан тараған. Бұл ауылдың Аңғал батыр атануы да тегiннен тегiн емес. Себебi, Кенесары Қасымұлын қолдаған батырлардың бiрi Аңғал батыр бұрыңғы Көкшетау облысы Еңбекшiлдер ауданы қазiргi Бiржан сал ауданына қарасты Жамбыл кеншарының солтүстiгiнде төрт шақырым Қосқарағай деген жерде дүниеге келiп, өзiнiң ата-қонысында жерленген.[1] Аңғал батыр Атығай жұртынан тараған, негiзгi руы Қарамендi. Өкiнiшке қарай Аңғал батырдың қай жылы туып, қай жылы қайтқандығы туралы нақты мәлiмет жоқ. Яғни, Аңғал батыр әлi де болса кәсiби тұрғыда зерттеп-зерделеудi қажет ететiн қазақ батырларының бiрi болып есептеледi. Бiрақ, кейбiр деректерге сүйенсек 1770 жылы туып, 1867 жылдары қайтыс болған.

Бiржан сал ауданына қарасты Құдықағаш ауылының тұрғыны Бекенов Сәдуәқас қарттың айтуына қарағанда батырдың тасы кiрпiштен биiк етiп қоршалған. Кiрпiш құйғанда биелердiң саумал сүтiне құйып, сабанның орнына тай-жабағылардың жал құйрықтары мен қылдарын қосқан екен. Басында ол тас берiк болып қаланғанымен араға бiраз уақытты салып (Бiр жарым ғасыр уақыт) түрлi табиғат құбылыстарының әсерiнен үгiтiлiп құлай бастаған. Осы сапар барысында экспедиция мүшелерi Аңғал батыр ауылдық округiнiң əкiмi Əмина Мəлiкқызының, мектеп директоры Нұрлан Амангелдiұлының жəне Аманбай молланың жол бастауымен Аңғал батыр бейiтi мен Жанбатыр қажының бейiтiне барып зиярат еттi. Бұл сапар барысында шын мәнiсiнде сол тастың құлап, жай ғана төмпешiк болып қалғандығының куәсi болып қайттық. Қазiргi Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес жергiлiктi жер тұрғындарының көмегiмен Ақмола облысы бойынша белгiсiз ескерткiштердi барлау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Соған сәйкес батыр бабамыздың бейiтiн де мазар етiп тұрғызса, нұр үстiне нұр болар едi. Дегенмен ауыл тұрғындары үшiн Қосқарағай жерi қасиетке толы киелi жер саналады екен. Оны бiз өздерiнiң арман-тiлектерiн тiлеп, сол жердегi қайың ағашына ырымдап орамал байлап кетуiнен байқадық.

Аңғал батыр Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезiнде Кенесарыны қолдаған батырлардың бiрi. Негiзiнен халық арасында танымал, ықпалды батырлар үш жүзде де болғандығы тарихтан белгiлi. Ал, Шұбыртпалы Ағыбай, Жанайдар, Иман Дулатов, Аңғал батыр, Жоламан Бұғыбайлар сияқты батырлар Кенесары ханның ең таңдаулы iзбасарлары болған. Бұл батырлар көтерiлiстiң соңына дейiн Кенесарыны қолдаған. Демек Аңғал қан кешкен сан ұрыстарды басынан өткерген ерлiктердiң куәгерi. Ол Қараөткел, Аягөз бекiнiстерiне шабуылдауда қайсарлықпен ерлiк көрсеткен батыр. [2,182 б]

Аңғал батырдың баласы Бабаназар да өз заманының оқыған, сауатты адамы болған. Жамбыл кеншарының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагерi Рахымжан Алпысовтың айтуынша Бабаназардың баласы Жанбатыр бес жасынан бастап оқыған, дiни сауатты мол адам, жетi рет қажылыққа барған, өзi шешен, суырып салма ақын, зерделi, халыққа сыйлы, беделдi адам болыпты. Халықтың айтуы бойынша ұлы атасы Аңғал батырға тартқан деседi. Аңғал батырдың немересi Жанбатыр қажы 1932 жылдары дүниеден өткен. Мүрдесi атасының бейiтi Қосқарағайда емес, Жамбыл кеншарының зиратына жерленген. Басына ескерткiш тас қойылған, бiрақ, қоршалмаған екен. Кейiн жалпы зират жақсылап қоршалған деседi. Аңғал батырдың немересi Жанбатыр қажыдан екi ұл бала туады, Тұңғышы Әнес Отан соғысында қайтыс болып, одан ұрпақ қалмаған, екiншi ұлы Сираж одан екi бала тараған. Сол Сираждың туған балалары Аңғал батыр бабамыздың басына ескерткiш тас орнатамыз, басын көтеремiз деген де тiлектерi бар екен. Ал, «өлi разы болмай, тiрi байымайды» деген қазақ мәтелi де осындайда айтылса керек-тi және аруақты сыйлау ата-бабаларымыздан берi сақталып келе жатқан үрдiс. Ал, мұны батыр ұрпақтарының түсiнiп тұрғандығының өзi көп нәрсенi аңғартады.

Аңғал батыр — есiмi көп айтыла бермейтiн, Ақмола облысы бойынша кәсiби тұрғыда зерттеп-зерделеудi қажет ететiн батырлардың бiрi. Себебi, Аңғал батыр туралы тарихи деректердiң өте аз екендiгiне осы сапар барысында тағы бiр мәрте көз жеткiзгендей болдық. Ал, бүгiнгi таңда қазақ қоғамының саяси-әлеуметтiк құры¬лы¬мында, мәдени-рухани жүйесiнде өзiн¬дiк орны болған батырлардың рөлi мен қыз¬метiн қайта зерделеу, оны жас ұрпақ ара¬сында дәрiптеу кезек күттiрмес мә¬се¬ле. М.Ғабдуллин музейi қолға алған «Батырлар туған бақ мекен» атты жобасы дәл осы мәселенi алдын алуға, осы белгiсiз батырлардың есiмiн анықтауға, жастардың арасында олар туралы түсiнiктерiнiң қалыптасуына, Тәуелсiздiк заманында толыққанды насихатталуына мүмкiндiк бередi. Бұл қазақ халқының құнды¬лықтарын ор-нықтырудың, ұлттық тұлғаның бiрегейленуiн iске асырудың бiрден-бiр жолы деп бiлемiз.

Қолданылған әдебиеттер тiзiмi

1.«Хан кене» «Жалын» баспасы, 1993 жыл

2.Е.Бакмаханов «Қазақстан XVIII — XIX ғасырларда» 182 бет.

Мақаланың шыққан күні: 23.04.2021 15:52

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.04.2021 15:52

Барлық жаңалықтарды оқу

Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Государственные символыСайт города Кокшетау