Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай Ақмола жерінде маңызы бар көптеген іс-шаралар қолға алынған болатын.
Соның ішінде облыс мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген Мәлік Ғабдуллин музейіде бар. Музей ұжымы Батыр тұлғасын насихаттау, оның мол мұрасын халыққа, көпшілік көрерменге оның ішінде әсіресе жасөспірім жастарға, балаларға таныстыру жұмыстарын бірізділендіріп, жақсы жолға қойған. Бүгінде музей қызметкерлерінің осы еңбегі облыс көлемінде ғана шектеліп қалмай, республика бойынша насихатталып жатқандығына көрермен көпшілік куә.
2016 жылы инновациялық жоба негізінде сол кезде музей директоры болған Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабектің басшылығымен Республика бойынша Мәлік Ғабдуллин есімі берілген мектептермен тығыз байланыс орнату мақсатында «Жас ғабдуллиншілдер» клубы құрылып, сәтті жүзеге асырылды.
«Жас ғабдуллиншілдер» клубының негізгі мақсаты: клуб мүшелерін Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері М. Ғабдуллиннің туған жерімен таныстыру, мектептермен байланысты нығайту, мектеп оқушыларының бір-бірімен достық қарым-қатынасын қалыптастыру, Батыр тұлғасын үлгі ете отырып, жастардың жүрегіне отансүйгіштік рухты сіңіру.
Клуб мүшелігіне 5-9 сынып аралығында оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын оқушылар салтанатты түрде ант беріп қабылданады. Клуб мүшелігіне қабылданған оқушыға арнайы куәліктер мен төсбелгілерді елге қадірлі, сыйлы, құрметті азаматтар табыстайды.
Әр өңірлердегі клубқа жаңа мүшелерді қабылдау рәсіміне аудан әкімдіктерінен бастап, аудандық білім бөлімдері мен мектеп директорларына дейін үлкен жауапкершілікпен қарап, іс-шараны өзіндік сән — салтанатымен жоғары дәрежеде өтуіне өз деңгейлерінде ықпал жасап, клубқа жаңа мүшелерді қабылдау рәсімімен шектеліп қана қалмай, Мәлік Ғабдуллинге арналған «Сөнбес жұлдыз», «Батыр есімі мәңгілік» және т.б түрлі тақырыптарда іс-шаралар, ашық тәрбие сағаттарын өткізіп тұрады.
Арнайы іс-сапармен барған Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Мәлік батырдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» жылжымалы көрмемен таныстырып, дәріс — сабақтар өткізіп, сирек қордан алынған, батырдың елге келген сапарынан түсірілген 1943 жылғы деректі фильмді де көпшілік қауымға көрсету арқылы тұлғаны ұлықтап, барынша кеңінен насихаттап отырады.
2016 жылғы ең алғашқы сапарларында барған білім ордалары Мәлік батырдың есімін иеленіп отырған мектеп қана болса, кейінгі іс сапарларда оқушылардың көзіндегі отты, олардың бойына батыр рухының сіңірілгенін сезіп, мектепке кіре бергеннен М.Ғабдуллинге арналған әр-түрлі стендтер мен банерлердегі ақпараттардың көптігіне куә болып, «Жас ғабдуллиншілдер» клубы жұмысының қаншалықты нәтиже бергенін, атқарылған жұмыстың, жүргізілген насихаттың жемісін көріп қуанышқа бөленген жайымыз бар.
2017 жылы 15 қараша батырдың туған күніне орай М.Ғабдуллин есімін иеленген мектептер арасында «Мәлік Ғабдуллин тұлғасының танымдық — тағылымдық ерекшеліктері мен өзектілігі» атты тақырыпта онлайн-конференция ұйымдастырылды. Осылайша өз тәжірибемізде алғаш рет сол мектептермен онлайн — жүйесінде байланысқа шықтық. Конференцияға қатысушылардың баяндамалары жинақ болып басылып және ол әр мектепке естелік ретінде сыйға берілді. Сонымен қатар 2017-2018 жылдары 30 қаңтар Мәлік Ғабдуллиннің батыр атағын алған күніне арналған «Ағалы-іні қос батыр, қияметтік дос батыр», «Қазақтың сөнбес жұлдызы» атты мүшәйралар ұйымдастырылып, жүлдегер оқушылар марапатталып отырды. Бұл іс-шаралар музей қызметкерлерінің жас балаларды жігерлендіру жолында жасаған қадамы болатын. Мұндай іс-шаралар аталмыш мектептермен қарым — қатынасымыздың нығаюына өз септігін тигізді. Жыл сайын мектеп директорларымен ынтымақтастық меморандумы жаңартылып отырды.
Бұл жас ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуде маңызы зор жоба ретінде республика көлемінде зор қолдауға ие болды. Клуб жұмысы туралы республикалық газет — журналдардамақалалар жарияланып жатты. Мұның барлығы музей қызметкерлері үшін үлкен мақтаныш болды.
Қазіргі таңда Республика бойынша Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында, Қарасай ауданы Кішітөбе ауылында, Жамбыл облысының Жуалы, Шу және Қордай аудандарының Ертай, Балуан Шолақ және Керу ауылдарында, Түркістан облысы Мақтарал ауданы Бескетік ауылында, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында, Ақмола облысы Зеренді кентінде Мәлік Ғабдуллин есімін иеленген жалпы білім беретін тоғыз орта мектеп бар. Қазіргі кезде клуб құрамында 300-ге жуық оқушы бар.
Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы Ақмола облысы әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықбаевтың қолдауымен, облыстық мәдениет және білім басқармаларының ықпалымен 10-13 мамыр аралығында «Жас ғабдуллиншілдер» клубының республикалық слетін өткізді.
Слетке республика бойынша Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің есімін иеленген Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылының, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ертай ауылының, Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының, Түркістан облысы Мақтарал ауданы Бескетік ауылының, Ақтөбе қаласы №70 орта мектебі, Көкшетау қаласы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп — гимназиясы, Ақмола облысы Зеренді кенті М.Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін 7 мектептен 35 оқушы, 14 мұғалім барлығы 49 адам қатысты.
11 мамыр күні М. Ғабдуллиннің туған жері Зерендіде «Жас ғабдуллиншілдер» клубының республикалық слеті өз жұмысын бастады. Алдымен келген қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Батыр рухына тағзым етті.
Мәдениет сарайындағы слеттің ашылу салтанатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы республикалық слет қатысушылары мен келген қонақтарды ашылу салтанатымен құттықтап, атаулы іс-шараның Мәлік есімі берілген мектептермен музейдің ынтымақтастық байланысын бұдан ары нығайтуға және «Жас ғабдуллинші» балалардың Батырдың туған жерімен танысуларына үлкен мүмкіндік жасағанын ерекше атап өтіп, слет жұмысына сәттілік тіледі.
Ары қарай слет қатысушылары сән — салтанатымен сахна төріне шақырылып, клуб мүшелігіне қабылданды. «Жас ғабдуллинші» клубы мүшелеріне арнайы куәлік пен төсбелгіні жазушы, аудармашы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Зеренді ауданы мәслихатының хатшысы Ауғалиев Қайрат Досымұлы, ақын, жазушы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек табыстап, балаларға үлкен өмірге сәттілік тіледі.
«Сұңқар» сауықтыру кешенінде демалып, Зерендінің тұмса табиғатын тамашалап, таза ауасымен тыныстаған слет қатысушылары ашылу салтанатында сахна төрінен өздеріне көрсетіліп жатқан құрмет — қошеметкешексіз ризашылықтарын айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Осы күнгі тарихи — танымдық іс-шаралар кезегі түс ауа Көкшетау қаласында жалғасын тапты.Қаламыздағы «Даңқ» саябағында орналасқан М. Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң, облысымыздың ең үлкен білім ошағы М. Ғабдуллин атындағы №3 кәсіби мектеп-гимназиясының тыныс — тіршілігін көріп, мектеп ұжымы дайындаған мастер класқа қатысты. Содан кейін тарихи нысандар, ғасырлық шежіренің куәгері облыстық тарихи-өлкетану және ширек ғасырдың сырын жеткізетін М.Ғабдуллин музейлерінің экспозициялық залдарымен танысты.
Ақмола өңірі, Көкшетау қаласының тарихи нысандарымен танысқан қонақтар қаламыздың төріндегі Бұқпа тауына шығып, Қопа көлі мен шаһар шырайын биіктен көріп тамсанып, салқын самалымен тыныстады.
Кешке қарай келген қонақтар тағы да Зерендінің таза ауасында ортаға от жағып, кешкі алаудың жанында ән мен жырдың көрігін қыздырып, өз өнерлерін ортаға салып тамаша көңіл — күйде уақыт өткізді.
Ертеңгі іс — шара, яғни 12 мамыр күні
Қайранда шіркін, Қойсалған.
Қойсалған жері көк орман,
Тебіренді көк арман.
Найзағай бұлтқа қамшы іліп,
Теңселеді тал — шілік.
Қайранда шіркін, Қойсалған! — деп ақын Еркеш Ибраһим жырлағандай тамаша табиғатымен тамсандырған Мәлік Ғабдуллиннің кіндік қаны тамған, түгін тартсаң майы шығатын Қойсалған, Құлет, Желтауауылдарына саяхатпен жалғасты. Балалар Мәлік Ғабдуллиннің арғы атасы Қанай бидің есімі жазылған тау бөктеріне шығып, би атаның ұрпақтары Желтаудың баурайын айнала қоныстанған алты ауылдың тарихымен танысты. Кең даланың төсінде, көкорай шөптің үстінде балалаық бал дәуреннің алаңсыз күнімен асыр салып, қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, қызықты күн өткізді.
«Сұңқар» сауықтыру лагерінде түскі астарын ішкен соң, Зеренді кенті М.Ғабдуллин атындағы мектеп — гимназиясында клуб жұмысын жүргізу бойынша өзара тәжірибе алмасып, мектеп оқушыларының жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Қонақтардың демалыс уақыттарын тиімді пайдалану үшін би кештерібильярд,волейбол мен футбол ойындары ұйымдастырылды.
13 мамыр күні «Жас ғабдуллиншілдер» клубының республикалық слеті өз мәресіне де келіп жетті. Слеттің жабылу салтанаты басталғанша балалар «Болашақ сарайының» тыныс — тіршілігімен танысса, ал жетекші ұстаздар облыстық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен пресс — конференцияда балалар мен өздерінің осы күндері өтіп жатқан кездесулер мен іс-шаралардан алған әсерлерімен бөлісіп, шынайы разылығын барлық ақмолалықтарға жеткізді. Ел ағасы, жазушы Жабал Ерғалиев ел атынан сөз сөйлеп, осындай іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың бірлігі артып, ынтымағы нығаятынын айтып, келешектерінен үлкен үміт күтетінін жеткізді. Ақмола облыстық өлкетану музейінің басшысы Құдайберлі Мырзабек Республикалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубының жас ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуде маңызы зор жоба ретінде республика көлемінде зор қолдауға ие болғанын атап өтті.
Жүректерде әдемі естелік, көңілде қимастық сезім ұялатқан слеттің жабылу салтанатында жақсы іс-шараның биік деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқан ұстаздарға Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитованың Алғыс хаттары тапсырылды.Марапаттау рәсімінен соң қонақтар «Болашақ сарайы» ұйымдастырған мерекелік концертті тамашалады. Өнерпаз шәкірттердің әсем әні, мың бұралған биі, күмбірлеткен күйі қонақтардың көңілін бір көтеріп тастады.
Музей директоры Серікжан ҚұдайбергенқызыРеспубликалық «Жас ғабдуллиншілдер» клубы слетінің биік дәрежеде өтуіне қолдау білдіріп, үлес қосқан Ақмола облысының әкімі Маржықбаев Ермек Боранбайұлына, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлына , Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызына, Ақмола облысы білім басқармасы басшысы Жүсіпов Бейбіт Әйтімұлына, Дүйсенова Ботагөз Балапайқызына, жазушы, қоғам қайраткері, «Тіршілік» ЖШС директоры Ерғалиев Жабал Ерғалиұлына, ақын, жазушы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, осы жобаның авторы Мырзабек Құдайберлі Рахымбекұлына, «Болашақ» сарайының директоры Балташева Айнагүл Қыдырбайқызына, Зеренді ауданының әкімі Жақсылықов Әсен Дулатұлына, мәслихат хатшысы Ауғалиев Қайрат Досымұлына, ішкі саясат бөлімінің басшысы Клара Ғалымқызына, аудандық мәдениет үйінің ұжымына, «Сұңқар» сауықтыру кешенінің ұжымына, «Круиз» турагенттігіне музей ұжымының атынан ризашылығымыздыбілдіріп, алғысымызды жеткізді.
Өзінің бар жан дүниесімен халқына қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен Мәлік Ғабдуллин «Мен – халық ұлымын, халықтың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өзхалқыңның қызметшісі болу» деген екен. Мәлік атамыздың осы идеясын бойына сіңірген, қазақтың келешегін тұлғалауға, жас ұрпақты тәрбиелеуге күш салып, жастармен қоян-қолтық араласып, олардың бойына адами өнегесіңіріп, имандылық нәрін егіп жүрген музей ұжымы үшін ең қуаныштысы еңбегіңнің еленіп, жүректерге жеткенінен артық ештеңе жоқ. Әр істің түйіні болатыны белгілі. Сол түйінді слетке қатысқан қонақтар көрген қызықтары мен алған әсерлерін әлеуметтік желіде бөлісіп, түйіп берді деп айтуға болады.
Кезек пікірлер мен алғыстарда...
«Қазақстанның түкпір — түкпіріндегі игі жақсылар мен оқушылардың басын біріктірген сұлу Көкшетау іргесіне басымды иіп, тағзым еттім. Мәлік Ғабдуллин өнегесін пір тұтып келешек ұрпаққа өсиет етіп, насихат жүргізген үлкен ұйымдастырушы топқа айтар алғысымыз шексіз. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін дүние... Неткен ерен еңбек! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!»,
«Өзің боп нәзігім де, дөкейім де,
Көкшетау – сен жүресің көкейімде.
Сағынған осы қазір сәттерімде,
Шіркін-ай самалың боп кетейін бе?! – деп Еркеш Ибраһим жырлаған Көкше елі! Керемет, бұл өте көрнекі насихат болды. Балалардың оқығанынан барып көріп қайтқаны мүлдем басқа әңгіме. Ұйымдастырушы ұжымға мың алғыс!» — деп Надира Ниязбакиева жазса, Гүлмира Оспан: «Музей ұжымының кешегі өткізген және ұйымдастырған жұмысы, іс-шаралары өте жоғары деңгейде ашылып, өз жұмысын керемет көрсетіп жатыр, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген «Жас Ғабдуллиншілер» де батыр аталарының ісін, ерлігін әрі қарай зерттеп, насихаттайды деп сенемін! Музей ұжымына толағай табыс тілеймін» деп тілек жолдапты.
Осындай шын жүректен шыққан тілектерді оқып отырып, біз «Жас ғабдуллиншілдер» клубының жұмысы ары қарай да жанданып, одан әрі нығаятынына зор сеніммен қараймыз.
Мәлік батыр тұлғасын үлгі ете отырып, жас ұрпақтың рухын оятуда және жас мәліктанушыларды тәрбиелеуде бұл жобаның берері зор деп білеміз. Мәлік батырдың туған жерінде өткен бұл республикалық іс шара биылғы «Балалар жылының» мазмұнын байыта түскені анық.
Бүгінгі күн ертеңгі тарих. Ал ертеңгі күнге музей ұжымы қонақтар көңілінен шығатынәлі талай әдеби, мәдени танымдық тосын сыйлар тарту етері сөзсіз.Егеменді еліміздің іргесі берік болсын!
Жанат Қажыбай,
М.Ғабдуллин музейінің қор бөлімінің ғылыми қызметкері
11.12.2023
Қараулар: 504